«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БИШІЛЕРІМІЗДЕ МІН ЖОҚ, ӘНШІЛЕРІМІЗГЕ СЫН КӨП

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыс орталығында еліміздің Мәдениет және ақпарат министрлігінің ұйымдастыруымен “Ел іші – өнер кеніші” деген тақырыпта республикалық телевизиялық халық шығармашылығы байқауы өтті. 

Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.

Республикамыздың Шығыс Қазақстан, Қостанай және Алматы облыстарынан басқа өңірлердің барлығында өткізілген байқауда өңіріміздің беткеұстар өнерпаздары өзара бақ сынасты. Музыка және би, актерлік өнер және төлтума жанр, бейнелеу өнері және сәндік-қолданбалы өнер аталымдары бойынша өз жеңімпаздарын анықтайтын байқаудың ақтық кезеңі Астана қаласында 30 қазан күні өткізіледі. ҚР халық әртісі, композитор Алтынбек Қоразбаевтың төрағалығымен өткізілген шығармашылық сайыстың негізгі бөлімі басталмас бұрын Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрының бірінші қабатында өңірлік қолөнершілердің көрмесі өтті.
Концерттік бағдарлама Қызылжар аудандық Мәдениет үйінің “Гүлден” би ансамблінің “Үш би” деп аталатын көрінісімен ашылды. Сайыс бағдарламасына кірмеген дәл осы көрініс қазылар алқасы төрағасының көзіне түсетінін ешкім ойламаған. Қойылымды қойған балетмейстер Диляра Сабырова – белгілі “Арай” халықтық би ансамблінің тәрбиеленушісі әрі осы ансамбльдің көркемдік жетекшісі. Аталмыш қойылымға Астана қаласында өтетін ақтық сайыстың шымылдығын ашу мәртебесі бұйырып отыр. Өңірлік халық шығармашылығының даму деңгейінің бұл да бір көрінісі.
Қазылар алқасы өкілдерінің қолөнер көрмесіне қатысты айтқан сыны көп болды. Сайыстың ақтық кезеңінде облысымыздың қолөнер шеберлеріне бөлінген 8 шаршы метрді құрайтын көрмені тартымды туындылармен толтыру қажет деген Алтынбек Қоразбаев республика бойынша қолөнер көрмесінен төменгі баға алғандар қарағандылықтар мен солтүстікқазақстандықтар, деді. Өкінішті-ақ. Байқау өтпес бұрын Алматы қаласында өткен мәдениет күндеріне арналған жәрмеңкеде туындылардың барлығы дерлік сатылып кетті деп ақталған өңірлік шеберлер 30 қазанға дейін қомақты туындылар жасаймыз деп уағдаласты.
Байқауға Қызылжар, Жамбыл, Есіл, Ғабит Мүсірепов атындағы аудандар ғана қатысты. 4-ақ аудан қатысқан концерттік бағдарлама негізінен Петропавл қалалық өнер ұжымдарының нөмірлерімен толықты. 3 бөлімнен тұрған концерттік бағдарламада алғашқылардың бірі болып бишілеріміз өнер көрсетті. “Қарлығаш” би ансамблі, “Дружные ребята” үлгілі би ансам-блі, “Қуанамын” халық би студиясы, “Арай” халық би ансамблі, “Экспромт” би ансамблі жарқырай көріне білді. Ұйғыр, татар, орыс, өзге де ұлттардың билерін кәсіби деңгейде орындаған оларды “Гүлдер”, “Салтанат”, “Наз” сынды белгілі би ансамбльдерінен кем емес, деді Алтынбек Қоразбаев. Барлық би ұжымдарына ең жоғары баға қойып, облыстық бюджеттің қаражаты көтерсе, барлық бишілерді ақтық сайыста өнер көрсетуге шақырды.
Байқау аяқталғаннан кейін қазылар алқасының төрағасы Алтынбек Қоразбаев сахна төріне шығып, ескертулері мен ұсыныстарын айтты. “Әрқайсысына жеке бағамды қазір айтпаймын. Өйткені, оның құпия сыры бар”, – деп сөзін бастаған төраға, өңірдің әншілеріне көңілі толмағандығын айтты.
– Әншілерден Тимур Айтқожинді, “Туған жер” әнін орындаған Уәлиханов ауданынан келген Әлия Мүсәпірованы, халық әні “Бір баланы” орындаған Мұрат Ыбыраевты ерекше атап өткім келіп отыр. Бұл әншілерге айтар сын да баршылық. Барлығына ортақ бір мәселе – сахналық костюмдеріңізге мұқияттылықпен қараңыздар. Ақтық сынға қатысатын болсаңыздар, айтатын әндеріңіздің ең жақсысын таңдауларыңыз қажет. “Айналайын” вокалдық тобының идеясы тамаша. Жастарыңыз 16-дан аспағандықтан, Сіздердің дауыстарыңыз қазір табиғи өзгеріс үдерісін өткеруде. Жұптарыңыз ажырап кетпесін. Бір-екі жылдан кейін Сіздерден әжептәуір квартет шығады. Ақтық сайысқа “Күй шашу” нөмірін орындаған 4 домбырашыны шақырғым келіп отыр. Олар барлық республикадан келген домбырашылармен бірігіп, попурри орындауға әбден лайық деді.
15-35 жас аралығындағы өнерпаздарға арналған өнер сынында жұлдызы жанған қызылжарлық жас дарындар Астана қаласында өтетін галаконцертке қатысады. Ол додадан сүрінбей өткендерге үлкен сахнаға жол ашылады деп күтілуде.

Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp