«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖҮРЕКТЕРДІ ЖЫЛЫТҚАН ЖИЫРМА ЖЫЛ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

  Жаратушы Иенің қалауымен Жұмыр жерді жайлаған миллиардтаған халық сан тілде сөйлегенімен, тілдік туыстығы болмаса да, қоңсылас қоныстанғандығынан ба, бір-бірімен оңай ұғысатыны, әлдебір мақсаттарда ұжымдасып кететіні бар. Ресей мен Қазақстан осындай топқа жатады. Екі ел арасында дипломатиялық қатынастар орнағаннан бергі кезеңді біз жүректерді жылытқан жиырма жыл деп айта алатынымыз анық.

Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ.

1991 жылы Ресей Федерациясы Қазақстан Республикасының мемлекеттік егемендігін таныған соң, келер жылдың қазан айында Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасында дипломатиялық қатынастар орнады. Міне, сол қазан мен осы қазанның арасында әріптестік пен ынтымақтастықтың жемісін терген жиырма жыл өте шығыпты. Осы жылдар ішінде Ресей басшылығы Елбасымызбен бір жылдың өзінде он шақты рет кездесіп, арада тартылған жібек тінді достықтың арасына селкеу түскен жоқ. Саясаттағы бекем аралас-құраластық екіжақты қарым-қатынастарда өмірдің қай саласында да өрбіп, жүрісінен жаңылмады, қайта оның ауқымы жыл озған сайын қанатын кеңге жая түскен. Күнделікті тіршіліктің өзінде көршің жақсы болса алаңсыз отырасың емес пе? Елдік тарихының шежіресі сөгілмеген іргелі ел – Ресей бізге осындай көрші болуда. Халықаралық аренада қарастырылатын қайсыбір күрделі мәселелерде екі жақтың ұстанымдары үндес шығып, Қазақстан тарапынан айтылған ұсыныстар мен бастамаларға жақын көршіміз әрдайым оң көзқараспен қарады, қолдап отырды.
Екіжақты ынтымақтастықтың маңызды қырының бірі сауда-экономикалық байланыстар десек, осы 20 жыл ішінде Ресей Қазақстанның ең ірі сауда әріптесі бо-лып келгені тағы рас. Екіжақты сауда айналымының үлесі Қазақстан Республикасының бүкіл сыртқы сауда көлемінің 10 пайыздан астамын құрайды.
2010 жылы 10 желтоқсанда Мәскеу қаласындағы ҰҚШҰ және ТМД саммиті барысында екі елдің мемлекет басшылары қол қойған Бірлескен мәлімдемемен 2011-2012 жылдарға арналған Бірлескен іс-қимыл жоспары бекітілді. Олар бойынша атқарылып жатқан істер қадау-қадау.

Еліміздің экономикалық тұрақтылығына басты әсер етуші фактор – мұнай саласында да Ресей тарапынан жасaлып жүрген істер аз емес. Біз Ресейдің магистральды құбыр желісін пайдалану арқылы қазақстандық көмірсутегін шетке тасымалдауды жүзеге асырамыз. Бұл мәселедегі өзара ықпалдасу нәтижесінде Қазақстанның мұнай-газ саласы жаңару үстінде. Тіпті, осы салаға қажетті ма­мандардың өзін Ресей ЖОО-лары оқытып, бізге қажетті білікті мамандарды даярлап беріп жүргенін айтсақ та артық емес.
2010 жылы 7 қыркүйекте Өскемен қаласында Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Ресей Федерациясы Үкіметі арасында “Имашевское” трансшекаралық газ конденсаты кен орнын геологиялық зерттеу және барлауды бірлесе жүргізу жөнінде келісімге қол қойылды. Каспий теңізінің ресейлік секторында орналасқан Хвалынское және Центральная кен орындарының өнімін бөлу бойынша келісімге қол қоюды ұйымдастыру бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Бұл жобалардың жүзеге асуы тараптардың ЖЭК саласындағы өзара іс-әрекеттерін нығайтуға, ай­мақтың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға, сонымен қатар, шетел нарықтарына көмір-сутегі экспорты көлемін арттыруға үлкен мүмкіндік береді.
Қазақстан газын өндірудің және оны іске асырудың артуына байланысты газды Ресейде өңдеу бойынша өзара іс-қимыл және оны экспортқа шығару үшін Ресей көлік инфрақұрылымын пайдалану белсенділігі арттырылды. Одан басқа, екіжақты қатынастардың маңызды құрамдасының бірі өзбек және түркімен табиғи газын Ресейге, одан әрі Украина мен Еуропаға тасымалдау мәселелері бойынша да тараптар үндестігін қаперде ұстаған жөн. Қалай дегенде де, көрші елмен аралас­тықтың берері мол. Оның ішінде Ресеймен жапсарлас жатқан облыстардағы өңіраралық байланыстар да жылдан-жылға өріс ала түсуде. Екі мемлекет басшы­сының қатысуымен жыл сайын өткізілетін шекаралық облыстардың форумы да әріптестіктің тынысын кеңейтті. Жуырда Павлодар қаласында болған форум аясында тек сол өңірлер ғана емес, барша қазақстандықтар үшін маңызы бар көп­теген жобалар қолға алынатыны жайында келісімдер мен меморандумдарға қол қойылды.
Атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану бойынша қолға алынған шаруа­лардың да маңызы өзгелерден ешқандай олқы емес. Қазақстан-Ресей тарапының бірлескен үш кәсіпорны уран өндірісін арттыру мақсатында және азаматтық ядролық энергетиканы игеру үшін бірлескен компания құруда нәтижелі жұмыстар атқаруда. Осы бағыттарды жеделдету бойынша 2010 жылдың ортасында атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласында ынтымақтастықты тереңдету бойынша бірлескен жұмыс тобы құрылды, сонымен қатар, осы салада Екіжақты ынтымақтастықтың кешенді бағдарламасын өзекті ету жөнінде де шешім қабылданды.
Ғарыш саласындағы ынтымақтастық та қарқынды дамуда. “Байқоңыр” кешенін бірігіп пайдалануға қажетті нормативтік-құқықтық базаны жетілдіре түсуде шаралар қабылдануы көңіл көншітеді. Байқоңыр ғарыш айлағын алғаш жалға ал­ған жылдары мүмкін болмаған, әсіресе, сол жердегі тұрғылықты халық үшін әлеуметтік маңызы бар мәселелер оң шешімін тапты. Мәселен, Байқоңыр қаласының, Төретам, Ақай ауылдарының тұрғындарына медициналық қызмет көрсету жөніндегі келісімдерге, сонымен қатар, Байқоңыр қаласының мәртебесі жөніндегі келісімге өзгерістер енгізу бойынша (банк жүйесіне байланысты) хаттамаға қол қойылды.
2008 жылғы мамыр айында Спутниктік навигацияның ғаламдық жүйесінің (ГЛОНАСС) жобасы бойынша өзара бірлескен жұмыс туралы және де ғарыштық кеңістікті бейбіт мақсатта зерттеу саласында үкіметаралық келісімдерге қол қойылды. Әрине, бұл жобалардың еліміздегі заманауи ғылым жетістігін қажетсінетін өндіріс түрлерінің дамуына, екі елдің ғылыми-техникалық және интеллектуалдық күш-қуатын арттыра түсуге жағдай туғызатыны анық.
Автожол және коммуникация жолдары құрылысы саласында Қазақстан және Ресей арасындағы ынтымақтастық дамуда. Екі ел аумағы арқылы Батыс Еуропаны Батыс Қытаймен жалғайтын жобаның жүзеге асуының қаншалықты маңызы барлығы елдің бәріне аян. Себебі, жол – тіршілік көзі. 2010 жылы 7 қыркүйекте Кеден одағының транзиттік әлеуетін тиімді іске асыру мақсатында Қазақстан мен Ресей темір жолдарының өзара ынтымақтастығы жайында меморандумға қол қойылды.
Өкінішке қарай, еліміздің ең арзан да тиімді су көлігін пайдаланудағы мүмкіндігі теңіз, мұхит суларынан алшақ жатуынан шектеулі екені белгілі. Осы олқылықты толтыруда да көршіміздің су бассейндерін, теңіздерге шығатын жолдарын пайдаланудың біз үшін маңызы ерекше. Ақтау – Астрахань, Ақтау – Махачкала паромдық желісін пайдалану, оған қоса, еліміздің Каспий және Азов – Қара теңіз бассейндерін жалғайтын су көлігі құрылысына қатысу мүмкіндігі қарастырылуы жоғарыда айтылған жетпей жатқан тұсымызды толықтыратын мықты жол болмақ.
Әскери және әскери-техникалық саладағы ынтымақтастықты өрістетуге бағытталған 60-тан астам құжатқа қол қойылыпты. Құрылған нормативті-құқықтық база екі ел арасында жедел әскери дайындықтың бірлескен іс-шараларын ғана өткізумен шектелмей, Қазақстанның әскери қызметкерлерін Ресей әскери-оқу орындарында оқытуға, қару және қарулы техникаларды алу, жөндеу, жаңартуды жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Осының нәтижесінде 1996 жылдан бастап қазіргі кезге дейін Ресей Федерациясының әскери академияларында, университет­терінде, әскери училищелері мен институттарында, академиялық және офицерлік курстарында, офицерлік адъюнктарда (докторантураларда), Бауман атындағы ММТУ-де Қазақстан Республикасының 3600 әскери қызметкері оқуларын тамам­дап, Қарулы Күштеріміздің қатары білікті мамандармен толыққан. Ал қазіргі уақытта Ресей Федерациясының 42 әскери оқу орнында және оқу орта­лықтарында 1000 қазақстандық әскери қызметкер толық оқу бағдарламасы мен қысқа мерзімді курстарда дайындықтан өтуде. Және бір айта кетерлігі, қазақстандық әскери қызметкерлерді оқытуда жеңілдіктер қарастырылған.
Су қорларын тиімді пайдалану және екі мемлекеттің трансшекаралық су нысандарын қорғау мәселелері бойынша өзара әріптестіктің де берері мол. Орал өзенінің экожүйесін сақтау, Ресей Федерациясы аумағынан Қазақстан Республикасы аумағына су ресурстарын жеткізу, сонымен қатар, Ертіс өзенін тиімді бірлесе пайдалану мен қорғау мәселелері екі ел үшін де өзекті. Осы бағыттағы қызметті жетілдіру мақсатында 2010 жылы қыркүйекте Ресей Федера­циясының Үкіметі мен Қазақстан Республикасының Үкіметі арасындағы трансшекаралық су нысандарын қорғау және бірлесе пайдалану жөнінде келісімге қол қойылды.
Мәдени-гуманитарлық саладағы байланыс одан әрі дамуда. 2010 жылы желтоқсанда Тверь облысының Ржев қаласында 100 және 101 атқыштар бригадасы әскерлеріне арналған ескерткіш ашылды және “Жеңіс пойызын” ұйымдастыру жүзеге асты. Сонымен қатар, Бауыржан Момышұлы атындағы №229 және Әлия Молдағұлова атындағы №891 орта мектептерін жаңа оқу-тех­никалық жабдықтармен қамтамасыз ету аяқталды. Мәскеу метрополитенінің Люблинско-Дмитровский желісінің бір бекетін “Қазақстандық” деп атау келісіліп, Қазақ мемлекеттігінің қалыптасуында тарихи маңызға ие ескерткіштерді мәңгі есте қалдыру мақсатында Орынбордағы бірінші қазақ үкіметі – Алашорданың 1917-1920 жылдардағы отырыстары, Бірінші және Екінші жалпықазақтық съездер өткен, 1913-1918 жылдары “Қазақ” газетінің редакциясы орналасқан және оның бас редакторы Ахмет Байтұрсынов тұрған үйлерге мемориалды тақтайшалар қойылды.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев-тың Ресей Федерациясына осы сапары Достық, ынтымақтастық және өзара көмек туралы шартқа қол қойылғанының 20 жылдығына (1992 жылдың 25 мамыры) орайластырылып және екі елдің арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастар орнауының мерейтойлық 20 жылдығы қарсаңында өтуде. Сондықтан да мерейтойлық кездесудің екі жаққа да беретіні мол болмақ. Осы жолы тараптар энергетика саласындағы байланыстарды кеңейтуге ерекше назар аударумен қатар, Солтүстік Каспий көмірсутегін игеру бойынша жобаларды іске асыру жайын талқылады. Жоғары деңгейдегі кездесудің жемісін қазақстандықтар болашақта өз тұрмыстарынан-ақ сезінетін болады.
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ресейге жұмыс сапары аясында Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путинмен кездесті
Кездесудің ресми рәсімінен кейін Кремльдің Үлкен сарайында ынтымақтастықтың негізгі бағыттары бойынша мемлекет басшыларының екіжақты келіссөздері өтті.
– Ең алдымен, Ресей Президенті Владимир Путинді туған күнімен тағы да құттықтаймын және дәстүрлі ресейлік қонақжайлығы мен жылы қабылдауы үшін алғысымды айтамын. Павлодардағы біздің кездесуіміз кезінде мен Қазақстан-Ресей қарым-қатынастары барлық посткеңестік кеңістікте ынтымақтастықтың эталоны болып табылатынын атап өткен едім, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы сондай-ақ биылғы жыл Қазақстан мен Ресей үшін екі маңызды оқиғамен ерекшеленетінін атап өтті.
– Биыл біздің елдеріміз арасындағы Достық, ынтымақтастық және өзара көмек туралы шартқа қол қойылғанына 20 жыл толды. Сонымен қатар, біз дипломатиялық қатынастардың орнағанына 20 жыл толуын атап өтудеміз. Қазіргі уақытта, бүгінгі заманның талабын ескере отырып, Шарт тиісті бейімдеуді және жаңартуды қажет етеді. Өзара іс-қимылдың барлық саласы бойынша ынтымақтастық нығайып келеді. Біз, әсіресе, өз тарапымыздан құрылған Біртұтас экономикалық кеңістік аясындағы экономикалық ықпалдастықтың барлық мәселесіне одан әрі мұқият және салмақты қарауымыз қажет, – деп атап көрсетті Нұрсұлтан Назарбаев.
Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин екі елдің сауда-экономикалық байланыстарының құрылымы әртүрлілігімен ерекшеленетінін және 20 миллиардтан астам АҚШ долларын құрайтынын айтып өтті.
– Ресейге жұмыс сапарымен келу туралы менің ұсынысымды қабыл алғаныңыз мен үшін өте қуанышты жайт. Біздің екіжақты саяси, сауда-экономикалық байланыстарды дамыту жөнінде пікір алмасуды жалғастыруға және біздің елдері­міздің арасында ғана емес, жалпы алғанда, барлық посткеңестік кеңістікте ықпалдастықты тереңдетуге байланысты мәселені талқылауға мүмкіндігіміз бар, – деді В.Путин.
Кездесудің соңында Қазақстан Президенті Ресей Федерациясының Президентіне Қазақстан-Ресей қарым-қатынастарына қатысты мәселеге назар аударғаны үшін ризашылығын білдірді.
Кездесудің қорытындысы бойынша ХХІ ғасырда тату көршілестік және одақтастық туралы жаңа шартты әзірлеу және қабылдау қажеттілігі туралы уағдаластықты бекіткен Бірлескен мәлімдеме қабылданды. Онда Қазақстан мен Ресейдің мәңгі достық қағидатын берік ұстанатыны, ал оның ұлттық қауіпсіздік, саяси тұрақтылық және ұлтаралық келісім мен өркендеудің кепілі екендігі атап көрсетілген. Қос мемлекеттің екіжақты қатынастардағы сенім мен бір-бірінің тәуелсіздігін құрметтейтіні, аумақтарының тұтастығын, шекарасының бұзылмауын сақтайтыны, күш көрсетуге еш жол бермейтіні, барлық туындаған мәселені келіссөздер ар­қылы шешудің маңыздылығы атап өтіліп, бір-бірінің ішкі ісіне қол сұқпайтынына, өзара тиімді әрі тең дәрежедегі әріптестікті кеңейте түсетініне мән берілген.
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ресей Федерация­сының Президенті Владимир Путинмен бірге Қазақстан мен Ресей арасындағы Достық, ынтымақтастық және өзара көмек туралы шарттың 20 жылдығына арнал­ған концертті тамашалады.
Үлкен театрдың жаңа сахнасында Ресей мен Қазақстанның атақты және белгілі ұжымдары мен әртістері өнер көрсетті. Ресейдің ұлттық оркестрі, К.Байсейітова атындағы ұлттық опера және балет театрының балет труппасы, Пятницкий атындағы мемлекеттік орыс халық хоры, “Серпер” домбырашылар ансамблі мен Мәскеу мемлекеттік камералық хоры көрермендерге белгілі орыс және қазақ өнер шеберлерінің біртума шығармаларын ұсынды. Салтанатты концерт бағдарламасын Қазақстан мен Ресейдің танымал әртістері орындады.
(“Егемен Қазақстан”,
2012 жылғы 10 қазан).

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp