Ресей ауыл шаруашылығы ғылым академиясы Сібір өңірлік бөлімшесінің делегациясы жұмыс сапарымен Солтүстік Қазақстанда болып, облыс әкімдігімен ғылыми-зерттеу саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды.
Нұрсайын ШӘРІП,
“Солтүстік Қазақстан”.
Бескөл ауылындағы Солтүстік Қазақстан мал және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтында өткен кездесуді ашқан өңір басшысы Серік Біләлов облысымыздың Ресей ауыл шаруашылығы ғылым академиясымен мал шаруашылығы, ветеринария және жем-шөп өндірісі саласында жемісті еңбек етіп келе жатқандығын, бірлескен жұмыстың нақты нәтижелері көрініп отырғандығын атап айтты.
Ресей ауыл шаруашылығы ғылым академиясының Сібір өңірлік бөлімшесінің төрағасы Александр Донченко:
– Өзім Қызылжар өңірінің тумасымын. Кезінде Пресновка мектебінде оқып, Покровка ауыл шаруашылығы техникумын (қазіргі Кеңес Одағының Батыры Ж.Қизатов атындағы ауыл шаруашылығы колледжі) аяқтағанмын. Осы өңірдің ғалымдарымен ауыл шаруашылығы саласында қоян-қолтық жұмыс іс-теуді өзімнің азаматтық парызым санаймын, – деп Ресей ауыл шаруашылығы ғылым академиясы мен өзі басқарып отырған Сібір өңірлік бөлімшесінің әлеуеті жайлы қысқаша айтып берді.
Ғалымның айтуына қарағанда, академияның құрамында 32 институт, оның 9-ы – ғылыми-зерттеу институты, 29 өндірістік тәжірибе шаруашылығы бар.
Қызылжар өңірінің және Ресейдің көрші облыстарының ғалымдары жаңа технологияларды меңгеруде, жоғары санатты кадрлар әзірлеуде, астықтың жаңа сұрыптарын сынақтан өткізуде бірлесе жұмыс істеп келеді. Облыс аумағында егілетін тұқымның 30 пайызы Ресейдің шекаралас облыстарында өндірілген, сынақтан өткен және аудандастырылған сұрыптар. Солтүстікқазақстандық агроқұрылымдар Сібір өңірлік бө-лімшесінде шығарылған кептіру қондырғыларын кеңінен пайда-ланады. Алдағы уақытта шетелдерден әкелінген асылтұқымды малды жерсіндіру, жемазықпен қамтамасыз ету мәселелерінде ақылдаса жүріп атқаратын жұмыстар аз емес.
Сібір өңірлік бөлімшесі төрағасының бірінші орынбасары Владимир Каличкин, экономика институтының директоры Петр Першукевич шекаралас облыстардың ғалымдары арасындағы тығыз байланысты тілге тиек етіп, ауыл шаруашылығын дамытуға арналған бағдарламалардың қалай жұмыс істейтіндігіне мониторинг жүргізу қажеттігін, оның олқы тұстарды білуге көмектесетіндігін атап айтты.
Кеңес Одағының Батыры Ж.Қизатов атындағы ауыл шаруашылығы институтының ректоры Иван Кендюх Покровка ауылындағы оқу базасында Сібір өңірлік бөлімшесінің өкілдігі ашылғанын, Түмен ауыл шаруашылығы академиясының филиалында 150 студент агрономия, ветеринария және ауыл шаруашылығын механикаландыру мамандықтары бойынша оқып жатқанын баяндады.
Солтүстік Қазақстан мал және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының директоры Қанат Мыңжасов ресейлік ғалымдармен әріптестік байланыс 30 жылдан бері үзілмей, жыл өткен сайын дами түсіп отырғандығын сөз етті.
Кездесу барысында облыс әкімдігі мен Ресей ауыл шаруашылығы ғылым академиясының Сібір өңірлік бөлімшесі арасында ғылыми-зерттеу саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды.
Өңір басшысы Серік Біләлов аталмыш құжат екіжақты ынтымақтастықтың алдағы уақытта белсенді дамуына мүмкіндік беретіндігіне сенім білдірді.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.