10-11 қазан күндері Алматы қаласында Қазақстан Республикасы Дін істері агенттігінің ұйымдастыруымен “Конфессияаралық үнқатысуды нығайтудағы Қазақстан тәжірибесін насихаттаудағы БАҚ рөлі” тақырыбында семинар өтті.
Арайлым СМАҒҰЛОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Еліміздің әр өңірінен 40-тан астам журналист қатысқан аталмыш шарада Дін істері агенттігінің өкілдері, дінтанушы ғалымдар, атақты журналистер мен кинопродюсерлер, теріс діни ағымдардың жұмысынан зардап шеккендерге көмектесетін орталықтардың директорлары көрген-білгендерін баяндады. Қазіргі таңда қоғамның секта, вахаббизм, жиһад сияқты ұғымдарға көзқарастары бір-жақты. Осы орайда дінтанушы ғалымдар бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне аталмыш терминдерге біржақты теріс көзқарасты қалыптастырмау үшін абайлап қолдануды тапсырды. Мысалы, жиһад сөзі араб тілінде белгілі бір нәтижеге, мақсатқа жету үшін, яки бір істі істеу үшін бар қажыр-қайрат пен ынта-жігерді жұмсау, тырысу, күресу деген мағынаны білдіреді. Жиһадты қару алып соғысу деп біржақты түсінуге болмайды. Құранда “жиһад” сөзі 35 жерде аталғанымен, төрт жерде ғана тікелей “соғыс” мағынасында келген. Құранда “соғыс” ұғымы “харб”, “мухарабә”, “мағрака”, “қитал” терминдерімен берілгендігін айтқан ғалымдар жиһад “адамға Алла тағаланы тану үшін жол ашу” дегенді де білдіреді, деді. Жаратушыны тануға сауатсыздық, кедейшілік пен еркін ойға, санаға жасалған шектеу кедергі келтірсе, солармен күресу үшін атқарылатын барлық іс-шара жиһад болып есептелетіндігін айтты. Осылай қоғамға діни ахуалды сауатты жеткізуде әр сөздің мағынасына жеке-жеке тоқталған дәріс оқушылар бейнефильмдер арқылы теріс бағыттағы ағымдардың жұмысын да көрсетті. Әсіресе, олардың құрығына жас буын түгілі, еліміздің зиялы қауым өкілдерінің де түскен-дігін ашық айтты. Осындай танымды семинар барысында дәріс оқушылар “төртінші билік” өкілдеріне баспасөзде де, электрондық ақпарат құралдарында да діни мәндегі танымдық ақпараттарды тым аз жазып, айтып жүргендерін жеткізді. Журналистердің аталмыш тақырыпқа тек діни мейрамдардың қарсаңында ғана қалам тербейтіндігін айтқан ұйымдастырушыларға “төртінші биліктің” өкілдері де өз реніштерін айтты. Бізді діни ахуал жайында құзырлы органдардан мардымды мәліметтерді ала алмауымыз, діни сипаттағы әдебиеттердің кез келген жерде сатылуы, шетелде діни білім алып жүрген жастардың тағдыры, жуырда агенттіктің мешіттердің аттарын ауыстыру туралы ұсынысының ақпарат айдынында жылт еткенімен, бүгінде жабулы қазан қалпында қалғандығының себебі толғандырған болатын. Осы орайда Дін істері агенттігі төрағасының орынбасары Ғалым Шойкин діни әдебиеттердің еркін сатылымда болуына байланысты өз ойын білдірді. Алдағы уақытта өңірлердегі жергілікті билік өз шешімдерін қабылдап, діни сипаттағы әде-биеттерді тек арнайы орындарда сатуды ұйымдастыратын болады, одан тысқары жердегі сауда заң бұзушылық болып есептелінеді. Ал өңірлердегі құзырлы органдардан қажетті мәліметтер алу машақатына орай агенттік өкілдері семинардан кейін барлық ақпаратқа қолжетімділік арта түседі деген уәде берді. Қазіргі таңда шетелдегі діни оқу орындарына арнайы жіберілген жастар бақылауда болғанымен, өз бетімен барып, білім алып жатқандарды тыю мүмкін болмай отырған көрінеді. Осындай жауап қатқан Ғалым Шойкин агенттік тарапынан мешіттердің атауын ауыстыру туралы ұсыныс айтылғанымен, бұл мәселе әр мешіттің өз қарауына жататындығын жеткізді.
Семинар барысында мектептерде дінтану пәніне тек 32 сағат бөлінгендігі, аталмыш пәнді бастауш сыныптан бастап оқыту қажет, БАҚ құралдарына арналған осындай жиында блогердің де басын қосу керек деген ой да айтылды. Дін істері агенттігі және Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығы шығарған діни терминдер мен ұғымдардың анықтама құралының тұсаукесері болды. Екі тілде жарық көрген анықтамада діни терминдер жинақталған.
Петропавл – Алматы – Петропавл.