Сенбі күні облыс орталығында өңірдегі орақ науқанының аяқталуына орай ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтті. Оған барлық аудандар ет-сүт, көкөніс өнімдері мен балдың, жемшөптің бірнеше түрін әкеліп, қала тұрғындарының қажетті тауарларды қолжетімді бағамен сатып алуларына жағдай жасады.
Нұрсайын ШӘРІП,
“Солтүстік Қазақстан”.
Бұл күнгі ауа райы жәрмеңке үшін өте қолайлы, жаймашуақ болды.
М.Жұмабаев көшесінің К.Сүтішевтен Абай көшесіне дейінгі аралығында барлық аудандар мен облыс орталығының ұқсату кәсіпорындары жартылай киіз үй тігіп, жаймалар жасап, өз өнімдерін саудаға салды.
– Солтүстікқазақстандық агроқұрылымдар биылғы қуаңшылыққа қарамастан, жақсы астық өсіріп, оны ысырапсыз жинап алды. Жиналған астық гектар басы 12,9 центнерден айналып, 5 млн. тоннадай болды. Бұл айта қаларлықтай жетістік. Сіздерді сол жеңісімізбен құттықтаймын! – деді “Берекелі Қызылжар” жәрмеңкесінің ресми ашылу салтанатында сөз сөйлеген өңір басшысы Серік Біләлов. Облыс әкімінің айтуына қарағанда, мал шаруашылығы саласында да жақсы нәтижеге қол жеткізілді. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған “Ірі қара етінің экспорттық әлеуетін дамыту” бағдарламасын жүзеге асыру аясында 19,5 мыңнан аса асылтұқымды мал сатып алынды. Өңірде бағаны тұрақтандыру бойынша жүйелі жұмыс жүргізіліп келеді. Соның арқасында ауыл шаруашылығы өнімдеріне маусымдық өсім тежеліп тұр. Серік Біләлов өткен аптада Қызылжар өңірі Алматы қаласында өткен ауыл шаруашылығы жәрмеңкесіне қатысқандығын, оңтүстік астананың тұрғындары мен қонақтары өніміміздің сапасын жоғары бағалағандығын, онда жалпы сомасы 51 млн. теңгенің өнімі сатылғандығын атап айтты.
Облыс әкімі аталмыш шараға белсене қатысқаны үшін Айыртау, Ақжар, Ғабит Мүсірепов атындағы аудандар мен Петропавл қаласы әкімдіктерін Алғыс хаттармен марапаттады.
Жыл басынан бері Петропавл қаласында аудандардың қатысуымен 144 ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтіп, барлығы 266 млн. теңгенің өнімі сатылды. Серік Біләлов осынау шараларды ұйымдастыруға және өткізуге белсене қатысқандары үшін аудан әкімдіктеріне алғыс айтып, спорт мүліктерін алуға арналған сертификаттар табыс етті.
Облыстық филармонияның әншілері мен бишілері, ансамбльдері жәрмеңке қонақтарына өз өнерлерімен шашу шашты.
Жәрмеңкеде ауыл шаруашылығы өнімдері түрлерінің өте көп болғандығын атап айтқан жөн. Мысалы, шалғайдағы Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімінің бастығы Ибрагим Ақтаевтың айтуына қарағанда, мүсіреповтіктер 2 млн. 134 мың теңгенің тауарын әкеліпті. “Жапарова Ғалия” жеке кәсіпорнынан шыққан нан өнімдері ерекше пішіндерімен дара көрінді.
Бескөлдік Василий Дудкин:
– Бал арасын ұстаушылар үшін биыл өте берекелі жыл болды. Бір омартаның өзі 50 килодан өнім берді. Сондықтан бүгінгі жәрмеңке Қызылжар өңірінде омарташылардың көбейе түскендігін көрсетіп отыр. Өзім балдың 5 түрін әкелдім, – дейді.
Қала іргесіндегі Мамлют ауданы 2 млн. 836 мың теңгеге 37 түрлі ауыл шаруашылығы тауарын әкеліпті.
Бұл күні 195 тонна шөп пен сабан, 250 тонна жемазық, 3,5 тонна балық, 126,9 тонна көкөніс пен картоп, 6,4 тонна сиыр, қой және шошқа еті, 3,4 тонна құс еті саудаға түсті.
– Бүгінгі сауда-саттыққа барлық аудандар белсене қатысты. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің бағасы нарықтағыдан – 10-15, кейбірі 20 пайыз төмен болды. Бұл игілікті іске облыс орталығының ұқсату кәсіпорындары да өз өнімдерімен үлес қосты. “Берекелі Қызылжар” жәрмеңкесіне барлығы 28 млн. 335 мың теңгенің тауары әкелінді, – деді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының орынбасары Алтынбек Абдуллаев.
Суретті түсірген Амангелді БЕКМҰРАТОВ.