«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АНА АҚЫЛЫН АЛҒАН АРУ – елдегі ең үздік ұстаздардың бірі

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қарапайым, көпбалалы отбасында туып-өскен Күлзия Бабышева бала күнінде заңгер болуды армандаған. Бірақ отбасы жағдайына қарап, анасының нұсқауымен сол кездегі Петропавл педагогикалық институтын орыс тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі мамандығы бойынша тамамдаған. Бір қызығы, ол оқуға түскенде де, кейін маман ретінде диплом алып шыққанда да мұғалім болып істемейтініне 100 пайыз сенімді болған. Алайда, 1979 жылы жоғары оқу орнын бітірген бойжеткен тұрмысқа шығып, еңбек жолын өзі оқыған Бескөл орта мектеп-гимназиясында аға пионервожатый және орыс тілінен 12 сағат сабақ беруден бастаған. Содан бергі 30 жылдан астам уақытын мектеппен тығыз байланыстырған.

Күлзия Шоқайқызы жай ғана қатардағы мұғалім емес, өзінің әріптесі Зураш Қожыкеевамен бірлесіп “Қазақ және орыс тілдері бойынша 5 және 7-сыныптарға арналған интеграциялық курс” авторлық бағдарламасын жасаған, осы бағдарламаға өзінің оқушысы – ұлы Павел Бабышевпен бірлесіп, электрондық оқулық әзірлеген, бұған қоса жеке өзі тағы екі әдістемелік құрал шығарған, өзі де, оқушылары да талай олимпиадалар мен білім сайыстарында жеңімпаз атанған жоғары санатты ұстаз. Ол аудан көлемінде “Ауылдың үздік мұғалімі”, ұлттық бірыңғай тестілеу қорытындысы бойынша “Орыс тілі пәнінің үздік мұғалімі” атақтарын иеленген. Республикалық “Үздік педагог – 2012” конкурсының облыстық кезеңінде 2-орын алып, еліміз бойынша іріктелген “Үздік педагогтер” қатарынан көрінген ол таяуда Алматы қаласына барып, “Үздік педагог” кубогын алып, медалін тағып келді. Мұнымен қатар қомақты ақшалай сыйақы чегін алды.

Қызылжар ауданына қарасты Бескөл орта мектеп-гимназиясының мұғалімі Күлзия Бабышеваны жеңісімен біз де құттықтап, жеткен жетістігінің сырымен бөлістік.

– Республикалық “Үздік педагог – 2012” конкурсына іріктеу қалай жүрді, дайындалуға қанша уақыт кетті?
– Оқу жылының соңы болатын. Директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары келіп, республикалық “Үздік педагог – 2012” конкурсы өтетінін айтты да, қажет құжаттар тізімін көрсетті. Оған қатысу үшін әдістемелік құралдар, авторлық бағдарлама, өзімнің және оқушыларымның көрсеткіштері мен түрлі сайыстарда алған мақтау қағаздары, тағы сол сияқтылар қажет екен. Оның барлығы менде бар болып шықты. Аудан бойынша 24 мұғалім конкурсқа қатысуға ниет білдіріпті. Сырттай іріктеу өтіп, менің еңбегім облыстық кезеңге жолданды. Онда портфольелерімізді, стендтік материалымызды қорғап, ашық сабақ өткіздік, “дөңгелек үстел” басында әділ қазылар алқасы мүшелерінің сұрақтарына жауап бердік. Оның барлығы уақытпен есептелді. Уақыт асса, ұпай төмендейді. Мұның барлығы бейнебақылауға жазылып жатты. Осылайша бірінші орын алған тайыншалық тарих пәнінің мұғалімі Виталий Червинскийден бір ұпайым кем түскен мен екінші орынға ие болдым.
– Білім беру жүйесін жаңғырту мәселесі ұстаздар қауымының алдына зор мақсат пен міндет қойып отыр. Осы міндеттер биігінен көріну үшін педагогтердің рөлі қандай болмақ?
– Иә, бүгінде баяғы бор мен тақтаның уақыты қалды. Олай жұмыс істейтін ұстаз оқушыға жөнді білім бере алмайды. Қазіргі балалар осызаманғы технологияларды терең меңгерген, олардың кейбірі ұстаздан артық біледі десем, артық айтқандық емес. Сондықтан ұстаз оқушыларын өзінің сабағына еліктіре білуі және балалар оның пәніне қызыға қатысатындай етіп өткізуі қажет. Инновациялық технологияларды жетік меңгеріп, әр сабағына жаңашылдық енгізіп отырса, сабақ тартымды болады. Сонымен қатар баланың өз бетімен жұмыс істеу қабілетін аша білу де өнер. Оқушыларды тақырыпты өздері ашып беретіндей жағдайға жеткізу қажет. Алдағы уақытта шәкірттерімізді өз беттерімен өмір сүруге үйретіп шығаруымыз керек. Бүгінгі оқушы – ертеңгі студент. Оларды жоғары оқу орындарында ешкім жетектеп жүрмейді. Сондықтан бізге өте зор жауапкершілік жүктелген. Өйткені, біз Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев ел болашағы деп зор сенім артқан өскелең ұрпақты тәрбиелеп отырмыз. Ал біздің тәрбиелеп шығарған балаларымыздың қандай мамандық иелері болатыны ұстаздарға, біздің берген білімімізге байланысты.
– Оқыту үдерісінде оқушыларды адамгершілікке баулуға қалай көңіл бөлесіз?
– Мен орыс тілі мұғалімі ғана емес, сонымен бірге сынып жетекшісімін. Оқушылардың тәрбиесі бірінші кезекке қойылады. Тәрбие жұмысы сабақ барысында да, тәрбие сағаттарында да, одан тыс уақытта да толассыз жүргізіледі. Каникул сайын олармен өзіміздің облыс орталығының көрікті жерлеріне саяхат жасаймыз. Балаларды туған өлкеміздің тарихи-мәдени-рухани құндылықтарымен таныстыруды мақсат етемін, еліміздің әлеу-меттік-экономикалық жетістіктерін оқушыларға мақтанышпен айтып, отансүйгіштікке тәрбиелеймін. Данышпан Абай Құнанбаев айтқандай, неғұрлым көп тіл білсек, соғұрлым сол халыққа жақындай түсеміз, сол халықтың салтын, тілін, мәдениетін білетін боламыз. Осы пайымдауды балаларға мысал ретінде жиі қайталаймын және сол арқылы көп тілді білуге баулимын. Адамгершілігі, мейірімі, кешірімі, түсіністігі мол азаматтар тәрбиелеп ұшырдым деп айта да, мақтана да аламын. Осының өзі мектеп қабырғасында берілген дұрыс тәрбиенің жемісі деп білемін.
– Білім беру саласында жүргізіліп жатқан қайта құрудың қарқыны нақты білім сапасына нұқсан келтіріп жатқан жоқ па? Ұстаздарды былай қойғанда, оқушылар оған ілесе алып жүр ме?
– Меніңше, білім беру саласының бағыты дұрыс. Жаңа дүние қашанда болсын қиындық туғызады, бірақ қазіргі балалар нені болса да өте тез қабылдайды. Ал мұғалімдерге өздерінің мүмкіншіліктерін көрсетуге барлық жағдай жасалып жатыр. Тек соларды тиімді пайдалана білу керек. Мен өзім өткен ғасырдың 80-ші жылдарынан бері ұстаз болып қызмет ете жүріп, оқушылар мен мұғалімдердің қалай өзгергенін көзіммен көріп келемін. Ол кезде қазіргідей конкурс, санат деген атымен жоқ, барлығымыздікі бір жалақы болатын. Қазір конкурсқа қатысып, өзіңнің білім деңгейіңді көрсет те, біліктілік санатыңа қарай жалақыңды ал!
– Үздік ұстаздар қатарынан көрініп отырған өзіңіздің алдағы мақсатыңыз қандай?
– Елімнің “Үздік педагогі” атағын иеленіп отырғаннан кейін бұрынғы межеден жоғарыламасам, төмендеуге хақым жоқ. Мен осы атағыма лайық болуым керек. Ол үшін заман ағымынан қалып қоймауға, өзімнің білімім мен біліктілігімді үнемі жетілдіріп тұруға, жинақтаған тәжірибемді одан әрі шыңдауға тиіспін. Тәжірибемде көбінесе ресейлік басылымдарға жүгінемін. Олардың әдістемелерін оқып, зерттей отырып, бізде қолдануға болатын, балаларды қызықтыратын, яғни өзіме қажетті тұстарын аламын да, оны өзіме лайықтап өңдеймін. Сол сияқты көптеген жиған-тергені көп педагогтердің тәжірибелерін де пайдаланамын.
– Қайта мамандық таңдау мүмкіндігі туса, заңгерлікке барар ма едіңіз?
– Жоқ. Мені бір кездері аудандық білім бөліміне қызметке шақырған. Онда баруға келіскеніммен, бір апта істеместен, мұғалімдікке қайтып келдім. Мен өз орнымды таптым, мамандығым – мақтанышым.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан
Ләйла ЖАНЫСОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.
Қызылжар ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp