«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕЛБАСЫНЫҢ БАҒДАРЛАМАЛЫҚ МАҚАЛАСЫ ғылыми-тәжірибелік конференцияға арқау болды

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Нұрсайын ШӘРІП,
“Солтүстік Қазақстан”.

Облыстық әкімдіктің мәжіліс залында өңір басшысы Серік Біләловтің төрағалығымен “Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам. Іс-қимыл стратегиясы” тақырыбында ғылыми-тәжірибелік конференция болып өтті. Оған Ресей жаратылыстану ғылым академиясының вице-президенті, ТМД-ның ықпалдасу мәселелерін стратегиялық зерттеу институтының директоры, Ресей мемлекеттік қызмет академиясының профессоры, экономика ғылымының докторы Анатолий Спицын, ҚР Парламенті Сенатының депутаты, Қазақ ұлттық жаратылыстану ғылым академиясының академигі, экономика ғылымының докторы Анатолий Башмаков, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, тарих ғылымының докторы Абай Тасболатов, “Парасат” Ұлттық ғылыми-техникалық холдингі” АҚ басқармасының төрағасы, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, техника ғылымының докторы Нұралы Бектұрғанов қатысты.
– Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев “Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам” атты бағдарламалық мақаласында Қазақстан дамуының мүлдем жаңа тұжырымдамасын ұсынды. Онда еңбек әлеуметтік жаңғырудың, бәсекелестіктің және қазақстандықтардың әл-ауқатын жақсартудың шешуші ұлттық факторы ретінде алдыңғы қатарға шығарылды.
Қазір еліміздің қуатты экономикасы, саяси тұрақтылығы және оң халықаралық беделі бар. Тұтыну идеологиясы бүлдіруші болғанына бүкіл әлем көз жеткізді. Ол әлемнің дамыған елдерінде жаппай әлеуметтік масылдықты туғызды және ауқымды дағдарыстың басты себебінің біріне айналды. Елбасы алдымызға әлеуметтік-экономикалық жаңғырту міндетін қойып отыр. Ел Президентінің бағдарламалық Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы идеясына орай облысымызда оны жүзеге асырудың алғышарттары жасалуда. Ол Үкіметіміздің, жергілікті атқарушы органдардың және қоғамның ұйымдаса жұмыс істеуін қажет етеді. Біз бәрінен бұрын жергілікті жерлерде – ауылдар мен кенттерде ауқымды жұмыстар атқаруымыз қажет. Оған біздің толық мүмкіндігіміз бар, – деді конференцияны ашқан облыс әкімі Серік Біләлов.
Анатолий Спицын Нұрсұлтан Назарбаев тек өз халқының ғана емес, әлемнің жарқын тұлғаларының бірі екендігін Ресей саясаткерлері ғана айтып отырмағандығына дәлелдер келтіре сөйлеп, Қазақстан Президентінің, шын мәнінде бүкіл жер шары мойындаған ұлт көшбасшысына айналғандығын атап айтты. “Барлық ел Қазақстан сияқты саясат жүргізуі керек. Астананың жер шарының күрделі мәселелерін шешетін аренаға айналып отырғандығы соған дәлел бола алады”, – деді Солтүстік Қазақстан облысының Құрметті азаматы Анатолий Спицын. 
Нұралы Бектұрғанов Елбасының бағдарламалық мақаласында айтылған идеяларды жүзеге асыру үшін өзі басқаратын ұжымда жасалып жатқан инновациялық жобаларға тоқталды.
Анатолий Башмаков елдегі тұрақтылықты сақтаудағы Елбасының рөлі туралы, ал Абай Тасболатов өскелең ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеу мәселесін сөз етті.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp