«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕЛ ҚАЗЫНАСЫН ҚЫЗҒЫШТАЙ ҚОРЫДЫҚ Өйткені, “қазаннан қақпақ түсіп, иттен ұят кеткен” кезде еңбек еттік

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Сансызбай РАЙЫМБЕКОВ,
мемлекеттік қаржылық бақылау қызметінің ардагері.

Еліміз Тәуелсіздігінің алғашқы күндерінен бастап көптеген келелі міндеттермен бірге ел бюджетін, яғни мемлекет қазынасын толтыруға да баса мән берілді. Экономикалық дағдарыстың барлық тарапқа бірдей әсері болғаны белгілі. Агроөнеркәсіп кешені, өнеркәсіп кәсіпорындары, бюджеттік мекемелер өнімдер мен қызметтер жеткізушілер алдында қандай қарызға батқан болса, мемлекеттік бюджет пен қорлардың төлемдері және өзінің еңбек ұжымдарындағы еңбекақы төлемі бойынша да берешектің астында қалды.
Нарықтық қатынастарға көшудің, шаруашылық жүргізуші субъектілерге шаруашылық-қаржылық мәселелерді шешуде дербестік пен кең өкілеттілік берілуінің күрделі жағдайларында мемлекеттік реттеулердің ғана емес, олардың іс-қимылына бақылаудың да рөлі жылдам артты. Қазақстан дербес тәуелсіз мемлекет ретінде өзінің ұлттық валютасын енгізген кезде экономика және қаржы саласында мемлекеттік бақылауды күшейтудің маңызы зор еді.
Жасыратыны жоқ, көптеген кредит иеленушілерінде бірталай уақытқа Отан игілігі мен қоғам жауапкершілігі сезімдері селт етуден қалып, өзгелер түгіл өздерін де тексеру мен бақылаудың қажеттігін ұмытты. Осы кезде бірталай құрылымдарда ведомстволық бақылау қызметтері жойылды. Сөйтіп, “Тексеріс жүргізілмейді екен, онда талан-таражға және қылмысқа кең жол ашылды дей бер” дейтіндей жағдайға жеттік. Қазақта: “Қазаннан қақпақ түссе, иттен ұят кетеді” деген мақал бар. Шынында да, қазан қақпағынан айрылса, сұғанақ итті ұстап тұру қиын.
Қаржылық бақылау жүйесін қатайту және оның тиімділігін қамтамасыз ету, мемлекеттік мүлікті және бюджеттік қаржыларды пайдалану мақсаттарында тәуелсіз қаржылық бақылау жүйесін құру қажеттігі туындады. Қазақстан Республикасы Министрлер кабинетінің 1992 жылғы 15 қазандағы №864 Қаулысымен Қазақ-стан Республикасы Министрлер кабинетінің жанынан Мемлекеттік қаржылық бақылау комитеті, кейін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қаржылық бақылау комитеті құрылды. Соған сәйкес облыстарда оған тікелей бағынатын қаржылық бақылау басқармалары ашылды.
Кейінірек қаржылық бақылау жүйесі Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігіне берілді, ол дұрыс шешім болды деп білеміз, өйткені қаржылық бақылау өз бастауын алатын – бақылау-тексеріс басқармасы кезінде оның құрамында болған.
Мемлекет қаржысының тиімді және мақсатты пайдаланылуына бақылау жасау бойынша алдына қойылған негізгі міндеттерін орындай отыра, қаржылық ба-қылау қызметі көптеген қайта құруларды бастан кешті. Қазір облыстарда және Астана мен Алматы қалаларында қаржылық бақылау инспекциялары бар. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің қаржылық бақылау комитеті жұмыс істейді.
Бір кездері шағын мемлекеттік қаржылық бақылау аппараты өзінің адал еңбегімен жас мемлекетіміздің қаржылық және экономикалық қуатының бекіп, нығаюына шама-шарқынша ықпал ете білді. Барлық қаржылық тәртіп бұзушылықтар фактілері бойынша және оларды одан әрі бақылау нысандарында және бағдарламалар әкімгерлерінде болдырмау үшін тәртіп бұзуға жол бергендерге міндетті нұсқамалар жіберілетін және олардың орындалуы бақылауға алынатын. Қажет болған жағдайда түгендеулер мен тексерістер материалдары қылмыстық іс қозғау жөнінде шара қолдану үшін құқық қорғау органдарына жолданатын, ондағы басты мақсат – зардаптың орнын толтыру, бюджет шығынын қалпына келтіру болды.
Ұзақ жыл қаржы жүйесі мекемелерінде жұмыс істей отыра және қызмет бабымен көптеген кәсіпорындарда, ұйымдарда және мекемелерде бола жүріп, ең жұмысқа қабілетті және өзіне тапсырылған істі жоғары жауапкершілікпен атқаратындар – қаржыгерлер деген қорытындыға келдім. Әсіресе, Солтүстік Қазақстан облысы бойынша мем-лекеттік қаржылық бақылау ұжымын ерекше атап өткім келеді. Күрделі түгендеулерді және тексерістерді жүргізген кезде ұжымдық түсіністік сезімі, өзара көмек үнемі сезіліп тұратын. Қызметкерлері көбінесе іссапарларда болатындықтан, ұжымның түгелдей бас қосуы, бір-бірімен жақын достарша, әріптестерше қоян-қолтық араласуы сирек. Десе де, атаулы күндерде, мерекелерде бірге өткізген қызықты шаралар жадымда мәңгі сақталады.
Тоқсандық және жылдық қорытындыларды шығарған кезде экономикалық көрсеткіштері бойынша біздің облыстық басқарма комитет бойынша үнемі алдыңғы орындарды алып жүрді. Басқармада және бөлімшелерімізде А.Сейфуллин, А.Сыздық, М.Қабдіров, У.Оспанова, М. Трущенко, Л. Головина, К.Әубәкірова, Е. Әубәкіров, Б.Мұсылманбеков, М. Аяғанова, М.Сапарова, Т. Майшмаз, А. Дроздецкий және тағы басқа көптеген қаржы саласының білікті мамандары қызмет етті. Бірталай жас мамандар бүгінде жоғары санаттағы мамандар қатарында қаржылық бақылау жүйесіндегі жұмыстарын жемісті жалғастыруда, араларында биік мемлекеттік қызметке көтерілгендері де бар, ал қайсыбіреулері зейнеткерлік демалысқа шықты.
Бүгінде облыс бойынша қаржылық бақылау инспекциясын бақылау-түгендеу жұмысының беделді мамандарының бірі Дүйсенбек Қапарұлы Әубәкіров басқарады. Мен онымен біздің облысқа келгенге дейін таныспын. Оның қаржылық бақылау комитетінде қызмет етіп жүрген кезінде Павлодар облысында жүргізілген кешенді түгендеу тексерісінде іссапарда бірге болдық.
Өзіме өте қымбат облыстық қаржылық бақылау ұжымына әрдайым зор табыс тілеймін. Осы мерекелік қуанышты мезетте бұл күнге жете алмай кеткен қаржылық қызметтің майталмандары болып танылған М. Қойшыбековтің, В. Коростылевтің, М. Овечкинаның, А.Егоровтың, Ж.Сүйіндіковтің және тағы басқаларының есімдерін құрметпен еске алу лайық. Жеке өз басым кезінде осындай тамаша қаржыгерлермен қызметтес қылған тағдырыма ризамын. Біз өзіміздің бар күшіміз бен білімімізді қаржы тәртібін нығайтуға, мемлекеттің мүддесін, бюджетін қорғауға жұмсадық.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp