Теңдік СӘРСЕКЕЕВА,
“Асыл ана” қоғамдық
бірлестігінің төрайымы.
“Асыл ана” қоғамдық бірлестігі 1997 жылдан бері асырауында балалары бар мүгедек әйелдердің ұйытқысына айналды. Ұйымымыз алғашқы күннен бастап аналар мен балаларға қиын жағдайда қол ұшын беріп, патриоттық, мәдени және рухани тәрбие шараларын өткізу арқылы олардың моральдық-психологиялық рухын көтеру мақсатын ұстанды. Нәтижесі оң тиімділікке қол жеткізді: аналар мен балалар ұйымымыздың түрлі шараларына қатысу арқылы өздерінің қоғамға қажеттілігін сезінді.
Мүгедек жанға төрт қабырғада жалғыз қалу қорқынышты. Ал асырауында сәбиі бар әйел үшін бұл ең қасіретті жайт. Біздің бірлестікке мүше болған аналар мұндай қайғыны мүлде ұмытқан. Олар балаларымен бірге рухани күш жинап, мемлекетке қажет екендіктерін сезініп, өмірге үлкен сеніммен қарай бастады. “Асыл ананың” көмегімен денсаулыққа, балалар тәрбиесіне, білім алуға, жұмысқа тұруға қатысты маңызды мәселелерді шешу мүмкіндігіне ие болды. Әрине, бұл оңай шаруа емес. Балаларға білім беру үшін бір емес, бірнеше рет тиісті мекемелерге барып, көмек сұраудың өзі үлкен машақат. Алайда, сәбилеріміздің болашағын жарқын ету жолында барлық қиындықтарды еңсеріп, алға қойған мақсатқа жетуге міндетті екендігіміз күш-жігерімізді қайрай түседі.
Біз балаларымызды Қазақстанның абыройлы азаматы етіп тәрбиелеуге көп көңіл бөлеміз. Ұйымның 15 жылдық тарихында бірнеше ұл-қызды үлкен өмірге аттандырдық, әрі оларға жақсы тәрбие бердік деген ойдамыз. Мәселен, Ксения Хамзина М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-ді тамамдап, мамандық иесі болып отыр. Ал Иван Игнатов темір жол колледжінде “Электрлендіру” мамандығын үздік бітірді. Бұл баланың әжесі, тыл еңбеккері Мария Ивановна – “Асыл ананың” белсенді мүшесі. Ол Иванға жақсы тәрбие берумен қатар, оқуда да озат болуына септесті.
Бірлестігіміздің Құрмет кітабына Мария Ивановнамен қатар тыл еңбеккері Ольга Горбаньнның, жазушы Ғалым Малдыбаевтың зайыбы Зурәш Малдыбаеваның есімдері енгізілген. Зурәш апа балаларымызбен жиі кездесіп тұратын. Түрлі тақырыпта әңгіме қозғап, салт-дәстүр туралы көп айтатын. Біз кейінгі буынның осындай асыл жандардан үлгі алып, өнегелі ұрпақ болып өсуін қалаймыз.