«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖЫЛУ ҚУАТЫН ЕСЕПТЕГІШ ҚҰРАЛДАР ОРНАТУ – қуат үнемі жөніндегі мемлекеттік саясаттың бір бөлігі

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

2012 жылғы 1 шілдеден бастап “Қуат үнемі және қуат тиімділігін арттыру туралы” Қазақстан Республикасының 2012 жылғы 13 қаңтардағы №541-ІV Заңындағы 8-бабының 4-тармағы күшіне енді, соған сәйкес тұтынушылар жылу қуатын есептегіш құралдардың болуына немесе болмауына байланысты жылу қуатына сараланған тариф бойынша ақы төлейтін болады. Енді жеке тұлғалар үйлерінде жалпыүйлік жылу есептегіш құралдары болмаған жағдайда 20 пайызға артық төлем төлейді. Сөйтіп, жаңа норма оларды орнату үшін экономикалық ынталандыру жасауға мүмкіндік береді. Міне, осы туралы табиғи монополияларды реттеу жөніндегі департаменттің директоры Марат Мұстафинмен әңгімелескен едік.

– Марат Кәрімұлы, жылу қуатын есептеу не үшін қажет және оның не екенін түсіндірсеңіз? Тұтынушыда есептегіш құралдың болуы міндеттілігі қарастырылған ба? Көппәтерлі үйлердің жылу қуатын есептегіш құралдармен жарақтандырылуының пайдалы тұстарын атасаңыз?
– Қуат үнемдеу аспектілерінің бірі коммуналдық қызметтердің есептегіш құралдарын орнату болып табылады. “Табиғи монополиялар және реттелетін нарық туралы” Қазақстан Республикасының Заңының 11-бабындағы 4-тармақшасына сәйкес табиғи монополия субъектісінің қызметтерін (тауарларын, жұмыстарын) тұтынушыда реттелетін коммуналдық қызметтердің (тауарлардың, жұмыстардың) есептегіш құралдары болуы міндетті.
Сонымен бірге заңға сәйкес табиғи монополия субъектісі тұтынушылармен жасалған шартқа сәйкес тұтынушыларға реттелетін коммуналдық қызметтердің есептегіш құралдарын сатып алып, орнатып беруге міндетті. Заңда тұтынушылармен жасалған шарттарға сәйкес сатып алынуы мен орнатылуы уақтылы және толық көлемде төленген есептегіш құралдардың болуы міндеттілігі де қарастырылған.
Жылу қуаты қымбат және есептеу үшін ең күрделі қуат түрінің бірі болып табылады. Сондықтан да жылу қуатын есептегіш құралдар өте күрделі саналады, соған сәйкес құны да жоғары. Жылу қуатына есептегіш құралдарын орнату жылуға және ыстық суға төлемді айтарлықтай төмендетуге мүмкіндік береді. Біріншіден, құралдар орнату не береді – ол сіздің нақтылы тұтынған жылыуңыздың дәл көрсетілген сандары. Кейде жылуға және ыстық суға шығынды айтарлықтай кеміту үшін осының өзі де жеткілікті. Төлемдерді азайтудың екінші маңызды факторы меншікті жылу жүйесін қарапайым тәртіпке келтіру болып табылады. Көбінесе жылу тұтынушы өзінің жылу желісіндегі ақауды біле бермейді. Құралдар көрсеткіші жылумен қамтамасыз ету желісіндегі көзге түспейтін ақауды көрсетіп, оларды қалпына келтіруге көмектеседі. Үшіншіден, бұл дегеніміз – үнем жасау және әртүрлі қуат үнемі шараларын жүргізу мүмкіндігі.
Жылу қуатын есептеу міндеті – қонысжайды жылытуға жұмсалатын жылу мен ыстық суды есепке алу. Қарапайым ыстық су есептегіштерінің көмегімен ғана неге жылу есебін жүргізуге болмайды? Егер жылу жеткізуші сіздің жылу желіңізге сәл ғана жылы су беретін болса, онда ол қанша аққанымен де, одан сіздің пәтеріңіздің жылынбасы анық. Жылу желісі арқылы неғұрлым көп ыстық су ағар болса, соғұрлым ондағы су салқындап, тұтынушылар барынша мол жылу ала алады.
Сөйтіп, жылу қуатын есептегіш құрал ыстық судың шығысы сияқты, температурасын да (кейде тіпті қысымын да) үздіксіз өлшей білуі тиіс және сосын осы деректер негізінде сіз тұтынған жылуға есеп жүргізеді.
Есептегіш құралдар орнату жылу қуатын тиімді пайдалану жолымен тұрғындардың қолайлы тұрмыс жағдайын қамтамасыз ету мақсатында қажет. Үнем жасау үшін тұтынып отырғанымызды есептей білуіміз керек. Бұл есептегіш құрал қойылса ғана мүмкін. Көппәтерлі үйді пайдаланылатын жылу қуатын есептегіш құралдарымен жабдықтау мыналарға мүмкіндік береді:
– өзіңіз алған жылу қуаты көлеміне ғана төлем жасауға;
– төмен сапалы коммуналдық ресурс үшін төлемнен бас тартуға (коммуналдық ресурстың тұрғын үй-коммуналдық қызметтер көрсету кезіндегі коммуналдық ресурстардың нормативтік өлшемдеріне сәйкес келмеуі);
– коммуналдық ресурстардан тиімді үнем жасауға.
– Көппәтерлі үйлерде жылу қуатының жалпыүйлік есептегіш құралдарын орнату үшін не қажет?
– Жалпыүйлік құралдар орнату жөніндегі мәселені шешу үшін көппәтерлі үй иелерінің жалпы жиналысының шешімі қажет. Жылу қуатын есептеу торабы көппәтерлі үйдің жалпы мүлкіне жатады, сондықтан онымен жабдықтауды, мамандандырылған ұйымды таңдауды, қаржыландыру тәртібі туралы шешімдерді меншік иелерінің өздері жалпы жиналыста қабылдауы керек. Құрал-жабдықтардың құны, монтаждау және басқа ілеспе шығындар төлемі түгелдей тұрғындарға жүктеледі. Барлық үдеріске қатысушылардың материалдық дайындығын есепке алған дұрыс. Бұл кезеңдегі маңызды қадам бастамашыл топтың құрылуы болып саналады, тұрғындар арасындағы түсінік жұмысын негізінен солар жүргізеді. Меншік иелерінің үштен екісінің келісімін алу қажет, өйткені ең соңында шешім аталмыш үйдің барлық тұрғындарының жалпы жиналысында қабылданады.
– Жылу қуатының жалпыүйлік есептегіш құралдарын орнату үшін пәтер иелерінің қайда өтініш берулері керек? Жылу есептегішін қалай дұрыс таңдауға болады? Орнату және іске қосу тәртібі қандай?
– Егер меншік иелерінің жалпы жиналысында жылу қуатының жалпыүйлік есептегіш құралын орнату туралы шешім қабылданған болса, келесі қадам Сіздің үйге жылу беретін қуат жеткізуші ұйымға өтініш беру болып табылады. Онда Сізге жылу қуатын есептегіш тораптың жобасын жасаған кезде пайдаланылатын техникалық шарттар құжатын береді. Осы техникалық шарттарда жылумен қамтамасыз ету желісінің техникалық өлшемдері көрсетіледі.
Одан кейін меншік иелеріне мынадай қызметтер көрсетумен айналысатын мамандандырылған ұйымды таңдау қажет:
– есептегіш тораптың жобасын орындау және келістіру;
– есептегіш тораптың дәнекерлеу жұмыстарын жүргізу және соңғы тексерістен өткізу қарастырылған құрал-жабдықтарды орнықтыру;
– торапты коммерциялық есептеуге тапсыру үшін техникалық құжаттарын әзірлеу;
– торап құрамаларына кейінгі кепілдік және сервистік қызмет көрсету;
– одан әрі кезеңдік тексерістер жүргізу үшін жұмыс ұйымдастыру.
Сонымен бірге ұйымның жылумен жабдықтау желісін жобалауға және монтаждық жұмыстар жүргізуге тиісті лицензиясы болуы керек. Бұл ретте оның оң іскерлік беделі мен айқындалған жұмыс тәжірибесі болуы керек.
Одан әрі сервистік қуат компаниясы жобалаушылары есептегіш торап жобасын қуат жеткізуші ұйыммен келістіру жұмысын жүргізеді. Егер ұйым мамандары жобадан кемшілік таппаса, онда құжатта бұрыштама мөрі соғылады. Сосын жобада келісілген құрал-жабдықтарды сатып алуға және оның құрамаларынан нысанда монтаж жүргізуге болады.
Есептегіш торабын (жалпыүйлік құрал) орнату жөніндегі монтаждық жұмыстар температура -100С-дан төмен болмаған жағдайда 1 күнде жүргізіледі. Одан кейін есептегіш құрал орнатылған соң жылумен жабдықтаушы ұйымнан есеп жөніндегі инженерді шақыру қажет. Инженер есептегіш торапты тексеріп қарайды және пломба қояды, оны іске қосу актісін толтырады және меншік иелері өкілімен бірге оған қол қояды. Осыдан бастап жылумен жабдықтау қызметін есептеу есептегіш құралының көрсеткіштері бойынша жүргізіледі. “Петропавл жылу желілері” ЖШС-нің, тұрғын үй иелерінің және сервистік қуат компаниясы өкілдерінің үйлескен жұмысы жағдайында осының бәрін атқарып шығуға орташа алғанда бір ай кетеді.
Тұрғын үйлерде жылу қуатының есептегіш құралдарын орнату жөнінде тұрғындарға қызмет көрсететін кәсіпорындар:
“Петропавл жылу желілері” ЖШС-і, тел.: 52-26-77, 52-21-87;
“Петропавл Строй Ритм” АҚ-ы, тел.: 31-80-66;
“Эталон” ЖШС-і, тел.: 49-30-85, 49-37-55;
“Энергострой” ЖШС-і, тел.: 49-35-32, 39-76-83;
“Систем Сервис” ЖШС-і, тел.: 51-08-80;
“Енборисов Н. Б.” ЖК, тел.: 49-00-04.
– Жылу есептегіштің құны орташа 500 000 теңгені құрайды. Пәтер иелерінің барлығы бірдей жылу есептегішін сатып алуға 8-9 мың теңгеден қоса алмайтыны жасырын сыр емес. Бір мезгілде төлем жасауға оның басқадай баламасы бар ма? Сондай-ақ есептегіш қымбат тұратындықтан, оның кепілді қызметпен қамтылуы жайында нақтырақ білгіміз келеді.
– Бұрын да айтқанымдай, үй тұрғында-ры ПИК арқылы есептегіш құралды сатып алуға және орнатуға міндетті жылу жеткізушімен шарт жасасуы тиіс, ал тұрғындар бұл қызметтерді белгіленген уақыт кезеңі ішінде төлеуге міндетті.
Шарт жасасқан кезде 12 айға дейін кейінде есеп айырысу төлемі қарастырылған. Бұл ретте жылу тарифіне аталмыш шығындар енгізілмейді. Түбіртекте есептегіш құралды сатып алу және орнату төлемі көрсетілген жеке жол қарастырылған. Сонымен бірге тұтынушылар сол сияқты есептегіш құралдарды өздері алып, орната алады. Онда басқару пультін қоярдан бұрын жылу торабын тәртіпке келтіру және коммуникацияларды жөндеу қажет болатынын білген жөн.
Жеке пәтер үшін төлем көлемі оның тұрғын үйде алатын жалпы алаңына сәйкес есептелінеді, ол оның жалпыүйлік есептегіш құралды алу мен орнату құнындағы үлесі болып табылады. Мысалы, 54 пәтерлік тұрғын үйдің жалпы алаңы – 2684,40 шаршы метр, диаметрі 40 мм. жалпыүйлік жылу есептегіш құралды алу мен орнату құны 504522 теңгені құрайды. Яғни, 1 шаршы метрге төлем көлемі 187,95 теңгеге түседі. Пәтер алаңы 50 шаршы метр болған жағдайда есептегіш құралын алу мен орнату шығындары сомасы 9397,5 теңге болады. Қызмет тұтынушылары үшін аталмыш шығындар төлемі бойынша 12 айға дейін кейінде есеп айырысу мүмкіндігі бар. Бұл жағдайда 1 шаршы метрдің төлемі 15,663 теңгені құрайды.
Жалпы алаңы кең тұрғын үйлерде 1 шаршы метр төлемі ептеп төмен. Айталық, жалпы алаңы 5353,30 шаршы метр тұрғын үйде, диаметрі 80 мм. жалпыүйлік жылу есептегіш құралын алу мен орнату құны 833 043 теңгені құраған болса, оның 1 шаршы метр төлемі 155,61 теңге тұрады. Төлемді кейінде төлеу есебімен ол 12,967 теңгені құрайды.
Сол сияқты біздің департаменттің шектеулі жол берілетін шығындар үлесіне жылу қуатының есептегіш құралдарын сатып алу мен орнату төлемдерін де енгізуге қатысты Петропавл қалалық мәслихатқа оның 2004 жылғы 14 шілдедегі №6 шешімімен бекітілген отбасыларына (азаматтарға) тұрғын үйлерін ұстауға және коммуналдық қызметтер төлеміне тұрғын үй көмегін беру ережесінің 3-тармағына толықтыру енгізу туралы өтініш жасағанын да атап өткенім жөн.
2012 жылғы 24 шілдеде Петропавл қалалық мәслихаттың денсаулық сақтау және тұрғындарды әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі тұрақты депутаттық комиссиясы біздің өтінішімізді қарап, жылу қуатын есептегіш құралдарды алуға аз қамтылған тұрғындарға бірреттік атаулы тұрғын үй көмегін беруге қаулы шығарды. Бұл орайда шектеулі жол берілетін шығындар үлесі Петропавл қаласының тұрғындары үшін жиынтық кірістің 10 пайызы көлемінде белгіленді.
Құралдар мен қызметтер жеткізушілерімен жасалған шартқа сәйкес жылу есептегіш құралдарды сатып алу мен орнату жөніндегі жұмыстарды жүргізуге тендер жеңімпаздарына құралды пайдалануға және оның жұмысына іске қосылған күнінен бастап 12 ай кепілдік мерзім беріледі.
Жылу қуатының есептегіш құралы оның құны мен орнату шығындарын тұрғындар толық төлегеннен кейін тұрғын үй иелерінің жалпы үлесіне айналады, сондықтан ол ПИК балансына беріледі. Жылу есептегіші техникалық және пайдалану қызметін жасайтын ПИК балансына берілгеннен кейін оған техникалық қызмет көрсетуді олардың өздері жүргізуі тиіс.
– Марат Кәрімұлы, Петропавл қаласында жылу қуатының жалпыүйлік есептегіш құралдарын орнату бойынша экономикалық тиімділік бар ма?
– “Қуат үнемі және қуат тиімділігі туралы” Қазақстан Республикасының Заңының күшіне енуіне байланысты тұтынушылар тұтынған жылу қуатының есептегіш құралдарының барлығына немесе жоқтығына байланысты сараланған төлем жүргізуі тиіс. Басқаша айтқанда, жылу қуатын есептегіш құралдар қойылмаған тұрғын үйлерде тұратын тұтынушылар мұндай құралдар бар үйлерге қарағанда төлемді ұлғайтылған тариф бойынша жүргізетін болады. Сол сияқты есептегіш құралдары жоқ заңды тұлғалар үшін тариф 50 пайызға жоғарылайды. Тарифтендірудің мұндай жүйесі бүгінде мемлекет тұтынушының назарын есептегіштер орнату жағына, яғни жылу қуатын үнемдеу жағына аударатын өзіндік тетік болып табылады.
Жылу мен ыстық су төлемінің жалпы коммуналдық қызметтер үлесінде көлемі мол екені анық. Сондықтан да әрбір тұтынушының жылу, су және электр қуатын нақтылы тұтынудың қаншалықты қолға тиген шоттарға сәйкес келетінін анықтауға ынталы болатыны белгілі. Бұл мәселеде ашықтықты қамтамасыз етуге есептегіш құралдар орнату көмектеседі. Жылу қуатын тиімділікпен пайдаланған жағдайда мұндай құралдың орнатылуы жылу беру маусымында тұтынушылардың 20-30 пайыз қаржысын үнемдейтіні қазірдің өзінде дәлелденген. Одан басқа абоненттер қолында нысандағы жылумен қамтамасыз ету жағдайы, берілген жылу жеткізгіштің температурасы, оның жылыту жүйесіндегі шығыны туралы нақтылы және толық деректер болады.
Тәжірибе көрсетіп отырғанындай, есептегіш құралдар көрсеткіштері бойынша (нақтылы тұтыныс) реттелетін қызмет үшін төлем жүргізу алдымен тұтынушыға тиімді. 2011-2012 жылдардың жылу беру маусымында жылу қуатын есептегіш құралдардың көрсеткіштері бойынша іс жүзінде тұтынылған жылу қуатына жүргізілген мониторинг көрсеткеніндей, есептегіш құралдар қойылған және қуат үнемі бойынша жұмыс жүргізілетін үйлерде нақтылы тұтынылған жылу қуаты көлеміне төлем жасалады және бұл ретте есептегіш құралдардың көрсеткіштері бойынша жылытылған 1 шаршы метр алаңның жылу қуаты төлемі ҚҚС-сыз орташа 68,27 теңгені құрады. Ал кейбір жекелеген тұрғын үйлерде шаршы метр төлемі 45-60 теңге төңірегінде ғана, бірақ есептегіш құралсыз үйлерде ол 72,56 теңгеден айналды. Жылу беру маусымында орталықтан жылытылатын тұрғын үйлер бойынша экономикалық тиімділік 653,5 мың теңгеден 1652 мың теңгеге дейін құрады.
Жазып алған
Динара РАҚЫМЖАНОВА,
Табиғи монополияларды реттеу департаментінің бөлім бастығы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp