«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЗАҢДЫЛЫҚТЫ ҚАДАҒАЛАУ БАСТЫ НАЗАРДА

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Серік ПІРНАЗАР.

Кеше Бас прокуратураның ресми өкілі Нұрдәулет Сүйіндіков бұқаралық ақпарат құралдары үшін брифинг өткізді. Ол баспасөз өкілдері алдында үстіміздегі жылдың 9 айындағы прокурорлық қадағалау жұмыстарының кейбір нәтижелері мен күні кеше Ақтау қалалық сотында жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырушыларға қатысты қаралған сот процесі туралы айтып берді.
Бас прокуратураның ресми өкілі бұқа­ра­лық ақпарат құралдары өкілдеріне берген брифингін прокуратура органдары іс-әре­­кетіндегі басыңқы бағыт бұрын­ғы­сын­ша азаматтардың еңбек құқықтарын қор­ғау болып қала беретінін сөз етуден бас­тады. Бұл жұмыстағы негізгі екпін ең­бек­ке ақы төлеудің уақтылығы мен толық­тығына арналып келеді.
Дегенмен, біз кездесуде баяндалған мәлімдеменің Ақтау қалалық сотында өткен процеске қатысты бөлігі туралы алдымен әңгімелеп бергенді жөн көріп отырмыз. Себебі, мұндағы әңгіме біздің елдігімізге нұқсан, мемлекетіміздің іргесін берік ұстауымызға залал келтіретін қауіпті оқиғаға байланысты қозғалды. Осыған орай сөйлеген сөзінде Нұрдәулет Сүйіндіков Ақтау қалалық сотында Владимир Козловқа, Серік Сапарғалиға және Ақжанат Аминовқа қатысты шығарылған үкімге қысқаша тоқталып өтті. Сот шешіміне сәйкес В.Козлов ҚР Қылмыстық кодексінің 164-бабы 3-бөлігімен (әлеумет­тік араздықты қоздыру), 170-бабы 2-бө­лігімен (өкіметті күштеп құлатуға ша­қы­ру, мемлекет қауіпсіздігіне нұқсан келтіру) және 235-бабы 1-бөлігімен (қылмыс жасау мақсатында ұйымдасқан топ құру және оны басқару) көзделген қыл­мыс­тарды жасағаны үшін кінәлі деп танылған. Осы қылмыстары үшін оған 7,5 жылға бас бостандығынан айыру мен мүлкін тәркілеу түріндегі жаза берілді. Бас прокуратураның өкілі сотталушы меншігінде 3 қымбат бағалы автокөлік, Алматы қаласы мен Қазақстанның барлық облыс орта­лықтарында және кейбір ірі қала­ларында 11 пәтері, 5 үй құрылысы, 2 жер учас­кесі және 1 гаражы бар екенін жеткізді.
Осы жерде “Ол мұның бәрін қандай табысымен тапқан?” деген заңды сұрақ туындайды. Шынында, осыншама байлыққа кене­луіне кім жол ашып берген? Осыдан кейін оның сыртында қаржылы адам­дар­дың тұр­ғаны еш күмән келтірмесе керек. Ал сот шешіміне сәйкес енді бұл мүлік­тердің бәрі мемлекет есебіне тәркіленуге жататын болып шықты.
Ақтау қалалық соты Жаңаөзен оқи­ға­ларын ұйымдастырушылардың бірі екені толық дәлелденген келесі қылмысты тұлға – Серік Сапарғалиға қатысты да үкім шығарды. Ол Қылмыстық кодекстің 170-бабы 2-бөлігімен көзделген қыл­мыс­ты жаса­ғаны үшін кінәлі деп танылып, оған 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасы шартты түрде тағайындалды. Сотталушы сондай-ақ 300 айлық есеп-тік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде айыппұл төлейтін болады. Ал Ақ­жанат Аминов Қылмыстық кодекстің 164-бабы 3-бөлігі, 170-бабы 2-бөлігі және 235-бабы 1-бөлігі бойынша қылмыс жасады деген айыппен шартты түрде 5 жылға бас бостан­ды­ғы­нан айыру жазасына кесілді. Оған сон­дай-ақ 500 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды.
Н.Сүйіндіков содан кейін былай деді: Алдын ала тергеу және сот талқылауы көрсеткендей, тіркелмеген “Алға” пар­тия­сының басшысы Владимир Козловтың және басқалардың жұмыстан босатылған мұнай­шыларды наразылық акцияларын жалғастыруға және билікке қатаң қарсы тұруға бе­йімдеу жөніндегі белсенді әре­кеттері Жаңа­өзендегі жаппай тәртіпсіздіктер себептері­нің бірі болып табылады. Топ жетекшісі В.Козловтың тапсырмасы бойынша жұмыстан босатылғандар арасында таратылған үнпа­рақтары, сотталу­шылардың үндеулері мен әңгімелері са­рапшылардың әлеуметтік араздықты қоз­дыру, билікті күштеп құлатуға шақырған­дарын айғақтап берді.
– Қазақстандық сарапшылардың бұл тұжырымдарын филология ғылымдары­ның докторы, Ресей Федерациясының Нижегород қаласындағы Добролюбов атын­­дағы мем­лекеттік лингвистикалық универ­сите­ті­нің про­фессоры, лингвист-сарапшылар гильдиясының мүшесі Михаил Грачев те қуаттады, – деді Бас прокуратураның ресми өкілі. – Сол сияқты қорғау тарабы тартқан ресейлік сарапшы Дмитрий Ста­ростиннің сотта Козлов пен басқалар айт­қан сөздерге қатысты білдір­ген тұжыры­мын сөзбе-сөз келтірсем, ол былай болып шығады: “Адам­ның және адамдар тобы­ның ақыл-ойын, ой-пікірін, пайымдауын, мінез-құлқын өзгертуге ық­пал ете алады”, “қоғамдық қатынас­тар­дағы шиеленіс­терді шешу мақсатында күш қолдану қаупін қамтитын материалдар бар”.
Ал сот жан-жақты қарау, айтысу және тараптардың тең құқылығы принциптерін сақтай отырып, барынша ашық жағдайда өтті. Процеске түрлі үкіметтік емес ұйым­дардың өкілдері, БАҚ және халықаралық байқау­шылар қатысты. Айыптау және қор­ғау тараптарымен ұсынылған барлық дәлел­дер сотпен зерделенді. Осы ретте сот про­цесі барысында А.Аминов пен С.Сапар­ға­ли­дың кінәларын мойын­даған­дарын атап өту қа­­жет. Дегенмен, сот үкімі әлі күшіне енген жоқ. Сондықтан оған келіспеген тараптар апелляциялық тәртіпте шағым келтіре алады.
Жоғарыда айтқанымыздай, Бас про­ку­ра­тураның ресми өкілі брифингте алдымен еңбек адамдарының мүдделерін қорғау жайын тарқатып айтып шықты. Оның айтуынша, прокуратура органдары жыл басынан бері осы мәселе бойынша 1000-нан астам заңдылықтың бұзылуын жою туралы ұсы­ныс пен ұйғарым енгізіп, 700-ден аса заңды түсіндірме берген. Осы прокурорлық ықпал ету шараларының арқасында 122 мың жұ­мыс­шыға еңбекақы бойынша 6,6 млрд. тең­генің берешегі төленуі қамтамасыз етіл­ген. Мұның мысалы ретінде Батыс Қазақ­стан облы­сын­дағы “Жайықтехсервис” ак­цио­нер­лік қо­ға­мының 86 жұмысшысы ал­дын­­дағы бере­ше­гін толық төлегені, ал Ақ­тө­бе облы­сын­дағы “Темір жол жөндеу” АҚ фи­­лиа­лын­да 346 жұмысшының жалақыдан 24,9 млн. теңге алашағын алғандары атап өтілді.
– Азаматтардың еңбек құқықтарының бұзылуына кінәлі тұлғаларды жауапкер­шілікке тарту мәселесі прокурорлардың айрықша бақылауында тұр, – деді Н.Сү­йіндіков бұдан әрі. – Жалпы, өткен кезеңде бұл мәселе бойынша 8 қылмыс­тық іс қозғалып, 2 мыңға жуық тұлға әкім­шілік және тәртіптік жауапкершілік­ке тартылды.
Осы уақыт аралығында прокуратура органдары мемлекет пайдасына өндіру жөніндегі атқару өндірісінің заңдылығы барысына да тексерулер жүргізген. Со­ның нәтижесінде сот орындаушыла­ры­ның қыз­метінде мемлекеттің экономика­лық мүдде­леріне елеулі залал келтірумен ұштасқан жүйелі заң бұзушылықтар орын алғаны анықталған. 2011 жыл мен үстіміздегі жыл­дың 1-ші жартыжылдығы аралығында олардың өндірісінде мемлекет пайдасына 219 млрд. теңгені өндіру туралы 535 мың материал болған. Іс жүзінде солардың 13,4 млрд. теңгесі немесе 7 пайызы ғана өнді­рілген. Ал өнді­рілуге жататын 24 млрд. теңге айыппұл­дың небары 3,4 млрд. теңгесі немесе 14 пайызы ғана төленген.
– Мұның себептері көп, – деді Бас про­куратураның ресми өкілі. – Бұған жауапсыз­дықтың да, кей жағдайларда сот орындаушыларының өз өкілеттіліктерін те­ріс пайдаланулары да әсер етуде. Мысалы, Алматы­дағы қызметтік орындар мен сейфтерден 2010 жылдан бері атқару өн­ді­рістері қоз­ғал­май жатқан 400 млн. тең­генің 60 мың әкім­­шілік материалдары табылды. Тексеру­дің қорытындысы сон­дай-ақ тәркіленген және тыйым салын­ған мүлікті жымқыру, иеленіп кету және ысырап ету, сот ор­ндаушыла­ры­ның кі­нә­ла­рынан борышкерлер­дің мүлікті өнді­руден жалтаруы, мүліктерді арзанда­­­тыл­­­ған баға­мен сатуы, жалған төлем құ­жат­тары негізінде атқару өндірістерін қыс­қар­туы, статистикалық деректерді бұр­ма­­лау секіл­ді заң бұзушылықтарды алға тартты.
Бас прокуратураның ресми өкілі қа­зіргі таңда мемлекет пайдасына өндірілу­ге жататын мүлікті ысырап етудің осындай 18 дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалға­нын мәлімдеді. Бұл фактілермен қатар, мем­лекет пайдасына өндіру туралы шешімдерді орындау тиімділігінің төмен­ді­гіне ықпал ететін бірқатар басқа объек­тивті себептер анық­талған. Бұларға сот орындаушылар кадрла­рының тұрақтамау­шылығы, олардың шектен тыс жүктеме алулары және материалдық-техникалық жарақтар­мен нашар қамтамасыз етілуле­рі, сондай-ақ сандары судьялар штатына сәйкес келмеуі жатады.
Брифингте жеке сот орындаушы­лар­дың әлеуеті де толық көлемде пайдаланылмайтыны айтылды. Соның салдарынан бұл қызмет саласы бар-жоғы 3,4 млрд. теңгеге 1400 құжатты орындаған болып шықты. Сондықтан, Бас прокуратура жеке сот ор­ындаушылардың қызметі саласын кеңейту, оларды мемлекет мүд­де­лерін қозғамайтын жеке және экономи­калық даулар бойынша сот актілерін орындауға белсенді қатыс­тыру жөнінде ұсыныс беріп отыр.
– Қазіргі заманғы технологиялар дамуы жағдайында сот орындаушыларды мемле­кет­тік органдардың біріктірілген деректер базаларын пайдалану мүмкінді­гімен қамта­масыз ету қажет болып көрі­неді. Бұл қам­тамасыз ету шараларын жедел қолдануға мүмкіндік береді, – деді Н.Сүйіндіков. – Сондай-ақ тәркілеген мү­ліктерді тікелей республикалық мен­шікке айналдыруға, тыйым салынған мү­лік­ті сататын сауда ұйымдарының қыз­ме­тін нақ­тырақ реттеуге бағытталған заңнамалық түзетулерге баста­машылық етілді. Қалып­тасқан жағдай жекелеген кездерде құқық қорғау органдарының осал жұмы­сымен түсіндірілетіндігін атап өту қажет. Учас­келік полиция инспекторлары залалды өндіруден жалтарған тұлға­ларды шартты түрде мерзімінен бұрын босатуды бұзу мәселесінде бастамашылық танытпайды.
Азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау қылмыстық істер бойынша сот актілерінің заңдылығын қадағалау саласында басымдық болып табылады. Бұл ретте, прокурорлардың назары тағайын­далған жазаның қылмыстың ауыр­лығына және сотталушының жеке басына сәйкес болуына аударылуда. Қыл­мыстық жауапкер­шілікті және жазаны жеңілдете­тін мән-жайлар бола тұра, шектен тыс қатаң жаза тағайындауға әкеп соқтырған қылмыстық заңды дұрыс қолданбау фак­тілері анық­талған жағдай­лар­да прокуратура мұндай үкімдерге нара­зы­лық келтіру бойынша шаралар қолда­ны­луда. Атап айт­қанда, үстіміздегі жылдың 9 айында Жо­ғар­ғы Сот Бас прокуратура­ның соттал­ған­дар жағдайын жақсарту мақсатында кел­тір­ген 24 наразы­лығын қанағаттандыр­ды. Мысалы, Шығыс Қазақ­стан облысы­ның Абай аудандық соты­ның 2012 жылғы 30 қаңтардағы үкімімен Д.Әсетқазыұлы ұр­лықтары үшін 2,5 жыл­ға бас бостан­ды­ғы­нан айыруға сотталған. 2011 жылғы 28 қарашадағы рақымшылық актісі­нің 3-бабына сәйкес тағайындалған жаза тең жартысына қысқартылған. Дегенмен, оған ра­қым­шылық актісінің 4-бабына сәйкес, оны не­гізгі жазадан толық босататын ереже қол­да­нылуы керек екені анықталды. Жоғар­ғы Соттың қадағалау сот алқасының 2012 жылғы 10 шілдедегі қаулысымен Бас про­­кур­ордың наразы­лығы қанағаттанды­ры­лып, сотталған адам жазадан босатылды.
Брифингтің соңында Нұрдәулет Сү­йін­ді­ков бұқаралық ақпарат құралдары өкіл­де­рі­нің басқа да бірқатар сұрақта­ры­на жауап берді.
(“Егемен Қазақстан”,
2012 жылғы 10 қазан. Ықшамдалып алынды.)

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp