«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ШЫҒЫНДЫ АЗАЙТУ, НӘТИЖЕНІ ЖАҚСАРТУ ЖОЛЫНДА

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Тоқтар ЗІКІРИН,
“Солтүстік Қазақстан”.

1970 жылдан бастап, жыл сайын 14 қазанда бүкіл әлем жұртшылығы белгілі бір ұранмен өтетін Дүниежүзілік стандарттар күнін атап өтеді. Биылғы 2012 жылдың бұл күнгі ұраны: “Шығынды азайтамыз, нәтижені жақсартамыз. Стандарт тиімділікті арттырады” болып отыр.
Кеше облыстық мәслихаттың кіші залында осы Дүниежүзілік стандарттар күні мерекесіне арналған “Стандарт тиімділікті арттырады” деген тақырыпта ақпарат күні өткізілді. Шағын және орта бизнес кәсіпорындары, қоғамдық ұйымдар мен жергілікті мемлекеттік басқару органдарының өкілдері қатысқан бұл жиынды “Қазақстандық стандарттау және сертификаттау институты” РМК облыстық өкілдігі мен Техникалық реттеу және метрология комитетінің облыстық департаменті бірлесіп ұйымдастырды.
Мерекелік жиынды облыстық техникалық реттеу және метрология департаментінің директоры Василий Чепухин кіріспе сөзбен ашып, Стандарттар күні ұранының аясындағы мақсаттарға тоқталды. Онда атап өтілгеніндей, МЭК, ИСО және МСЭ сияқты халықаралық стандарттар тиімділікті арттыру үшін шешуші маңызға ие. Аталмыш мәселе ұйымдардың алдында аз қалдықтармен жақсы нәтижелерге қол жеткізу міндеті тұрғанын білдіретін тұрақтылық пен қаржылық белгісіздік сияқты жаһандық проблемалар ретінде алдыңғы орынға шықты. Қарапайым тілмен айтқанда, тиімділік аз шығындармен оңтайлы сапаға қол жеткізу мүмкіндігін аңғартады. Ол ұйымдардың таза пайдасын барынша өсіруге және алға қойған мақсаттарына қол жеткізуге көмектеседі, сондай-ақ бүгінгі күрделі және бәсекелестік экономикалық ортада табысқа жету үшін шешуші маңызға ие.
Одан кейін сөз алған “Қазақстандық стандарттау және сертификаттау институты” РМК облыстық өкілдігінің басшысы Ләззат Кенжетаева кәсіпорынның 15 жылдық және облыстық филиалдың 5 жылдық жұмыс қорытындылары мен өңірдегі стандарттауды дамытудың алға қойған мақсаттары жайында баяндады. Онда ол Кеден одағының және Қазақстан Республикасының техникалық регламенттерін, сол сияқты ұлттық және халықаралық стандарттарды енгізу ерекшеліктеріне тоқталды. Ал облыстық техникалық реттеу және метрологиялық департаментінің мемлекеттік бақылау бөлімінің бастығы Бейбіт Әбілев жиналғандар алдында Қазақстан Республикасының “Техникалық реттеу туралы” Заңы аясындағы заңнамалық жаңалықтар туралы айтып берді.
Сол сияқты ақпараттық жиында облыстық аумақтық инспекцияның ветеринарлық бақылау және қадағалау жөніндегі бас маманы Асқар Қазбаев облыстағы мал өнімдері сапасына ветеринарлық бақылау жасау жайын сөз етсе, “Мұнаймаш” АҚ-ның техникалық бақылау бөлімінің бастығы Евгений Андреев кәсіпорында техникалық регламенттер мен халықаралық стандарттау енгізудің артықшылықтары мен проблемаларына тоқталды. Кейбір ұлттық стандарттарды Кеден одағының техникалық регламенттеріне сәйкестендіру қажеттілігі айтылды. Ал халықаралық стандарттардың жоғары сапа кепілі екені анық.
Жиын соңында сөз болған мәселелер талқыланып, үздік техникалық бақылау қызметкерлеріне Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттар тапсырылды.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp