«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҮЗДІК ТАУАРЫ” өңірлік байқау-көрмесі мәреге жетті

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

 

Нұрсайын ШӘРІП,  

“Солтүстік Қазақстан”.

Кеше облыс әкімі Серік Біләлов “Қазақстанның үздік тауары” өңірлік байқау-көрмесіне қатысушыларды қабылдап, жеңімпаздар мен жүлдегерлерді марапаттады.

Кездесуді ашқан өңір басшысы Серік Біләлов:
– Аталмыш шара отандық тауарлардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру және тұрғындар арасында сапа идеясын әйгілеу мақсатында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасы бойынша жыл сайын өткізіліп келеді. Биыл маусым айында республикалық Индустрияландыру күнін атап өту аясында кезекті “Қазақстанның үздік тауары” өңірлік байқау-көрмесі өткізілген болатын. Оған облыстың 40-тан астам өнеркәсіп кәсіпорны мен жеке кәсіпкерлері қатысты. Байқау “Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар”, “Тұрғындарға арналған үздік тауарлар”, “Үздік азық-түлік тауарлары” аталымдары бойынша өткізілді. Біз бүгін соның қорытындысын шығарғалы отырмыз. Жеңімпаздар жыл соңында Астанада өтетін “Қазақстанның үздік тауары” республикалық байқау-көрмесіне қатысатын болады, – дей келіп, “Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар” аталымы бойынша “ПАМЖЗ” АҚ-ға 1-ші, “Мұнаймаш” АҚ-ға 2-ші, “Изолит” ЖШС-ге 3-ші, “Тұрғындарға арналған үздік тауарлар” аталымы бойынша “Киров атындағы зауыт” АҚ-ға 1-ші, жеке кәсіпкер Виталий Анисифоровқа 2-ші, “Пром-СтройМебель” ЖШС-ге 3-ші, “Үздік азық-түлік тауарлары” аталымы бойынша “Тортуманов және К” ЖШС-ге 1-ші, жеке кәсіпкер Василий Пальчикке 2-ші, “Егін” ЖШС-ге 3-ші дәрежелі дипломдар мен медальдар табыс етті. Бұдан басқа “Мичурин кірпіш зауыты” ЖШС, жеке кәсіпкер Владимир Левин, “Қазақ саңыраулар қоғамы Петропавл оқу-өндірістік кәсіпорны” мемлекеттік емес мекемесі, “Сұлтан-ЭММК” АҚ, “Vizavi Compani” ЖШС, “Тайынша сүті” ЖШС, “ПЛВЗ” ЖШС қосымша дипломмен марапатталды.
Серік Біләлов марапатталғандарды жетістіктерімен құттықтап, барлық байқауға қатысушыларға ризашылығын білдірді.

Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp