Сәрсенбі күні “Халық банкі жинақтаушы зейнетақы қоры” АҚ облыстық филиалының бас кеңсесінде бұқаралық ақпарат құралдарына арналған баспасөз мәслихаты өтті.
Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Еліміздің жұмыс істейтін әрбір 4-ші азаматы қордың салымшысы болып келетін “Халық банкі ЖЗҚ” АҚ-ның облыстық филиалы биылғы жылы ең жоғары көрсеткішке ие болып отыр. Солтүстікқазақстандық 103000-нан аса тұрғын қорға сенім білдіріп, үстіміздегі жылдың 1 қыркүйегінде зейнетақы қаржысы 30 миллиард теңгені құрады.
– Қордың 14 жылғы жұмысының нәтижесінің көрсеткіші болып келетін бұл жетістік – кәсіби мамандар, қор салымшылары және көп жылдар бойы қоян-қолтық қызмет етіп келе жатқан “Халық банкінің” қаржы тобының жеңісі. Ұйымдасқан жұмыстың нәтиже-сінде бірінші белгі – 5 млрд. теңгеге 2004 жылы жетсек, 2010 жылы 20 млрд. теңгені құрайтын зейнетақы активтері екі жыл өтпестен 30 млрд. теңгеге дейін жетіп отыр, – деді “Халық банкі ЖЗҚ” АҚ-ның облыстық филиалының директоры, облыстық мәслихаттың депутаты Райхан Абдрахманова.
Өңір салымшыларына көрсетілетін қызметті барынша ыңғайлы ету мақсатында қордың облыстық филиалы 2007 жылдан бері қызмет көрсетіп келген Новоишим ауылындағы сервис орталығына қоса үстіміздегі жылы 7 ауданда осындай орталықтарды іске қосты. Тайынша, Шал ақын, Уәлиханов, Мағжан Жұмабаев, Айыртау, Қызылжар және Есіл аудандарының салымшылары облыс орталығына келіп, әуре болмайды.
Еліміздегі жинақтаушы зейнетақы жүйесіне биылғы 1 шілдеден бастап өзгерістер енгізілді. Осы өзгеріс жайында “Халық банкі ЖЗҚ” АҚ-ның облыстық филиалының клиенттермен жұмыс жөніндегі басқарманың бастығы Виталий Рындин айтып берді. “Еліміздегі зейнетақы жүйесіндегі өзгерістерге байланысты енді әрбір зейнетақы қоры өздерінің инвестициялық портфелін ашуға тиіс. Енді әр салымшы өз қаражатының қандай мақсатта жұмсалып жатқандығынан хабардар болу мүмкіндігіне ие болды”, – деді ол. Сонымен қатар қазақстандық әр салымшы келер жылдың 1 қаңтарынан бастап жеке сәйкестендіру нөмірінсіз (ИИН) жинақтаушы зейнетақы қорларында ешбір қызмет түрін пайдалана алмайтындығын айтты.