«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚОҚЫС ТАСТАҒАН 95 тұрғын әкімшілік жауапқа тартылды

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Петропавл қалалық ІІБ-нің тәртіп сақшылары облыс орталығын көркейту ережесін бұзу фактілерін анықтауға және алдын алуға бағытталған кешенді шаралар өткізу үстінде. Әкімшілік жауапкершілікке тек қана жеке тұлғалар емес, сонымен қатар заңды тұлғалар да тартылуда.  

Ортақ пайдалану орындарын ластағандар ҚР Әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар туралы кодексінің 330-бабы бойынша жауап беруі тиіс. Петропавл қалалық ІІБ әкімшілік полиция бөлімінің бастығы Асан Смағұловтың айтуынша, рейд жүргізу кезінде ұсақ бұзақылыққа барған 95 адам анықталған. Олардың 16-сы әкімшілік қамауға алынған.
Темекі тұқылдарын, тұрмыстық қоқысты шашу, бекітілмеген жерде құрылыс қалдықтарын және басқа да қоқыстарды тастау полиция қызметкерлерінің қатаң бақылауында. Кейбір үй аулаларындағы қоқысқа толып тұрған, жан-жағы лас орындар да полиция назарына алынды.
Қоқыстарды шығаруға жауапты кәсіпорындар жағынан бұзушылықтар анықталып жатса, оларға әкімшілік айыппұл төлеуге тура келеді. “Қоқысты қала сыртына шығаруға жауапты ЖШС-мен де алдын алу әңгімелері жүргізіліп тұрады. Бүгінгі күні жұмысын дұрыс атқармаған екі кәсіпорын әкімшілік жауапкершілікке тартылған. “Қала көшелеріндегі тазалықты тек полиция қызметкерлерінің күшімен сақтау мүмкін емес, әрбір адам қала тазалығына жауапкершілікпен қарап, өз үлесін қосса, қаламыз сонда ғана көрікті болады”, – дейді Асан Смағұлов.
СҚО ІІД-нің баспасөз қызметі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp