Облыстық қуыршақ театры жаңа маусым шымылдығын “Дәруіш және раушан” атты лирикалық ертегімен ашты.
Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Көрермендерге өткен маусымнан таныс аталмыш ертегі орыс жазушысы Борис Заходердің әңгімесінің желісі бойынша қойылған. Ал қоюшы-режиссер – Ресей елінен арнайы шақырылған Борис Ходырев.
Жаңа маусым жаңалықтарға толы болады, дейді театр директоры Сергей Орлов. Шыңғыс Айтматовтың “Ақ кеме” романының желісі бойынша “Сәлеметсің бе, ақ кеме!” қойылымының премьерасы жақын арада көрсетілмек. Қойылымның режиссері – С.Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрының бас режиссері Болат Абдрахманов. Мемлекеттік әрі орыс тілдерінде сахналанған қойылым қуыршақ театрының белді актері Сапар Мапеновтың 15 жылдық бенифисіне арналған. Сондай-ақ осы маусымда қуыршақ театрының көрермендері “Иваночкино дудочка” атты жаңа ертегіге де қарық бола алады. Театр билеттері өткен жылдағыға қарағанда өзгермеген. 3 жасқа дейін тегін болса, одан жоғары жастағы көрермендерге билет құны 400 теңгені құрайды.