«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

НАЗАРБАЕВ УНИВЕРСИТЕТІНЕ ҚАРАП, БОЙ ТҮЗЕЙМІЗ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өміржан СЕЙІЛХАН,
М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің аға оқытушысы.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлының биыл Назарбаев Университетінде оқыған интерактивті дәрісінен біраз ой түйдік.
Аталмыш университет сияқты М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-да да үздік кадр даярлау мақсатында жыл сайын жаңа жобалар жүзеге асырылуда. Мәселен, биыл қабылданған жаңа оқу жылының жоспары шет мемлекеттердегі беделді жоғары оқу орындарының білім жүйесімен сәйкестендіріліп әзірленді. Бұл – қазақстандық студент шетелдік стандарттық жүйеге сай жоғары білімді өз елімізде де еркін меңгере алатын болады деген сөз.
Бұл дәрісте ең алдымен еліміздегі білім сапасын көтеру жағы, яғни олардың қандай тетігі бар екендігі, сондай-ақ орта және жоғары білім деңгейін қандай жолдармен дамыту керектігі жөніндегі мәселелер қарастырылды. Осы арқылы Қазақстанның білім жүйесін әлемдік деңгейде көтеру жұмыстары айқындалмақ. Орта және арнаулы білім мекемелеріндегі оқушылардың ізденушілік қабілетін қалай арттыру керектігі де Елбасының интерактивті дәрісінде жан-жақты қамтылды. Сонымен қатар елімізде кенжелеп қалған кәсіптік-техникалық салаларды дамыту жұмыстарына Үкімет тарапынан да ерекше көңіл бөлініп отырғандығы айтылды.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев атап өткендей, Қазақстан экономикасын дамыту үшін барлық күш-жігерді, яғни зор сенімді бүгінгі жастарға да артып отыр. Осы мақсатта біз студенттерімізді сапалы білім алуға шақырып, өздерінің кәсіби біліктілігін арттыруға жол ашудамыз. Сонымен қатар еліміздегі инновациялық біліктілікті арттыру үшін өзімізде бар техниканың барлығын Қазақстанда ғана шығарылатындай деңгейге жеткізуіміз керек. Бұл – ел алдында тұрған басты міндеттердің бірі. Сондықтан осындай маңызды мәселелерді жастардың санасына осы бастан сіңіріп, халқына қызмет етуіне ықпал жасау біздің басты мақсатымыз болмақ.
Оқу-ағарту саласындағы даңғыл жолға енді қадам басқан Назарбаев Университетінде қазіргі күннің өзінде білім беру мен ғылыми зерттеулердің халықаралық өлшемдегі стандарттары жүзеге асуда. Білім берудің өзіндік жаңа жүйесі мен түрлі зерттеу құндылықтары қалыптасты. Болашақта еліміздегі ең үздік жоғары оқу орнына айналатын Назарбаев Университетінен Отанына қалтқысыз қызмет ететін білімді жастардың шығатынына сенім зор. Біз де Назарбаев Университетіне қарап, бой түзейміз.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp