Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің облыстық департаменті су желілерінің активтерін жетілдіру және қайта құру мақсатында, заңнамалық актілерге өзгерістер енгізу жөніндегі аталмыш ведомство іс-шараларының жоспарын талқылау жөнінде “дөңгелек үстел” өткізді.
Тоқтар ЗІКІРИН,
“Солтүстік Қазақстан”.
Табиғи монополияларды реттеу агенттігі облыстық департаментінің директоры Марат Мұстафин суға тариф құрудың жаңа тетігі туралы баяндама жасады.
– Су мәселесін шешу – Қазақстанның 2030 жылға дейінгі даму Стратегиясындағы маңызды басымдықтардың бірі. Үкіметтің осы Стратегия аясындағы іс-қимыл жоспары су ресурстарын қарастыра отырып, ең алдымен Қазақстан азаматтарының денсаулығы мен жақсы тұрмысын қамтамасыз ету тұрғысынан су ресурстарын сақтауға және тиімді пайдалануға бағытталған кешенді шараларды жүзеге асыруды көздейді. Суға тариф белгілеудің тетігін өзгерту, бірінші кезекте, су ресурстарының шектеулілігімен және олардың үнемімен, сондай-ақ су желілерінің активтерін жаңғырту мен қайта құрудың қажеттілігіне байланысты, – деді Марат Кәрімұлы.
Көптен айтылып келе жатқанындай, судың қолданыстағы тарифтері оның құрылымындағы инвестиция көзі – амортизация мен таза пайда айтарлықтай үлес алатындықтан, технологияны жаңғыртуға және қызмет сапасын арттыруға бағытталған кешенді жаңғыртулар жүргізуге жұмсалар шығындарды есепке алмайды. Бүгінде су желілері мен жабдықтары тым жоғары тозу деңгейіне (60-70%) жеткен.
Петропавл қаласын сумен жабдықтаушы “Қызылжар су” ЖШС-і жаңа тариф белгілеуге ұмтылысының мақсаты – кәсіпорын қызметкерлерінің еңбекақысын өсіру, амортизациялық аударымдар мен өндірістің таза пайдасы көлемін көтеру, сондай-ақ құрал-жабдықтардың тозуын қазіргі 65-75 пайыздан 45-50 пайызға дейін төмендету. Атап айтқанда, кәсіпорын қызметкерлерінің орташа еңбекақысын қазіргі 33 мың теңгеден 65 мың теңгеге жеткізу көзделуде. Ал амортизациялық аударымдар мен кәсіпорын пайдасы өндірісті инвестициялауға бағытталады. Алайда, су желілеріне жаңғыртулар мен қайта құрулар жүргізу үшін оның активтеріне оң ықпал ететін заңнамалық актілерге өзгертулер енгізілуі қажет.
“Дөңгелек үстелге” қатысушылар осы орайда өз ойларын ортаға салып, “Қызылжар су” ЖШС-нің қазіргі жағдайына түсіністікпен қарайтындарын білдірді. Мысалы, қала әкімінің кеңесшісі Анатолий Мишин өзінің қызмет жағдайымен коммуналдық қызметкерлермен жиі кездесетінін, соның бәрінде қаланы сумен жабдықтау мәселесінің өте ауыр жағдайда тұрғаны сөз болатынын айтты. Айталық, кәсіпорында бір жылдың ішінде 386 адамның жұмыстан кетуі көп жайды аңғартады. Аз төленетін еңбекақыға тозығы жеткен желіде жұмыс істегісі келетіндер табыла бермейді. Құбырлары тозғандықтан, көптеген үйлердің жертөлелерін су басып кеткен. Ал құбырларды ауыстырып, жыл сайын тазартып жуып отыруға техника да, қаржы да жетіспейді. Сол сияқты, сараптамалық топтың тех-никалық бақылаушысы Александр Казанцев кәсіпорынның бар болғаны тесілген құбырларды жамауға ғана шамасы келетінін айтты. Ішкі істер органының ардагері Борис Исаков ауызсуымызға кәріз суының қосылып кету қаупі барын айтып, ашына сөйледі. Отыз мың теңгеге кім жұмыс істейді, тек техника жөндеуге ғана 500 миллион теңге қажет, сондықтан заңнамаға өзгерту енгізіп, өз кәсіпорнымызды қолдауымыз керек, деді ол. Ардагерлер қоғамының өкілі Иван Куропаткин комиссия құрып, мән-жайды анықтауға ұсыныс білдірсе, тұтынушылар құқығын қорғау қоғамының төрағасы Юрий Козловский еңбекақыны қосуға қарсылығы жоғын, алайда, басшылар мен қатардағы жұмысшының еңбекақысы аралығында еселеген алшақтық болмауын ескертіп, кәсіпорын пайдасына шектеу қойылуы керектігін айтты.
Сонымен бірге қалалық су шаруашылығы желілерінің кадастрлық картасын жасау қажеттігі сөз болды. Алайда, ол қыруар қаржыны талап ететін жұмыс. Мұны тек республикалық бюджет қана көтере алатындықтан, оған қол жеткізу үшін осы күннен бастап тиісті жұмыстар жүргізіле бастауы керек. Сарапшылар тобының мүшесі Владимир Лапшин айтқандай, бір кездері әлемдегі ең ірі су желісіне ие болған Қызылжар өңірі шұғыл шара қолданылмаса, сусыз қалу жағдайында тұр. Осының бәрін қорыта келе “дөңгелек үстелге” жиналғандар суға жаңа тариф белгілеу тетігіне қолдау жасайтындықтарын білдірді.