Мәдина ТЕМІРҒАЛИ,
“Парасат” мектеп-лицейінің
11-сынып оқушысы.
“Ал екінші бақытым – тілім менің,
Тас жүректі тіліммен тілімдедім.
Кей кезде дүниеден түңілсем де,
Қасиетті тілімнен
түңілмедім”,
– деп Мұқағали атамыз жырлағандай, тіл – әрбір халықтың, әрбір адамның абыройы, аталaрымыздан қалған баға жетпес мұра. Қазақ тіліне мемлекеттік тіл деген мәртебе берілгеннен бастап, жас сәбише жаңа өмірге қадам басқан ана тіліміз бүгін өрлеп, дамуда. Бұл – қуантарлық жағдай. Қазақ тілінде тәрбиелейтін, білім беретін балабақшалардың, мектептердің ашылуы да қазақ тілінің мерейін үстем етті. Өз ана тілінде сөйлеп, ана тілінде білім алған бала сөз байлығын, сөз бейнелігін, ой қуаттылығын бойына сіңіріп өседі.
Менің ойымша, өз ана тілімізді білмеуіміз – намысымызды таптағанымыз. Бір-бірімізбен кездесе қалсақ, орысша сөйлесуді жаман әдетке айналдырдық. Бірақ бұдан арылу керек. Біз Мағжандай атамыздан үлгі-өнеге алуға тиістіміз. Ол қиын-қыстау кезеңде өмір сүрсе де, ұлттық құндылықтарды бәрінен биік көрді. Туған анамызды қалай сыйласақ, туған тілімізді де солай қадірлеуге міндеттіміз. Елінің болашағын ойлайтын азамат қана тілінің кемелденуіне өз үлесін қосады деп ойлаймын. Осы мақалам арқылы орысша сөйлейтін, қазақша сөйлеуге ұялатын замандастарымды ана тілін қадірлеуге, мақтан етуге шақырамын. Кеудемізде намыс болса, ана тілімізді өзіміз үйреніп, өзгелерді қазақ тілін білуге насихаттауымыз қажет.