Жанар СӘРСЕКЕЕВА,
Мамлют қазақ мектеп-интернатының аға тәлімгері.
Жас жеткіншектерді үлкенді сыйлап, тыңдай білуге үйрету, оларды инабаттылық пен мейірімділікке тәрбиелеу мақсатында Мамлют қазақ мектеп-интернатында оқушылардың “Қолғанат” қозғалысы жұмыс істейді. Бұл ұйым қарияларға көмек көрсетуді көздейді. Оқушыларымыз жақында Мамлютка қаласының тұрғыны, Победа көшесі бойындағы 40-ыншы үйде тұратын еңбек ардагері Алла Мусенкоға қол ұшын созды.
Қария – өмір бойы еңбек етіп, өзгелерге үлгі бола білген жан. “Қолғанат” қозғалысының мүшелері келген кезде зейнеткер қуанып қалды. Ұл балалар үйдің ауласын күл-қоқыстан тазартса, қыздар әжейдің үйін жинап берді. Бірер сағаттан кейін баспана, оның айналасы жарқырап шыға келді. Оқушылар қарияның алғысына бөленіп, жақсы іс тындырғандарына риза болды. “Ортамызда жүрген қарияларымыз бір кезде елі мен келешек ұрпағы үшін игі істер атқарды. Бүгінгі күнгі бейбіт өмір, жақсы тұрмысымыз солардың арқасында. Ардақты да аяулы қарттарымызға әрдайым көмектесіп тұруымыз керек”, – деді жанашыр балалар.