«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚЫЛЫШЫН СҮЙРЕТКЕН “КӘРІ ҚҰДАҒА” қапысыз дайындық керек

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Бұрнағы күні облыстық әкімдікте аудандар мен Петропавл қаласының төтенше жағдайлар жөніндегі комиссиялары төрағаларының, департаменттер, басқармалар және ұйымдар басшыларының қатысуымен өткен өңірлік төтенше жағдайлар жөніндегі комиссия мәжілісін облыстың жұмылдыру даярлығы, азаматтық қорғаныс, апаттар мен зілзалалардың алдын алуды және жоюды ұйымдастыру жөніндегі басқарма бастығы Нұрлан Бүркітәлин ашып, басқару органдары мен мемлекеттік төтенше жағдайлар қызметі жүйесіне қарасты облыстық аумақтық күштердің тіршілікті қамтамасыз ету нысандарында 2012-2013 жылдарға қысқы маусымға дайындығын қамтамасыз ету жөніндегі кешенді шаралар жүргізу туралы баяндама жасады.

Тоқтар ЗІКІРИН,
“Солтүстік Қазақстан”.

Онда басқарма бастығы биыл айтарлықтай дайындық жұмыстары жүргізілгеніне тоқталды. Айталық, қаланы жылумен және электр қуатымен қамтамасыз ететін №2 ЖЭО-ның бірнеше жылу қазандықтары мен электр турбиналары күрделі жөндеуден өткізілген. Көмірдің 38 тәуліктік, ал мазут отынының 168 күндік қоры жасалған. Сол сияқты өңірдегі әлеуметтік, мәдени нысандар қысқа толық дайын деуге болады. Орталықтан жылытылатын үйлерге жылу беру биыл кешіктірілген жоқ. Қыс айларында туындайтын төтенше оқиғалардың алдын алу шаралары жүргізілуде. Өңір бойынша төтенше жағдайда жұмыс істейтін 300-ден астам құрама құрылған. Ал мұндай жұмыстың нәтижесі өткен қыста байқалды. Атап айтқанда, 597 адам қар құрсауынан босатылып, жол бойларында тоқтап қалған 15 жолаушылар автобусына көмек көрсетілген. Өткен жылы қыстың аязды күндерінде облыс өңірінде 196 жылыту қосынының жұмыс істегені де көп жайды аңғартса керек. Биыл 673 дәрігерлік ұйым қысқы жағдайдағы жұмысқа толық әзір. Республикалық және облыстық маңызы бар автомобиль жолдары басқармалары қысқы жолды қардан тазартатын техникаларды толықтырып, жолаушылардың жолда қалмауы үшін қолдан келгеннің бәрін жасамақшы.
Комиссия мәжілісінде сөз алған облыстық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы бастығының орынбасары Хасип Сюникаев, облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департамент бастығының міндетін атқарушы Әсет Смағұлов, Автомобиль жолдары комитеті облыстық департаментінің директоры Асқар Жанкин және тағы басқалар өз салалары бойынша қысқа әзірлік жайын сөз етіп, кейбір өткір мәселелерге назар аударды. Мысалы, төтенше жағдай қызметкерлерінің нақтылы көмек көрсетудің орнына көбіне көп қадағалаушылық рөл атқарудан аспайтыны сынға алынды. Шындығында да, олар көп мәселенің шешімін жергілікті органдарға жүктей салуға бейім тұратыны байқалды. Жиынға қатысушы бір аудан өкілінің дөп айтқанындай, жергілікті орган қысқы аязда жолаушыларды жолда қалдырып қарап отыра алмайды, қалай болғанда да жолды аршып, оларды құтқаруға тырысады. Ал төтенше жағдайдың апаттан құтқару қызметі көбінесе үлгере бермейді. Бірақ олар оқиға орындарына жақын аудандық бөлімшелерін техникалық жарақтандыруға асығар емес.
Жиындағы көптеп түскен сұрақтар және өзара пікірталас төтенше жағдай комиссияларындағы жағдайдың әлі де болса мәз еместігін көрсетеді. Оған бір ғана мысал – қыстың қақаған аязында немесе үскірік боранында автомобиль жолындағы қозғалысқа тыйым салуға кімнің әмірі жүретіні әлі күнге шешілмей отыр. Кеңесте бұл мәселенің көрші Қостанай облысында оң шешімін тапқаны айтылды. Ал бізде болса төтенше жағдайда жол қозғалысына тыйым салуды жол полициясы мен төтенше жағдайлар департаменті бір-біріне итерумен келеді. Соның салдарынан аязды күндері жолда қалу оқиғалары кездеседі. Комиссия бұл мәселені төтенше жағдайлар департаментінің тәртіпке келтіруін міндеттеді. Ал жалпы алғанда, дайындықтың өткен жылға қарағанда биыл жақсара түскені атап көрсетілді.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp