«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҰЖЫМ ШАҒЫН БОЛҒАНЫМЕН, атқарар істері ауқымды

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Зауыттықтардың бір мақтанатыны сол, олардың қолымен жасалған өрнектастар Бурабай ауданындағы Қарасу көлінің жағасында орналасқан Қазақстан Республикасы Президентінің резиденциясында төселген.

Қошан ҚАЛИ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Бұл ұжым саусақпен санарлықтай шағын ғана. Небары 12-ақ адамнан тұрады. 8-і тікелей өндіріс орнындағылар болғандықтан, күшке түсетін жұмыстарды атқаратындар негізінен солар. Қала іргесіндегі Бескөл ауылында орналасқан “Мичурин кірпіш зауыты” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмыс істеп келе жатқанына 9 жыл болыпты.
Бұл жерде өнімдері қашанда өтімді болуға тиіс осындай аса қажет кәсіпорындардың біздің өңірде не себепті аз екендігі бүгінде алдымен құрылыс жұмысымен айналысатындарды толғандыратын мәселе сияқты. Кезінде бізде кірпіш шығаратын зауыттар болған. Сондай кірпіш зауыттарының бірі Қызылжар ауданының Затон станциясында орналасса, ол 90-шы жылдардың өзінде толық күшінде жұмыс істей алмапты. Кейін 2004 жылы “Қызылжар кірпіш зауыты” ЖШС-і болып қайта ашылған. Алғашында жұмысы тәп-тәуір басталған, 50-ге тарта адам жұмыс істеген. Өнімін қаладағы құрылыс кәсіпорындары ғана емес, Көкше өңірі де алған. Келесі зауытқа келсек, ол – 2004 жылы құрылған “Жансая” жауапкершілігі шектеулі серік-тестігі. Ол жылына 20 миллион дана кірпіш өндіруге тиіс еді. Бірақ олардың жұмысы басталмай жатып тасталды.
Мичурин кірпіш зауытының директоры Константин Фролов 2002 жылы көлемі 650 шаршы метр болатын, қаңырап бос жатқан өндірістік ғимаратты алыпты. Оның алқам-салқамы шығып жатқандықтан, алдымен жөнделіп, тәртіпке келтірілген. Одан кірпіш жасауға қажет жабдықтар сатып алынып, орнатыла бастаған. Сөйтіп, сәтін салып, келер жылы зауыт қабырғасынан құрылысқа қажет алғашқы өнімді шығаруға қол жеткізілген.
– Алғашында жұмысты жолға қою қиын болды. Бәрін жаңадан жасау мүмкін емес қой. Сондықтан бірді-бірге жалғап, яғни барды ұқсатып пайдаланып, жоқты түгендеуге тура келді. Сөйтіп, “Бір істің аяғы – екінші істің басы” демекші, алға басқан қадамымыз біртіндеп түзеле бастады. Өнім шығару қолымыздан келетінін түсінгендіктен, бір орында тұрып қалмадық, – дейді Константин Фролов.
Сол жылдары қабырғалық материалдар, бөлме ішін бөлгенде пайдаланылатын қалқалар, белгілі бір нысандарға қаптау жұмыстары жүргізілгенде қажет сәндік материалдар шығарыла бастаған. Соңғысының бір ерекшелігі сол – көпқабатты үйлердің кез келген қабатына пайдалануға болады.
Кірпіш зауытының бүгінгі жағдайын кешегімен салыстыруға болмайды. Кәсіпорын жұмысын жандандыра түсуге байланысты атқарылып жатқан іс-шаралардың нәтижесі күткендегідей болғандықтан, бүгінде қуантады. Жұмыс ойдағыдай жүріп жатқандықтан, шығарылатын өнімдер де өтімді. Цехта 8 адам тұрақты жұмыс істейді. Жұмыстың ауыр екенін желеу етіп, кетіп қалып жатқандары жоқ. Бұл жөнінде кәсіпорын басшысы былай дейді:
– Зауытта негізінен қазақ жігіттері жұмыс істейді. Шеттерінен жұмыстарына жауапты, жүріс-тұрыстары салмақты. Еңбектің қадірін түсіне біледі. Міне, осылардың арасынан Руслан Есентеміровтың есімін бөліп атағым келеді. Қала түбіндегі Петерфельд ауылынан келіп-кетіп жұмыс істеп жүргеніне 7-8 жыл болды. Кейде жұмыста кешіккен сәтте оны өзім үйіне жеткізіп тастаған кезім де болды. Содан да отбасындағы жандармен жақын таныспын. Басқаларынікімен де солай. Бұл өзі кәсіпорын басшысы ретінде олардың отбасыларындағы жағдайдың қалай екенін түсініп, білуге септігін тигізеді. Қуанышы бар, қайғысы бар, өмірде әртүрлі жағдай болып жататындықтан, қажет кезінде мүмкіндігінше көмек көрсетуге араласамын.
Зауыт директорының алға қойған мақсаты да көңілге қонымды. Алдымен жұмыс ауқымын барынша кеңейту, сөйтіп еңбек өнімділігін еселеп арттыру, өнім түрлерін көбейту көзделуде. Ол үшін алдағы уақытта цехтағы жұмысты толықтай механикаландыру қажет. Оның арғы жағында зауыт жұмысын тұтастай жетілдіру, жаңғырта түсу мәселелері тұр. Бұл жұмысшылардың еңбек жағдайын жақсартуға, шығарылатын өнімдердің сапасына оң ықпал етеді. Ұжымдағы жұмысшылардың саны 2 адамға көбейтілмек. Оларды тиісті мамандыққа үйретумен тәлімгерлері тікелей жұмыс орнында айналысады.
Зауыттың техникалық базасы әзірше шағын десек те, цехта қойылған жабдықтардың жұмысы жаман емес. “Рифей”, “Рифей-Колун” деп аталатын әмбебап станоктар қойылған. Міне, осылардың күшімен құрылысқа қажетті материалдар, сәндік өнімдер жасалады. Өнім демекші, мәселен, зауыттан шығарылатын қабырғалық тасты алсақ, оның көлемі 7 бірдей шартты кірпіштен артық. Осы өнімге қоса, басқалай да өрнектас сияқты құрылыс материалдары түрлі түс беретін қоспалар қосылып жасалады. Сондай түрлі түсті өнімдердің 12 түрі шығарылады. Жалпы алғанда зауытта жасалатын өнім түрлері мынадай: қабырғалық тас – 12, қаптайтын тас – 7, абаттандыруға қажетті элементтер – 12, жаяужол салуға қажет плиталар – 11 және жолдардың жиегіне қажет тас – 3 түрлі.
Көлемі жай кірпіштен 7 есе артық өнімнің қалай шығатынын да көрдік. Оған қандай шикізат пайдаланылатыны белгілі емес пе? Сапалы цемент, електен өткізілген құм. Бірақ бұл жерде кірпіш жасаудың технологиясы қатаң сақталмаса, өнім сапалы болмайды. Осы жерде станоктан шығып жатқан кірпіштер булайтын камераға қойылады да, ол жағалай жабылып, онда 10 сағат ұсталады. Осыдан кейін барып, өнім жөнелтуге дайын болады. Өрнектастарды дайындаудың да өз әдісі бар. Ол әдеттегідей құйылып емес, арнайы станокта тербеліс жасау арқылы сығымдалады, нығарланады. Мұндай өнім сондықтан да берік болады.
Өнім шығару бар да, оны өткізу бар. Бұл орайда “Мичурин кірпіш зауыты” ЖШС-і шығаратын өнімдерге қызығушылық танытатындар баршылық. Зауыт өнімдері бүгінде бергі жағы – Көкшеге, арғы жағы – Қостанайға, Маңғыстауға жөнелтілуде. Өзімізге келсек, жуырда қайта жаңғыртылған вокзал алаңының бір бөлігіне осы зауыттың өрнектастары төселген. Бұл зауыттың қолтаңбасы Көкшетау қаласында салынған 3 қабатты сауда орталығында, қаламыздың 20-шы шағын ауданындағы тұрғын үйлерде, №3 емханада, Аққайың ауданындағы Полтавка ауылындағы мектепте, Мағжан Жұмабаев ауданының Хлеборобное ауылындағы фельдшерлік-акушерлік пунктте қалдырылған. Зауыттықтардың бір мақтанатыны сол, олардың қолымен жасалған өрнектастар Бурабай ауданындағы Қарасу көлінің жағасында орналасқан Қазақстан Республикасы Президентінің резиденциясында төселген.
“Еңбекпен адамның өмірі өрнектеледі” деп бекер айтылмаған ғой. Константин қаладағы №1 орта мектепті бітіргеннен кейін сол кездегі Солтүстік Қазақстан механикалық техникумына түскен. Білімің болмаса, биікке қол созу қиын екенін түсінген жас жігіт кейін Новосібір мемлекеттік экономика және басқару академиясын тамамдаған. Еңбек жолын 1997 жылы “Кока-Кола” – Алматы – Ботлерс” компаниясының Петропавл филиалында менеджер болып бастап, одан әрі сатылай отырып, өсу жолдарынан өткен. Ол құрылыс саласына келу себебін әкесі Василий Яковлевич пен шешесі Галина Александровнаның өмір бойы сол салада қызмет еткендіктерімен түсіндіреді. Анатолий Валерьевич бүгінгі атқарып жатқан жұмысымен шектеліп қалмай оны қоғамдық жұмыстармен ұштастыра білуде. Соның бірін атасақ, ол қалалық “Нұр Отан” ХДП филиалы жанындағы партиялық бақылау комитетінің мүшесі ретінде де белсенділік таныта білуде.
Константиннің таңырқатқаны сол – ол қазақ тіліне де құралақан емес екен.
– Бірде былай болды. Автовокзалда билет кассасында кезекте тұрғанбыз. Бір кезде әлгі жерге бойларында “қызуы” бар екі қазақ жігіті келді. Келісімен орыс ұлтының намысына келетін сөздер айта бастады. Мен оларды ақылға шақыра тұрып: “Достық, ұлттық келісім – Қазақстанның болашағының кепілі” деп Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі айтқан, білесіңдер ме?” – дедім қазақша. Әлгілердің ауыздары аңқиды да қалды, әлгі жерде тұрғандар да аң-таң болды.
Президентіміздің әлгі сөзін ол маған да қазақша қайталап берді. Одан әрі екеуара тілдескенде, Константин тілі келгенше қазақ сөздерін қосып сөйлеуге тырысып бақты. “Қазақ достарым көп, сондықтан қазақ тілін білгеннен кем болып қалмаймын ғой”, – деп жатыр ол көңілді күйде.
“Мичурин кірпіш зауыты” ЖШС-нің өңіріміздегі танымал кәсіпорын екенін мынадан да көруге болады. Олар үстіміздегі жылдың 3 шілдесі күні Астанада өткен “Қазақстандық тауарларды сатып ал!” акциясы аясында “Қазақстандық өнімдердің мазмұны” көрмесіне қатысып қайтқан. Оның алдында, 18 маусым күні қаламыздағы “Түркістан” мейрамханасында Индустрияландыру күніне орай “Солтүстік Қазақстанда жасалған” айдарымен өңіріміздің жетістіктерін паш ететін жәрмеңке-саудаға және басқа да осындай шараларға қатысқан. Әрине, олардан құр қол қайтпаған, түрлі марапаттарға ие болған. Және де кәсіпкерлік қызметтегі еңбегі әділ бағаланып, облыс әкімі Серік Біләловтің атынан Алғыс хат, диплом алған.
Жуырда облыс әкімі “Қазақстанның үздік тауары” өңірлік байқау-көрмесіне қатысушыларды қабылдап, өнеркәсіп және азық-түлік тауарларын өндіруде озық танылған бір топ кәсіпкерлерді марапаттады. Солардың арасында Константин Фролов басқаратын “Мичурин” кірпіш зауыты да бар. Олар қосымша дипломға ие болды.

СУРЕТТЕРДЕ: зауыт директоры Константин Фролов; қоспалауыш станоктың операторы Нұржан Бұртымбаев; баспақтау станоктың операторы Руслан Есентеміров.

Суреттерді түсірген автор.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp