«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҰЛЫ МАҒЖАН ТУРАЛЫ ТУЫНДЫ ақынның туған жерінде түсірілу үстінде

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

“Мотор! Бастадық!” – деді деректі фильмнің режиссері Марат Қоңыров. Сол сәтте облыстық тарихи-өлкетану мұражайының экспозициялық алаңы Мағжан мен Зылиха Жұмабаевтардың пәтеріне айналып жүре берді…

Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

…Мағжан Жұмабаев (Дарын Қалиев) ойға шомып, бірдеңені есіне түсіргендей болып, бөлмені бойлай әрлі-берлі жүрді. Ойға шомған күйі жұмыс үстеліне жайғасып, іс тігіп отырған Зылихаға (Гүлмира Ахметова) бір қарады. Ойына бірдеңе түскендей алдында жайылып жатқан том-том кітаптарды бірінен соң бірін ақтара бастады…
Бұл Мағжанның жаңадан отау тіккен шағы. Түсіруден бұрын режиссер актерге соңғы тапсырмаларын айтып жатты. Деректі фильмнің суретшісі Александр Ророкин болса Мағжан Жұмабаевтың өз кезінде оқыған Абай, Гете, Байрон, Лермонтов, Фет, Блок, Горький сынды ақын-жазушылардың кітаптары мен 20-шы жылдардағы газет-журналдарды қойып, сол заманның шынайы бейнесін жасауда. Мағжанның жұмыс үстеліндегі кітаптар мен газет-журналдар ортасында жарқырап “Қазақ” газеті көрінеді.
Алматыда басталып, Мағжанның туған жерінде жалғасқан деректі фильмнің 90 пайызы өңірімізде түсіріледі. Мағжан өмірінің бақытты шағы – сүйген жары Зылихамен кездесуі, 1912 жылы Қазан қаласында “Шол-пан” атты алғашқы өлеңдер жинағы шыққан кезі, одан кейін кемел шағына бет алған тарпаң дарынның тағдырына тұтқиылдан келіп араласқан қызыл империяның қызылкөз жендеттері оның жолын кесіп, түрмеге қамаған уақыты да Қызылжар қаласында түсірілуде.
Барлығы шынайы. Өлкетану мұражайының қызметкерлері көздің қарашығындай сақтаған антикварлық диван, айна, емен ағашынан ойылып жасалған жұмыс үстелі өткен ғасырдың 20-шы жылдарын көз алдыңа елестеді. Бұл Әлихан Бөкейханов, Тұрар Рысқұлов, Міржақып Дулатов, Сәкен Сейфуллин, Ахмет Байтұрсынов ғұмыр кешкен заман. Қызыл империяның қылышынан қан тамған уақытта өмір сүрудің өзі қалай ауыр болса, оны суреттеу де сондай ауыр. Мағжанның ойы мен арманын барынша дәлдікпен беруге тырысқан сценарий авторы және фильмнің режиссері Марат Қоңыров былай деді:
– 1923 жылы Жүсіпбек Аймауытов Мағжанды Абайдан кейінгі қазақ әдебиетін қалыптастырған ақын деп айтып кеткен. Оның қазақ әдебиетіне қосқан үлесінен басқа, оны қазақ тәуелсіздігі үшін күресіп, жанын пида еткен қайраткер ретінде тану керек. Мағжанның идеясын, рухын, адами құндылықтарын қалың қауымға жеткізудің бір жолы – кино. Сондықтан да осы фильм қалың жұрттың көкейінен шығады деген үміттеміз.
Түсіру жұмыстарының 4-ші күні Мағжанның кіндік қаны тамған Сарытомар ауылында жалғасты. Мағжанды ақ қайыңды орманы мен көл жағасында ат үстінде серуендеп жүрген кезін түсіру ақын болмысын ашуда таптырмас көрініс деп санайды фильм авторы. Өмірі мен шығармашылығын зерттеген Марат Қоңыров ақынның жылқы малын өте қатты жақсы көргенін айтады. Аттың жүйрік шабысы оны қашанда қанаттандырып, жүрегін қуанышқа бөлейтін, дейді ол. Сондықтан да фильм 12 жастағы бала Мағжанның аттың үстінде желмен жарыса шауып келе жатып: “Бұл менің елім, бұл менің жерім!” деген сөздерімен басталады.
Фильм желісі күнделік арқылы өрбиді. Марат Қоңыров Мағжанның жазған өлеңдері арқылы ақынның белгілі бір өмір белестеріне сүйеніп, күнделік жазып шыққан екен. Күнделікте жазылған Мағжанның ішкі монологтары ақын мен көрермендерді көпір іспетті барынша жақындастыра түсуі тиіс, дейді фильм авторы.
1 сағатқа созылатын фильмде Мағжан өмірінің айтулы кезеңдері көрініс табады. Фильмнің соңғы шешуші кезеңі – “Алқа” атты жасырын ұйым құрғаны үшін айыпталып, Мәскеудегі Бутырка түрмесіне қамалғаннан кейінгі тағдыры. 10 жыл айдауға кесілген Мағжанның еңсесі түсіп, сұм өмірге налыған тұсын Дулыға Ақмолда ойнайды.
…1936 жыл. Мағжан М.Горький мен Е.Пешкованың араласуымен бостандық алып, еліне қайтқан кезі. Сәбит Мұқановтың шақыруымен Алматы қаласына келеді. 1937 жылдың күзі. Сәбит Мұқанов Алматы қаласында Мағжанды қарсы алған сәті…
Фильмнің бұл сәті қаланың сапаржай маңындағы ескі ғимараттардың көрінісінде түсірілді. Сәбит Мұқанов пен Мағжан Жұмабаев сапаржайдан кейін Сәкен Сейфуллиннің үйіне барғандағы көріністің жалғасын Алматыда түсіру жоспарланған.
Деректі фильмнің шешуші сәтіне де жеттік. Қайта қамауға алынған Мағжан. Өлім жазасына кесілген Мағжан. Жас жүрегі уға толып, жабыққан шағы. 1938 жыл. Ату жазасы… Түсіру тобы бұл көрініске лайық тарихи ғимаратты көп іздеген жоқ. Қала орталығындағы ескі мешіттің ауласында “Қалыңдық үйінің” қора-қопсысынан қалған ескі қабырға дәл осы көрініске сұранып тұрғандай, дейді фильмнің режиссері.
Мағжан өмірінің әр кезеңінің көрінісін өз көзіңмен көрген сайын ақынның “Өмір – теңіз, жоқ оның түбі, шеті…”, деп басталатын “Жан сөзі” атты өлең шумақтары еріксіз еске түсті. 27 шумақтың ішіне өмірін, қилы тағдырын, ойы мен арман-мақсатын, болашағын да сыйдыра білген ақынның осы өлеңі фильмнің сценарийі секілді.
Мағжан мен Зылихадан басқа, фильмде ел азаттығы үшін күрескен Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дула-тов, Әлихан Бөкейханов, Сәкен Сейфуллин сынды қоғам қайраткерлері көрінеді. Қызылжарлықтар да фильм кейіпкерлерінің біріне айналды. Мәселен, облыстық тарихи-өлкетану мұражайының әдебиет бөлімінің ғылыми қызметкері Ирина Матвеева Мағжан Жұмабаев “Восток” баспасында қызмет еткен жылдардағы хатшы рөлін сомдайды.
Көріністерді түсіру кезіндегі үзілістерде М.Әуезов атындағы академиялық драма театрының актері, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Жастар одағы сыйлығының лауреаты, “Қызжылаған”, “Біржан сал” және тағы басқа көркем фильмдерде басты рөлдерді сомдаған Дулыға Ақмолдамен сұхбаттасудың сәті түсті.
– Фильмдегі рөліңіз жайында айтып өтсеңіз.
– Бұл фильмде Мағжанды ақын ғана емес, елінің азаттығы үшін күрескен қоғам қайраткері ретінде көрсету көзделген. Абақтыға қамалып, өмірінің қиын кезеңдерін басынан өткеріп жүрген Мағжанды сомдаймын. Режиссер Мағжанның рөлін ұсынғанда еш ойланғаным жоқ. Мағжандай ойшыл, рухы биік ақын-ды сомдау мен үшін кинодағы жетістік деп санаймын.
– Аға, фильмнің кульминациялық көрінісі – Мағжанды ату жазасы. Ақын өмірінің соңғы мезеттерін ойнағанда іштей нені сезіндіңіз?
– Мағжанның басынан өткенді Құдай адам баласына бермесін! Ату жазасына кесілген Мағжанның бейнесін елестетудің өзі қиын. Жүрегі елім, жерім деп қан жылап тұрған ақын өмірінің ақырғы мезетін ешбір сөзсіз, тек көзбен, іс-қимылмен жеткізу керек болды. Қиындау болса да, жеткіздім деп ойлаймын.
– Ақын шығармаларынан қай өлеңін сүйіп оқисыз?
– Мағжан шығармалары қо-лымызға тигеннен бастап, түбегейлі зерттемесек те, оқыдық. Жаттадық. Академиялық театрда Мағжанның “Шолпанның күнәсі” әңгімесі бойынша марқұм Қайрат Сүгірбаев спектакль қойды. Мен Әзімханның рөлін ойнадым. Бұл қойылым арқылы Мағжанның ішкі жан дүниесін беруге тырыстық. Ал өлеңдерінен:
Мен қуансам, жас баладай қуанам,
Көрген адам талай деген: “Есалаң!”
Мен қайғырсам, орнатамын қиямет,
Жас баламын, тағы да тез жұбанам, – деген “Сырым” деп аталатын өлең шумақтарын оқығанда өзімді көргендей боламын, – деген актер фильмнің келесі көрінісіне дайындығын бастап кетті.
Құйрықты жұлдыздай жарқ еткен Мағжан жайлы фильм демеушілердің қаражатына түсірілуде. Облыс басшылығы да көмек көрсетуде. Фильм жоспар бойынша қаңтар айында көрермендерге жол тартпақ.

Суреттерді түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp