«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БЕСКӨЛДІКТЕРДІҢ БЕРЕКЕЛІ ІСТЕРІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыс әкімі Серік Біләлов дүйсенбі күні түс ауа Қызылжар ауданының орталығы – Бескөл ауылында болып, бірқатар нысандардың жұмысымен танысты.

Гүлнәр САЙЛАУҚЫЗЫ,
журналист.

Өңір басшысының алғаш ат басын тіреген жері “Радуга” ЖШС-і болды. Ондағы шекілдеуік өндіретін цех 2007 жылы іске қосылған. Қазір аталмыш өндіріс орнында 50 адам еңбек етеді. Түрік құралымен жабдықталған бұл цех сағатына 1 тонна өнім шығарады.
Серік Біләлов пластмасса түйіршіктерін шығаратын цехтың да жұмысымен танысты. Кейін олардан пластмасса бұйымдары өндіріледі екен. Барлығы да цехтың өз өнімі.
Биыл кәсіпорын жаңа қазандық орнатыпты.
– Үстіміздегі жылы Германиядан жаңа қазандық сатып алдық. Экологиялық жағынан таза жұмыс істейді. Ол отын, жаңқа, тақтай қалдықтары сияқты тез жанатын заттардың арқасында жылу береді. Шығыны аз. 5 мың шаршы метрді жылытуға қуаты жетеді. Біз қазір 2 мың шаршы метр аумаққа жылу беріп отырмыз, – дейді кәсіпорынның инженері Вадим Христофориди.
Еліміздің барлық өңірлерінде бірнеше филиалын ашқан серіктестік қазір 5 бағыт бойынша бизнесін дамытып отыр.
– Шекілдеуік, жүгері таяқшаларын шығарамыз. Сонымен қатар тұрмыстық қалдықтар полигонынан пленкаларды сатып алып, қайта өңдеп, пластмасса түйіршіктерін өндіріп, олардан 50-ге тарта пластмасса заттарын өндіреміз. Петропавл мен Бескөлді қоса алғанда 650 адамға жұмыс беріп отырмыз, – дейді “Радуга” ЖШС-нің директоры Петр Шарапаев.
Өңір басшысы сапар барысында Бескөлдегі мемлекеттік рәміздер орналасқан алаңда аудан ақсақалдарымен кездесіп, Бескөл орта мектеп-гимназиясындағы мұражаймен танысты. 485 оқушысы бар білім ошағының тарихы тереңде жатыр. 2013 жылы оған бір ғасыр болмақ.
Аудан орталығындағы әлеуметтік дүкенде мұқтаж жандарға керек-жарақ тегін беріледі екен.
– Әлеуметтік көмек көрсету қосыны осыдан бірер ай бұрын ашылды. Нақты көмекке зәру жандарға қол ұшын созамыз. Халық әкелген киім-кешек, жиһаз, ойыншықтарды таратамыз. Мұқтаж жандардың тізімін жергілікті органдар береді. Әлеуметтік көмек көрсететін нысанның ісі оңға басып тұр, – дейді Қызылжар аудандық іскер әйелдер қауым-дастығының төрайымы Айжан Молдахметова.
Іскер әйелдер алдағы уақытта дәл осындай бекетті Соколовка ауылында да ашпақ.
Бескөл ауылына сапарының соңында облыс әкімі Серік Біләлов аудан орталығында жүргізіліп жатқан құрылыстармен, көшелерді абаттандыру жұмыстарының барысымен танысты.
Суреттерді түсірген
Виталий ВЛАСЕНКО.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp