«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Юлия МАРКОВА: “МЕМЛЕКЕТ ТІК ТІЛДІ БІЛУГЕ МІНДЕТ ТІМІЗ”

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

“Бірге! – Вместе!” жастар газетінің бас редакторы Юлия Маркова – ана тіліне шорқақ қазақ жастарына үлгі бола алатын замандастарымыздың бірі. Ол ұлты украин болғанымен, қазақ тілінде еркін сөйлейді. М. Қозыбаев атындағы СҚМУ-де қазақ тілі және әдебиеті пәндерінің мұғалімі мамандығына оқып жүрген кезінде көзге түскен. Университетті тамамдаған соң да мемлекеттік тілдің мәртебесін өсіруден тайынған жоқ. Украин қызының бүгінгі өмірі жайлы төменгі сұхбатымыздан біле аласыздар.

– Юлия, өзіңіз басқаратын газеттің тілі негізінен орысша. Қазақ тілін ұмытып қалған жоқсыз ба?
– Жоқ, әрине. Маған қазақ тілі өз ана тілімдей болып кетті ғой. (Күледі). Университетте оқыған құрбыларыммен кездескенде қазақша сөйлеп, өткен-кеткенді еске алғанды ұнатамыз. Жоғары оқу орнында білім алған тұсымда тіл білу қиынға түскен еді. Бірақ “Алынбайтын қамал жоқ” демекші, бәрін де еңсердік. Сол кездерді, сол ортаны қазір қатты сағынамын, ерекше ықыласпен еске аламын. Қазіргі жұмысымда да қазақ тілінде жазылған материалдарды өзім өңдеймін. Біздің басылым үш тілде жарық көреді. Жан-жақтан келген қазақша мақалаларды өзім қабылдаймын. Авторлардың басым бөлігі – өзім сияқты жастар. Материалдардың түзетілген тұстарын өздеріне айтып, жол сілтеп тұрамын. Сөйтіп, өз қызметімде де қазақшадан қол үзбеуге тырысамын.
– Өзге тілде сөйлеу басқа да, ойлау басқа. Сонда сіз материалдарды түзеп отырғанда, қазақша ой түйесіз бе?
– Әрине. Бұл іске мен өте жауапты болуға тырысамын. Білмегенімді өзге тіл мамандарынан сұрап, ақылдасып тұрамын. Мамандығым қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі емес пе? ЖОО-да алған білімім оң әсерін беруде.
– Жалпы, тіл білуге қалай машықтандыңыз?
– Бастапқыда жергілікті ұлттың тілін білемін деп талпынатындай құштарлығым болған жоқ. Отбасында орыс тілінде сөйледік. Кейінірек жоғары сыныптарда мұғалімім Зейнеп Тәнібаеваның арқасында тілге деген ықыласым арта бастады. Оқу ордасында түрлі мектепішілік шараларға қатысып, қазақша білімімді жетілдірдім. Ал университетке оқуға түскен кезде тіл білу мақсатында көп еңбектендім. Жоғары оқу орнында білім алу мектептегіден басқа ғой. Мұнда сені ешкім жетектеп жүрмейді, тек өзіңе ғана сену керек. Қиын болды, әрине. Маған “сенің ұлтың басқа” деп, біреу көмек көрсетіп, не болмаса, жеңілдік жасаған жоқ. Тілді еркін меңгеруім тек зор еңбектің арқасында келді. Түрлі жарыстарға қатысудан қалыспадым. Бұл қазақ тілін тез үйренуге септігін тигізді. 2006 жылы қалалық және облыстық “Мақсұтым – тіл ұстартып, өнер шашпақ” байқауының бас жүлдесін ұтып алғанмын, аталған республикалық байқауда 3-орынды иелендім. 2007 жылы “Нұрсұлтан Назарбаев – Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан” тақырыбында өткен облыстық рефераттар байқауында облыс әкімінің бірінші дәрежелі сыйақысын алдым. Ал 2008 жылы “Жыл студенті” атануым жаңа табыстарға жетуіме түрткі болды. Жастар арасында мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыруға белсене араласып, қазақ тілін оқып, үйренуде отансүйгіштіктің үлгісін көрсеткенім үшін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Алғыс хатымен марапатталдым. 2009-да Риддер қаласында өткен мемлекеттік тілді жетік меңгерген өзге ұлт жастарының “Тілі бірдің – тілегі бір” тақырыбындағы республикалық форум аясында өткен пікірсайыс турнирінің “Үздік спикері” атандым. Осындай жетістіктерге жетуім, әри-не, маған зор еңбектің күшімен келді.
– Анаңыз қазақ тілінде білім алатыныңызды құптады ма? Сізге қиын болады деп қорыққан жоқ па?
– Жоқ, анам маған әр уақыт демеу болып отырады. Ол әрдайым “Юлия, сен ақылды қызсың, сондықтан сенің әрбір қадамыңды құптаймын” деп, ақыл-кеңесін беруден аянбайды. Университетке түскенде де дәл солай айтқан еді. Менің інім Кирилл Иванников та қазақ тілін жетік біледі. Ол қазір Петропавл жоғары Әскери институтында оқиды. Өзге ұлт жастары арасында қазақ тілінің мәртебесін өсіру мақсатында өтетін институтішілік жарыстарға қатысып тұрады. Екеуміз де бізге үлгі бола білген ұстазымыз Зейнеп Тәнібаеваға зор алғысымызды білдіреміз. Жақсы тәлім ала білген Кирилл қазақ тілінен “бес” деген бағаны бекер алмағандығын көрсетуде. Мектептен кейінгі Ұлттық бірыңғай тестілеу сынағында қазақ тілінен 25 ұпайдың 24-ін жинағанда, көпшілік таңданыспен қараған еді. Бүгінде Әскери институттағы екі курсты артқа тастаған болашақ офицер ел қорғаны болу жолында жақсы оқуы және үлгілі тәртібімен көзге түсіп келеді.
– Сізге қазақ тілінде жұмыс істейтін ұйымдардан жұмыс жөнінен ұсыныстар түскен жоқ па?
– ЖОО-да оқып жүрген кезімде облыстық “Солтүстік Қазақстан” газетінің компьютер бөлімінде азын-аулақ жұмыс істегенім бар. Басылымның ұжымына алғысым шексіз. Ондағы ағайлар мен апайлар тіл білуге деген ұмтылысыма риза болып, мені демеп, білмегенімді айтып, көп көмектесті. Қазақ ұжымында жұмыс істегенім маған үлкен мектеп болды. Әрі газеттің дизайнын жасауға машықтанып алдым. Қазір “Бірге! – Вместе!” жастар газетін өзім жалғыз басып шығарамын. Әрі басылымның шығармашылық тұсы да менің мойнымда.
Түрлі кештерді қазақ тілінде өткізу жөнінен ұсыныстар түсіп тұрады. Қолым босаған уақытта жүргізуші болуға келісемін.
– Демек, осы салаға бет бұрғаныңызға еш өкінбейсіз ғой?
– Әрине, өкінбеймін. Қазақ тілінде өткен көптеген сайыстарға қатысып, мерейім үстем болды. Ұлты қазақ достарыммен бірге еркін сөйлесіп, өзімді елімнің толыққанды азаматы ретінде сезінемін. Ұлты орыс достарым болса: “Қазақ тілін қалай үйрендің, бізге ақыл-кеңесіңді айтшы” деп келіп тұрады. Бұл, әрине, жақсы емес пе?! Қазақстанда тұрған соң, мемлекеттік тілді білуге міндеттіміз деп ойлаймын.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан
Гүлбике ТӨЛЕБАЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp