«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ДІНІМІЗ ДОСТЫҚТЫ ДӘРІПТЕЙДІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қадырбек ШӘРІПОВ,

“Қызылжар” мешітінің
наиб имамы.

Қазақстан деп аталатын ортақ үйімізде түрлі ұлт өкілдерінің татулықпен өмір сүруі, еліміздегі діни ахуалдың сақталуы болашаққа деген сенімді арттыра түседі. Дін арқылы берілетін рухани тәлім-тәрбиенің салауатты қоғам қалыптастырудағы маңызы зор. Тек бірлік, достық, татулық арқылы еліміз биік тұғырдан көрінбек. Бірлік, ынтымақ бар жерде алынбас асу, бағынбас қамал болмасын көне тарих талай дәлелдеп берді де. Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясында сөйлеген сөзінде: “Халқымыздың татулығы мен бірлігі – еліміздің өркендеп, алға басуының басты құралы”, – дей келе, қай кезеңде де бірлік пен ынтымақ, татулық пен тұрақтылық қоғамды тек алға жетелеуші үлкен күш екендігіне баса тоқталды.
Мешіт – адамдарды имандылыққа тәрбиелейтін, халықты береке-бірлікке, жоғары парасаттылық пен ізгілікке бастайтын орын. Қазіргідей бақытты өмір сүріп жатқанымыз жаратушы Алламыздың біздің халқымызға, қазақ еліне, қазақ жеріне берген нығыметі, сыйы деп білеміз. Осы ретте елдің береке-бірлігін сақтау, имандылық және ислам дінінің сауатты түрде ілім-біліммен таралуын кең өрістету жолында атқарып жатқан игілікті істер аз емес. Әсіресе, Елбасымыз халықтар, дәстүрлі діндер арасындағы татулыққа, өзара түсінушілікке, ынтымаққа, қоян-қолтық жұмыс істеуге баса назар аударып келеді.
Саналы мұсылман өзінің көршілерінің ішінде туыстарына немесе мұсылманға ғана жақсылық жасаумен шектеліп қалмай, сонымен бірге мұсылман еместерге де дәл солай етеді. Мұның себебі – исламның соншалық кеңдігінде, ол қандай дінге сенгеніне қарамастан, барлық адамдарды қамтиды.
Міне, сондықтан да иудейлер мен христиандар әрқашан да мұсылманның қамқорлығын пайдаланып отырады, өзінің өмірі, ар-ұяты мен намысы, дүние-мүлкі мен діни сенімі жөнінде ешқандай қауіп-қатер күтпестен, жақсы қарым-қатынас пен қамқорлықтың, ар-ұят бостандығының игілігін көреді.
Ислам діні әлемге шуақ шашып, нұрын тарата бастағаннан бері жұртшылықты татулыққа, достыққа, әділдікке шақырумен келеді. Ислам өмірді ұлықтайды, оны қадірлеуге үндейді.
Ислам әрбір дін өкіліне құрметпен қарайды. Ешкімді дініне, ұлтына, нәсіліне және жынысына қарап бөлмейді. Адамға адами тұрғыдан баға беріп, Алланың алдында ешкім ешкімнен жоғары емес, тек тақуалық пен діндарлықта ғана дәрежелері жоғары болады деген сеніммен әрекет етеді. Себебі Алла тағала Құранда: “Ей, адамзат! Сендерді біз әуелде бір еркек, бір әйелден, бір ата, бір анадан өрбіттік. Өзара қарым-қатынас жасауларың үшін көптеген ұлт, ұлыс етіп көбейттік. Сендердің бір-біріңнен артықтығың несібелеріңмен емес, діндартақуалықтарыңмен есептеледі!” (“Хужурат” сүресі, 13-аят), – деп бұйырды.
Тәуелсіздік алғалы руханиятқа шөліркеген халқымыз уақыт өткен сайын имандылыққа бет бұруда. Алла тағаланың рақымымен, халқымыздың талпынысымен ислам діні Қазақстанда қарқынды дамып келеді. Осының нәтижесінде мешітке келушілер мен намазға жығылушылар санының артуы қуантса, енді бәз біреулер үй ішінен үй тігіп, ынтымағы мен бірлігі жарасқан мұсылмандардың арасына іріткі салып, қасиетті Құран мен хадистерге қайшы іс-әрекеттері арқылы ислам ілімі мен оның асыл құндылықтарына зиянын тигізіп жүр.
Мұсылман адам өзгелерге тіл тигізіп, сауап таппайды, керісінше, исламнан ал-шақтатқандығы үшін күнә табады. Олай болса, мұсылманның міндеті – өзгелерді діннен үркіту емес, өз дінін кемшіліксіз түрде жеткізе білу. Сонымен қатар исламда зорлық жоқ. “Бақара” сүресінің 256-аятында: “Дінде зорлық жоқ”, – деп Алла тағала анық түрде баян еткен соң әрбір мұсылман пенде өз дінін насихаттап, қоғамдағы бейбітшілікті орнатуға талпынуы керек.
Соңғы уақытта дінаралық үн қатысу мәселесі өзекті тақырыпқа айналды. Алайда, бұл үн қатысуды Құран ғасырлар бұрын мұсылмандарға әмір еткен. Құранда Алла тағала кітап иелерін бірлікке, татулыққа және үн қатысуға былайша шақыруды үйретеді: “Ей, Мұхаммед! Оларға айт: Ей, кітап иелері! Сендер мен біздің арамыздағы мынадай ортақ сөзге келіңдерші: (яғни) Алла тағаладан басқаға құлшылық етпейік, оған еш нәрсені ортақ қоспайық. Сондай-ақ Алладан өзгені бір-бірімізге тәңір тұтпайық. Егер олар жүз бұрса: Куә болыңдар, шексіз біз мұсылман болдық деңдер” (“Әл-имран” сүресі, 64- аят).
Ислам діні қоғамдағы өзге дін өкілдерімен сыпайылықпен қарым-қатынас жасауымызды бұйырады. Құранда бұл жайында былай дейді: “Кітап иелерімен ең көркем түрде, сыпайылық пен әдептілік сақтап пікір таласыңдар” (“Анкабут” сүресі, 46-аят). Мұның үлкен айнымас үлгісін Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбар өз кезегінде тамаша жүзеге асырды.
Ислам қоғамдағы тыныштық пен ынтымақты сақтау үшін мынадай негізгі қағидаларды талап етеді:
1. Өзгенің ақысын бұзбау: ислам дінін қабылдаған, Құраннан нәр алған әрбір мұсылман өзгенің ақысын жемей, ала жібін аттамай, өзге мұсылман бауырына зиянын тигізбеу керек. Бұл жайында Пайғамбарымыз былай дейді: “Мұсылман – мұсылманның бауыры. Ол бауырына зұлымдық жасамайды және оны залымдарға тастамайды. Кім бауырының мұқтаждығын өтесе, Алла да оның мұқтаждығын өтейді” (Бухари риуаяты).
2. Әділ болумен жақсы қатынас жасау: адам өмірінің бірқалыпты болуы үшін барлығына бірдей әділ болу керек. Қоғам тыныштығы үшін бұл – басты талап. Сонымен қатар өзгелермен қарым-қатынасты дұрыстау керек. Құранда бұл жайында былай дейді: “Анығында Алла адамдарды әділ болуға, жақсылық жасауға, ағайынға қарайласуға бұйырады. Арсыздықтан, тоңмойындықтан, азғындықтан тыяды” (“На-хыл” сүресі, 90-аят).
3. Жақсы мінезге ие болу: ислам жақсы мінез-құлықтан тұрады. Пенденің иман тұрғысынан кәмілдігі мен әлемнің тыныштығы жақсы мінез-құлықпен жүзеге асады. Алла тағала мұсылмандарға барлық жақсы амалды жасауды бұйырып, жаман іс-әрекет пен қылықтан аулақ тұруды әмір етті.
4. Сенім еркіндігі: ислам жеңіл дін әрі ешкімді діни сенімі үшін айыптамайды. Дінде зорлық жоқ.
Пайғамбарымыз (с.ғ.у.) бір хадисінде: “Жеңілдетіңдер, қиындатпаңдар, сүйіншілеңдер, қорқытпаңдар”, – деген.
5. Мейірімді және кешірімді болу: ислам әрбір пендеге мейірімді және кешірімді болуды бұйырады. Аятта былай дейді: “Кешірімді жолын ұста, дұрыстыққа бұйыр, білместіктен аулақ бол” (“Ағраф” сүресі 199- аят).
Ислам бізге үй ішінен үй тігуді немесе түрлі ағымға бөлініп, кейбір діни-саяси топтың қолшоқпары болып, бүлік шығаруды емес, керісінше, қоғамдағы ынтымақ пен бірлікті ұстануды бұйырады. Сол себепті Алланың біздерге нәсіп еткен тыныштығын сақтайық!

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp