«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТОЛЕРАНТТЫЛЫҚ – ТАТУЛЫҚ ТІРЕГІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қазақстан егемен, зайырлы және демократиялық мемлекет ретінде алғашқы қадам жасаған 1992 жылғы қазанда Алматыда Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қамқорлығымен тұңғыш рет Дүниежүзілік рухани келісім конгресі өтті. Конгресc әртүрлі конфессия, рухани мектеп, гумманитарлық қоғамдық қозғалыстардың өкілдерін жинады. Онда “Дінді құрметтеу”, “Алауыздықсыз айырмашылық”, “Қайырымдылық жасасу” қағидалары рухани келісім конгресінің арқауы болды.  

Нұрислам ҒАБДУЛЛИН,
дін істері жөніндегі департаменттің директоры.

Оны өткізу уақыты кездейсоқ таңдалған жоқ. Осыдан 100 жыл бұрын осындай құрылтайды Чикагода (АҚШ) өткізуге әрекет жасалған-ды.
ХХ ғасырдың 90-шы жылдарының басында Конгресті Мәскеуде өткізу ойластырылған, алайда, сол кездегі Ресейдегі саяси жағдайға байланысты бұл мүмкін болмады. Сол кезде біздің ел бастамашы болған еді.
1992 жылы қабылданған манифестте I Конгрестің қатысушылары 18 қазан күнін жанжалдар мен қақтығыстарға мораторий, адамдар арасында өзара түсіністік, рақымшылық және жақыныңа көмек көрсету күні – Рухани келісім күні деп жариялауға шақырды. Мерекенің тікелей ұйымдастырушылары – Қазақстан халқы Ассамблеясы, “Рухани келісім конгресі” халықаралық қоры мен “Мәдениет арқылы татулыққа” халықаралық қауымдастығы. Мемлекеттік органдар, қоғамдық бірлестіктер, кәсіпкерлік құрылымдар да үлкен қолдау көрсетуде.
Рухани келісім күніне арналған шаралар 20 жыл ішінде елдің өміріндегі елеулі оқиға болды.
Қазақстанның діни конфессияларының маңызды ерекшелігі – өзара сыйластықта. Қазақ жерінен барлық әлемдік діндер өтті, бізде еш уақытта фанатизм немесе төзбеушілік болмаған. Қазақстанның көпұлттық, көпконфессиялық халқына әрдайым ерекше толеранттылық, өзара құрметтеу мен өзара көмек көрсету тән. Қазақстандықтар соңғы он жылдықтарда осы рухани дәстүрге адал қалпында қалуда.
Біздің облыста 580 мың адам тұрады. Олардың 33,6%-ы – қазақ, 50,2%-ы – орыс, 4,8%-ы – украин, 3,5%-ы – неміс, 2,3%-ы – татар, 2,2%-ы – поляк, 1,1%-ы – белорус. Шамамен 100-дей ұлт өкілдері бар. Этностардың осындай сан алуандығы әртүрлі бағыттағы діни бірлестіктердің болуымен сипатталады. Облыстың басым бөлігін мұсылман мен православиелік христиан дінін ұстанушылар құрайды.
1989 жылы облыста тек православие – бір ғана діни бірлестік тіркелген. 2012 жылғы 1 қаңтардағы деректер бойынша діни бірлестіктердің, филиалдардың саны 232-ні құрады, олардың 100-і – исламға, 48-і – православиелік бағыттағы христиандыққа, 11-і – рим-католик шіркеуіне, 69-ы – протестанттық бағыттағы христиандыққа, 1-еуі – иудаизмге, 1-еуі – тибет-будда орталығына, 1 бірлестік Бахаи дініне жатады.
Облыс аумағындағы діни ғимараттардың жалпы саны 200-ге жетті, олардың 65-і – мешіт, 40-ы – православиелік шіркеу, 44-і – рим-католик ғибадатханасы, 51-і – протестанттық ғибадат үйлері.
Облыста Конституцияда баянды етілген ар-ождан бостандығы қамтамасыз етілуде. Біздің азаматтар өздері таңдаған дінді еркін ұстанады, ана тілдерінде сөйлейді, өздерінің мәдениеті мен дәстүрлерін сақтайды. Облыстың ислам және православие қауымдарының өкілдері Қазақстан халқы Ассамблеясына мүшелікке сайланған. Жетекші конфессиялардың басшылары облыс әкімдігінің діни бірлестіктермен байланыс жөніндегі кеңестің жұмысына қатысып, мемлекеттік органдар мен діни бірлестіктердің өзара іс-қимыл нышандары мен әдістерін белгілейді. Облысқа Астана және Қазақстан митрополиті Александр мен Астана қаласындағы Рим-католик архиепархиясының митрополиті Томаш Пэттің келуі, жаппай діни шаралар өткізу дәстүрге айналды.
Діни факторды саясиландыру үдерісіне жол берілмегені өте маңызды. Бұл идея тәуелсіз Қазақстанның алғашқы заңнамалық актілерінің бірі – “Діни бірлестіктер туралы” заңның негізіне енді. Заңда халықаралық сарапшылар кеңестік дәуірден кейінгі елдердің арасындағы ең ымырашыл деп бағаланды. Қазіргі заманның, азаматтық қоғамның даму ерекшеліктері ескеріліп, 2011 жылғы 11 қазанда мемлекет пен діни бірлестіктердің өзара қарым-қатынасы реттелген “Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы” жаңа заң қабылданды.
2001 жылғы қыркүйекте Рим Папасы Екінші Иоанн Павелдің Қазақстанға жасаған сапары Әлемдегі тұрақтылықтың нығаюына біздің елдің үлесін мойындау болды. Астана қаласындағы кездесулер барысында ол қазақстандықтарға татулық пен рухани келісімнің сақталғанына алғысын білдірді.
Конфессияаралық диалогтың қазақстандық үлгісіндегі сәттілігінің дәлелі әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының I съезі болды. 2003 жылы Астанада өткен I съезге 17 конфессиялық делегация келген. 2006 жылы 29 делегация келді. III съезге 35 елден 77 делегация қатысты. 2012 жылғы 30-31 мамырда өткен әлемдік және дәстүрлі дін­дер көшбасшыларының IV съе­зіне дүниежүзінің 40 елінен 87 делегация келді. Соңғы форумның “Бейбітшілік пен келісім – адамзаттың таңдауы” ұранымен өтуі есте қаларлық.
Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының IV съезі жаһандық сұхбат алаңы ретінде кезекті рет өзінің қажеттілігі мен маңыздылығын дәлелдеді. Съезге қатысушылардың нәтижелі жұмысы қойылған мақсатқа қол жеткізуге ықпалын тигізді. Онда үндеу қабылданды. “Дін көшбасшылары барша адамзатты өз жер шарының болашағы үшін жасампаздық пен әділеттілікке, бейбітшілік пен келісімге, өзара ынтымақтастыққа ұмтылуға шақырды. Мен бұл шақыруды діндарлармен әртүрлі дін өкілдерінен басқалардың да игі ниетпен қабылдайтынына сенімдімін”, – деді Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ІV съездің жабылуындағы сөйлеген сөзінде.
Дегенмен, бізге қазіргі заман қақтығыстарға толы екендігін ұмытуға болмайды. Және де олардың көпшілігі діни факторды пайдалану әрекетімен байланысты. Бұл ретте дінаралық шиеленістердің бүгін де, болашақта да болмай қоймайтыны айқын.
Бұл шиеленістердің себептері жаһандану үдерістері мен ақпараттық ашықтықпен тығыз байланысты. Бұл жалған діндердің кіруіне ықпал етеді. Тек мемлекеттік органдар, азаматтық қоғам институттары, конфессиялардың діни көшбасшыларының белсене қатысуымен ғана қоғам жалған діни сипаттағы доктриналарды жамылатын агрессияның және зорлық-зомбылық актілерінің шынайы бейнесін ажырата алады.
Рухани келісім күндері облыста бір күннің аясына сыймайтын іс-шаралар өтеді, кей кездері бір апта бойы жалғасады. Олар салтанатты түрде Құдайға құлшылық ету, барлық мешіт, шіркеу және әртүрлі конфессиялардың ғибадатханаларында мінәжат қылудан тұрады. Қайырымдылық шараларын өткізу, халықтың әлеуметтік қорғалмаған топтарына көмек көрсету, мемлекеттік құрылымдар, қоғамдық, діни, ұлттық мәдени бірлестіктердің, ғылым және мәдениет өкілдерінің қатысуымен “дөңгелек үстелдер” өткізу, классикалық және діни концерттер, кітаптар, өнер туындыларының тақырыптық көрмелері тағы басқа шаралар өткізіледі.
Біздің түсінігіміздегі рухани келісім біркелкілендіруді, бірыңғайландыруды, пәлендей бір жалпы дінді құру дегенді білдірмейді. Бірақ біз дінде адамдардың бірі-біріне қарсы тұруын емес, топтасуын жақтаймыз. Барлық діндер өзінің жақынын сүю, қиналғанға көмектесу, кедей-көпшікті аяу, мәңгілік парыздарға мойынсыну деген бүкіл адамзат үшін түсінікті және қарапайым ортақ ұстанымға негізделген ғой. Рухтың осы кеңістігі адамдарды біріктіретін жалпыға бірдей орта болып табылады.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp