«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АЖАЛМЕН АЛЫСАДЫ АСЫЛГҮЛ ДЕ…

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Медбике – дәрігердің көрсеткен ем-домын сауатты да қалтқысыз орындап, науқаспен күндіз-түні бірге болып, қаншама адамның емделуіне септігін тигізетін дәрігер мен науқастың арасындағы дәнекер. Осындай дәнекер жандардың бірі – Асылгүл Алкешева. Облыстық аурухананың жансақтау бөлімінде 10 жылдан аса уақыт бойы қызмет етіп келе жатқан оны өз ісінің білгірі деп айтуға болады. 

Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.

“Өмірі қыл үстінде жатқан науқастарды қарау оңай емес. Біздің бөлімде біліктілердің біліктісі, кәсіпқой, әсіресе, адами құндылықтары жоғары, жауапты медбикелер жұмыс істейді”, – дейді бөлімнің аға медбикесі Татьяна Ромашкина. Оның осы сөзінен-ақ Асылгүл Ал-кешеваның қандай маман екендігін ұғындық.
10 жылдан аса уақыт бойы бір бөлімде тапжылмай қызмет етіп келе жатқан Асылгүл Алкешева – Есіл ауданының тумасы. Бала кезден ақ халатты абзал жандардың ісіне қызығушылықпен қарап, олардың күнделікті адам үшін жасайтын жақсылықтарын бар жақсылықтың шыңы деп бағалайтындардың бірі болған. Сондықтан да ол облыстық медициналық колледжге медбике мамандығы бойынша оқуға түсіп, оқуды аяқтағаннан соң, ойланбастан жансақтау бөліміне қызметке орналасады. Жансақтау бөлімінің өзге бөлімдерге қарағанда жұмысы қиынырақ. Бұл бөлімдегі науқастардың өмірі үнемі қыл үстінде болатындығын айтпағанда, адамның жанын арашалауға арналған медициналық құрылғылардың да құрылысы күрделірек болады. Ал медбике дәл осы құрылғылардың бірін емес, уақыт өткен сайын жаңарып тұратын құрылғылардың бірнешеуін аз уақытта меңгеріп, оны қолданудың тәсілдерін бұлжытпай орындауы керек. Себебі, кей тұста дәл осы құрылғылардың дұрыс қолданылуы, ем-домның уақтылы берілуі жансақтау бөліміндегі науқастардың өмірге қайта келуіне кепіл бола алады.
– Өлім аузында жатқан адамдарды күн сайын көру қандай қиын болса, бұл қызметті еңсеру де сондай қиын. Бұл бөлімде жұмыс істеу үшін біліктіліктің өзі аздық етеді. Жүйкең мықты болуы тиіс. Жүрекке алмай, салқынқандылықты сақтау қажет. Өйтпесең, кереуетке таңылып жатқан, сенің көмегіңе зәру адамға көмектесу мүмкін емес, – дейді Асылгүл Алкешева.
Сөзі байыпты, өзі салмақты Асылгүл кәсібилігінің нәтижесінде 2010 жылы өткен медбикелер байқауының жеңімпазы атанып, өңіріміздегі үздік әріптестерінің қатарына қосылған болатын. Жансақтау бөлімінде қызмет еткен уақыт ішінде ол бір емес, бірнеше адамға жарық дүниені көруге септескені сөзсіз. О дүниеден қайта оралғандай сезімде болатын жансақтау бөлімінің науқастары көзін ашқанда бірінші көретіндері де – осы медбикелер. Асылгүл Алкешева: “Осындай мезеттерде науқастың көңілін көтеріп, барлығы жақсы екендігін жеткізуге тырысасың. Жүрегің елжіреп, өмірге жаңадан адам келгендей сезімде боласың. Сондықтан қызметіме кіріскен сайын жансақтау бөліміндегі науқастардың дені сау болып, өмірге қайта оралса екен деп тілеймін”, – дейді.
Суретті түсірген
Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp