«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БОЗБАЛАЛАР БОРЫШТАРЫН ӨТЕУГЕ АТТАНДЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қанат АТАМАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.

Қазанның 17-сі күні “Әскерге аттанушылар күні” акциясымен айшықталып, Ішкі әскер Әскери институтының базасында Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері қатарында шұғыл қызметін өтейтін 100 әскерге шақырылушыны салтанатты шығарып салу рәсімі болып өтті. Оларды туған-туыстары, облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменттің қызметкерлері және Ұлы Отан соғысы мен Қарулы Күштер ардагерлері салтанатты түрде шығарып салды.
Болашақ сарбаздарды салтанатты шығарып салу рәсімі 90-шы жылдары Тәжікстан шекарасында тұтқиылдан тап берген жаумен болған қанды ұрыста қарулы топтарға батыл тосқауыл қойып, қаза болған қазақстандық батальонның 17 жауынгеріне арналған монументіне гүл шоғын қоюдан басталды. Шара барысында әскерге аттанушылар мен 400-ге тарта оқушы ең әуелі қару-жарақ көрмесін тамашалады. Олар түрлі атыс қаруларын қолдарына ұстап көріп, фотосуретке де түсті.
Әскери институт оркестрінің сүйемелдеуімен өткен салтанатты рәсімде әскер қатарына қосылғалы тұрған жас сарбаздарды құттықтаған облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменттің бастығы Еркінбек Байболов бүгінгі шараның негізгі мақсаты жастар арасында қазақстандық отансүйгіштікті тәрбиелеу болып табылатындығын айтты.
Содан соң сөз алғандар жас сарбаздарға ізгі тілектерін білдірді.
Әскерге шақырылушылардың атынан Отан алдындағы әскери борышын адал атқаратындарына уәде берген Омбы Темір жол көлігі академиясының тәрбиеленушісі Александр Березин: “Отан алдындағы борышымды абыроймен атқарғым келеді, алдағы өміріме жол ашып, әскери қызметкер болу және кейін келісімшарт бойынша қалу жоспарымда бар”, – деп ағынан жарылды.
Шара барысында жұртшылық назарына Әскери институттың карабиншілері саптық қимылдарды орындау өнерлерін, ал 3-ші ротаның жеке құрамы қоян-қолтық ұрыстың айла-тәсілдерін және көлікпен қашқан лаңкестерді ұстау жөнінде дайындаған көріністерін көрсетті.
Облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығының орынбасары Сағындық Сүлейменовтің айтуынша, кейінгі жылдарда әскерге шақырылатын балалардың тек жартысы ғана жауынгер болуға жарамды болып шығады. Қалғандары денсаулықтарына байланысты келесі шақырылымға қалып отырады екен. “Соған қарамастан әскер қатарын жаңа толқынмен толықтыру мәселесі шешіліп отыр, биылғы күзгі әскерге шақыру науқанының жоспары бойынша әскерге облысымыздан 700-дей бозбаланы аттандырмақпыз. Негізінен, әскер қатарына жоғары және орта арнаулы білімі бар жастарды жіберуді көздеп отырмыз”, – деді.
Шара соңындағы концерттік бағдарлама да әсерлі болып, жиналғандардың көңілінен шықты.
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp