Балалар, қазақ ұлттық мультфильмдері өзге анимациялық туындылардан несімен ерекшеленеді деген сұраққа мүдірместен “Даналығымен” деп жауап берсеңіздер қателеспейсіздер. Қазақ мультипликаторларының қай мультфильмін алып қарасаңыздар да, түп-тамырында көрермендеріне даналықты, парасаттылық пен ақылдылықты үйретуге тырысады. Сондай мультфильмдердің бірі “Даналық пен Байлық” деп аталады.
Бұл мультфильм 1977 жылы “Қазақфильм” киностудиясында Әмен аталарыңның сценарийі бойынша түсірілген. Мультфильмнің түсірілгеніне көп уақыт өтсе де, көтерген тақырыбы жағынан әлі де өзекті. Себебі, мультфильмнің негізіне халық ертегісінің желісі енген. Ал халық аузынан тараған әңгіме, қиссалар қашан да маңыздылығын жоймайды. Бұл ертегі де, көптеген халық ертегілеріндегідей “Ерте, ерте, ертеде…” деп басталады.
Ертеде Дию мен Дана өмір сүріпті. Бір күні Дана Диюға келіп: “Адамға бақытты болуы үшін не керек осы?” деп сұрапты. Дию өркөкірек болса керек: “Адам бақытты болу үшін, әрине, байлық керек” депті. Сонда Дана: “Жоқ олай емес. Адамның бақыты – ақылдылықта” деген екен. Бұл сөзге Дию тоқтамайды да, “Бақытқа ақылсыз ие болуға болады” деп, Данаға сөзін дәлелдеу үшін артынан ертеді. Сонымен екеуі жолға шығып, көп жүріпті. Қанша жүрсе де, алдынан бақытсыз Тазша балаға ғана кездесе беріпті. Тазша баланың бақытсыздығының мысалында Дию ақылсыз да бақытқа қол жеткізуге болатындығын дәлелдегісі келіп, Тазша баланың қолынан алтын-күмістер шығатындай етіп, сиқырлап тастайды екен.
Аштықтан бұратылып оянған Тазша бала жердегі тасты ұстай қалса, алтынға айналғанына көзі жетпей, жұртшылықтың алдында тастарды алтындата беріпті. Оны көрген саудагерлер алтынға ие боламыз деп, сол жерде таласып, тартысыпты. Саудагерлер арасында талас-тартыс ұйымдастырғаны үшін Тазша баланы зынданға қамап тастайды. Байлық Тазша баланы дәрменсіз күйге жеткізетінін болжаған Дана: “Көрдің бе, сенің байлығың Тазша байғұсты не қылғанын?” депті де, Тазша балаға ақыл жіберіпті.
Зынданда жатқан Тазша бала бір мезетте сыртта тұрған қарауылдарды айламенен ішке кіргізіп, өзі бостандыққа шығады. Келе жатып, қарсы алдында жайылымы сусыз құрғаған, жері тарылған бір ауылды кездестіреді. Ол ауылдың арығын жапқан бір бай екен. Ауыл адамдарына көмектеспек болған Тазша бала ақылға салып, арықтағы суды жіберудің тәсілін ойластырады. Ойлай келе, қолына тиіп кеткен тастың барлығы алтынға айналатынын біліп, қанағатсыз байға көп алтын лақтырып, арықтағы суды халыққа ағызыпты. Тазша баланың ақылдылығына таңғалған жұртшылық оған қол бұлғап, қошеметтепті. Су келісімен жер көгеріп, мал жайылып, халық қуанышқа бөленеді. Осыны төбеде тұрып көріп отырған Дию ақылсыз байлық болмайтындығына сеніпті.