«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕҢБЕККЕРЛЕРІН ҚАДІРЛЕЙТІН “ЕДИНСТВО”

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Тоқтар ЗІКІРИН,

“Солтүстік Қазақстан”.

“Единство” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 1999 жылы құрылысқа қажетті құрылыс материалдары мен өнімдерін өндіру мақсатында құрылды. Ол бұған дейін банкроттыққа ұшыраған “Темір-бетон” АҚ-ның күйреп қалған өндіріс ошағында ұйымдастырылды. Бұрынғы зауыттың сиқы кетіп бүліне бастаған қаңқиған ғимараттары болмаса, өндіріс техникалары мен құрал-жабдықтарының қирағаны қирап, тоналғаны тоналып, әбден талан-таражға түсіп, іске асары жоқтың қасы еді. Алдымен қысқа мерзімде жиырма шақты адам жұмыс істейтін шағын өндіріс алаңын іске қосып, кәсіпорынға жан бітірген жаңа серіктестік басшылығы оны ірі өндіріс орнына айналдыруға бел шешіп кірісті. Бұл талпыныс зая кетпегенін айтуымыз керек, бүгінде кәсіпорын облыс және қала құрылысшыларын сапалы материалдармен жабдықтап отырған іргелі өндіріс орындарының бірі саналады.
– Зауыт шығаратын құрылыс материалдарының көлемі алғашқы он жылдың ішінде 1 миллион теңгеден 305 миллион теңгеге дейін өсті. Құрылыс саласын да шарпыған қаржы дағдарысының салдарынан өндіріс көлемі бұрнағы жылы аздап кемігенімен, былтырдан бастап қайта көтеріліп келеді. Бүкіл еліміздегі сияқты, біздің облысымызда да жыл сайын мыңдаған шаршы метр тұрғын үйлер пайдалануға берілуде, жаңа мектептер, балабақшалар, денсаулық сақтау ғимараттары салынуда. Сондықтан осы әлеуметтік маңыздағы құрылыстар қажетіне еліміздің ішкі нарығында ғана емес, одан тысқары жерлерде де бәсекеге қабілетті материалдар мен өнімдер өндіру – біз үшін үлкен мәртебе. Соңғы жылдары кәсіпорында құрылыс материалдарының бірнеше жаңа түрлерін шығару жолға қойылды, – дейді кәсіпорын басшысы Марат Мергенов.
Зауыт аумағындағы өндіріс алаңдарында түрлі қалыпта құйылып жатқан құрылыстың темір-бетон бұйымдарын көргенімізде, ондағы жұмыс ауқымына тәнті болдық. Темір-бетон өнімдерін шығарудың дайындалатын өнім түрлеріне байланысты әртүрлі технологиялары бар. Бірақ олардың бәріне ортақ бір жайт – бұйым шығару қалыптары алдымен темір арматуралармен шегенделеді де, оған езілген бетон дайындамасы құйылады. Ал ондағы цемент, қиыршық тас және құм құрамдарының шығарылатын өнім түрлеріне байланысты технологиялық нормалары болады. Осыларды және қалыптағы құймалардың дұрыс кебуін қадағалап отыратын сапа бақылауы жүйесі жұмыс істейді.
Кәсіпорын 1999-2012 жылдары өндірісте іргетас блоктарын, арасы қуыс темір-бетон төбе жапқыш плиталар, төрт қырлы қадалар, бітеу қабырғаларды қосатын темір-бетон қаламалар, кәріз, су құбырларының құдықтары үшін шегендер, олардың түптері мен қақпақтарын шығаруды игерді. Сондай-ақ соңғы екі жылдан бері кәріз, су және газ құбырлары үшін темір-бетон қақпақ және олардың құрсауын шығаруды қолға алып отыр.
Ұжымның өзі өндіретін өнімдерімен түрлі көрмелерге, байқауларға қатысып, бәсекелі ортада белсенділік танытып жүргені тәнті етеді. Соның нәтижесінде жаңа өнімдеріне лайықты сертификаттар алып, талай мәрте Алғыс хаттармен және дипломдармен марапатталды. 2008 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің сыйлығы үшін өткен байқауда екінші орынды еншіледі. Сол сияқты 2011 жылы жоғары өндіріс мәдениеті, жұмыс орындарында қауіпсіз жағдай жасағаны үшін Еңбек қорғау комитетінің Алғыс хатын алғаны да біраз жайды аңғартса керек. Және зауыттың техникалық қауіпсіздік қызметінің өз аталымы бойынша республикалық “Алтын сапа” байқауында 1-орын алуы тегін болмаса керек.
Бір кездері жиырма шақты ғана жұмысшысы болған кәсіпорында бүгінде 80-нен аса адам еңбек етеді.
– Жұмысшыларымыздың орташа айлық еңбекақысы 75-80 мың теңгені құрайды, таза қолдарына тиетіні 65-70 мың теңгеден. Еңбек өнімділіктеріне қарай, одан да жоғары табыс табатындар бар. Тоқсандық және жылдық қорытындылар бойынша өндіріс озаттарына марапаттау шаралары жасалады. Өндірістің техникалық қауіпсіздігі дұрыс сақталып, апатты жағдайларға жол берілмейтіндіктен, еңбекақыларын уақтылы алып отыратындықтан және жұмыс орнында барлық тұрмыстық жағдай жасалатындықтан, біздің ұжымда кадр тұрақсыздығы жоқ. Әркім тапсырылған міндетті мінсіз атқаруға тырысады. Арматурашылар бригадирі Талғат Тұғымбаев, қалыпшылар Марат Мусин, Андрей Андреев, бас энергетик Ахметқали Шаяхин, цех шебері Қазиза Ахметжанова сияқты озаттарымыз үлгілі еңбектерімен жастарға өнеге көрсетуде, өздерінің мол іс-тәжірибелерімен бөліседі, – дейді Марат Тапашұлы.
Жуырда зауыттың механикалық цехы, зертханасы және көлік цехы ішінде барлық керек-жарағы қарастырылған жаңа салынған кең ғимаратқа көшті. Кәсіпорын өзінің өндірістік қуаттарын арттыруға және жаңа технологияларды игеруге үнемі көңіл бөліп отырады. Мысалы, биылғы жылдың басынан бетон езіндісін миксерлерге берудің екінші кезеңі қосылды және жоғарылатылған темір жол тұйықтарының құрылысы үшін шпалдық блоктар шығару игерілуде. Сондай-ақ бетон езіндісін құюдың бес нүктесі іске қосылды. Сөйтіп, басында темір-бетон өндірісін қарапайым электр бағандарын құюдан бастаған кәсіпорын қазір күрделі құрылыс тапсырмаларын орындайтын дәрежеге жетті. Шығарылатын өнім түрлерін көбейте түскен зауыттың ендігі мақсаты нарыққа кең жол ашу, өнімдерін өткізу нарығы шекара-сын кеңейте түсу.
Кәсіпорын өндіріске қажетті материалдар алу үшін өзен құмы жөнінде жеке кәсіпкер Кондюковпен және өзен портымен, қиыршық тас алатын Көкшетау өңіріндегі “Гранитный”, “Васильевский”, “Неруд-Көкшетау”, “Золоторудное” кен орындарымен, Жамбыл және Семей цемент зауыттарымен және Ресейден металл жеткізетін ЖК “Ланщиков”-пен тығыз серіктестік байланыста жұмыс істейді. Ал өнім өткізудегі сенімді серіктестері “Петропавловск-электромонтаж” және “Апаттық қызмет” ЖШС-тері болып отыр. Олар өздері арқылы өзгелерге зауыт өнімдерін өткізуге көмектеседі.
Кәсіпорында еңбек адамына қажетті жағдайдың бәрі жасалған. Тамақ қабылдайтын, киім ауыстыратын, жуынатын орындар бар. Үзіліс кезінде бильярд немесе теннис ойнап демалуларына болады. Зауыт әкімшілігі мен кәсіподақ ұйымы келісе отырып, өз жұмысшыларының балалары үшін жазғы демалыс лагері жолдамасы құнының 80 пайызын төлейді. Сондай-ақ мұнда науқастық парақшасы бойынша толық көлемді төлем жасалады, еңбеккерлердің емделуіне және ота жасатуына ақшалай көмек беріледі.
– Кәсіпорын еңбеккерлері мұндай қамқорлықты өздерінің еселі еңбектерімен ақтайды. Біз онымен ғана шектелмей, зауыт жұмысшыларына өз өнімдерімізді арзандатылған бағаға береміз. Қызметкерлеріміздің арасында өз үйлерін, қосымша қонысжайларын салатындар немесе үйлеріне жөндеу жүргізетіндер болады, оларға мұндай жеңілдік өте қажет. Жалпы бізде еңбек адамына деген құрмет өте ерекше. Мысалы, зауыттың қайта түлеуіне атсалысқан адамдарға кәсіпорынның 10 жылдығы құрметіне “Единство” ЖШС-нің негізін қалаушы” атағымен қоса бірқатар жеңілдіктер берілді. Олардың суреті – зауыттың Құрмет тақтасында. Зейнет демалысына шыққан кезде 5 айлық еңбекақы көлемінде сыйлық жасаймыз. Сондай-ақ жұмысшыларымызға 100 мыңнан 500 мың теңгеге дейін пайызсыз несие беруді өз міндетімізге алдық, – дейді серіктестік директоры.
Иә, өз еңбеккерлеріне осындай қамқорлық жасап отырған кәсіпорында жұмыс жүрсе жүргендей. Бүгінде “Единство” ЖШС-і облыстың экономикалық және әлеуметтік тыныс-тіршілігінде маңызды рөл атқарады.
СУРЕТТЕРДЕ: серіктестік директоры Марат Мергенов; арматурашы Талғат Тұғымбаев; цех бастығы Қазиза Ахметжанова қалыпшы Андрей Андреевке жұмыс жайын тү-сіндіруде; энергетик Ахметқали Шаяхин; қалыпқа бетон құю сәті, зауыттың дайын өнімдері.
Суреттерді түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp