«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАҢА МАУСЫМНАН КҮТЕРІМІЗ МОЛ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қазақ өнерінің қара шаңырағы – С.Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрының XIV театр маусымы сәрсенбінің сәтінде ашылды. 

Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Ғабит Мүсіреповтің 110 жылдық мерейтойына арнап сахналаған “Қыз Жібек” қойылымымен маусым шымылдығын ашқан мұқановтықтар театр маусымы басталмай жатып, түрлі фестивальдарға қатысып бақтарын сынап көрді. Дәл осы қойылыммен жуырда Қостанай облысында өткен республикалық театрлар фестиваліне қатысып келген олар еліміздің 8 театрының ішінде актерлік ойын және режиссерлік ерекше шешіммен қазылар алқасының ілтипатына бөленді.
Аталмыш театрлар фестивалі көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Ілияс Омаровтың 100 жылдығына арнайы ұйымдастырылған болатын. Фестивальдың қорытындысы бойынша классикалық туындыны сахналаған ҚР еңбек сіңірген қайраткері Жанат Хаджиев “Ең үздік режиссерлік жұмыс” аталымының, театрдың көркемдік жетекшісі, Мәдениет қайраткері Біржан Жалғасбаев “Ең үздік ер рөлі” аталымының лауреаты атанды. Осы фестивальда театр ұжымы 21-27 қазан аралығында Алматы қаласында өткізілетін IV Халықаралық Орта Азия елдерінің театр фестиваліне шақыру алып, оған Олег Богаевтың “Down-way” қойылымымен баратын болып отыр. Репертуарында классикалық туындылардан бастап, жерлес жазушылар мен драматургтердің шығармаларына дейін бар театр жаңа маусымда Сафуан Шаймерденовтің 90 жылдық мерейтойына арнап “Дөкей келе жатыр” (қоюшы-режиссер – Баатырбек Шамбетов) комедиясын сахналады. Қойылымның алғашқы көрсетілімі жазушының туып-өскен ауылында көрсетіледі деп күтілуде.
Жаңа маусымда балалар да тысқары қалмайды. Халық ертегісінің желісі бойынша жазылған Талаптан Ахметжанның “Тазша бала” қойылымы да көрермендерге жол тартпақ. Оны театрдың актері әрі режиссері Мақсат Ақжолов сахналауда.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp