Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауының негізгі қағидаларын түсіндіру мақсатында облысымызға республикалық ақпараттық-насихат тобы келіп кетті. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Әбденов бастаған топ облыс активімен кездесіп, бірқатар салалар бойынша Жолдауда көрсетілген міндеттерді талқылады. Жиынды облыс әкімінің орынбасары Александр Чжен жүргізді.
Гүлбике ТӨЛЕБАЕВА,
Ләйла ЖАНЫСОВА,
Тоқтар ЗІКІРИН,
Болат ҚОЖАХМЕТОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Әбденов атап көрсеткеніндей, Елбасы өзінің биылғы Жолдауында өңірлердің индустриялық-инновациялық дамуына баса назар аударып отыр. Қазірде елдегі тұрғындардың 53 пайызы (9 миллионға жуық адам) қалаларда тұрады. Біздің облыста ауыл адамдарының саны қала тұрғындарынан 90 мыңға артық. “Индустриялық-инновациялық бағыттағы ірі жобалар негізінен қалалық аймақтарда жүзеге асырылуы тиіс. Елді мекендерде зауыт немесе фабрика сала алмаймыз. Сондықтан урбанизация мәселесіне көп көңіл бөлгеніміз жөн”, – деді министр. Елбасы кезекті Жолдауында еңбек қоғамын құру жөніндегі міндетт қойғаны мәлім. Ендеше, еңбек өнімділігін арттыруды қолға алу қажет. 2020 жылға дейін елде 700 өндіріс ошағы бой көтеріп, 500 мыңнан астам жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
Осы орайда солтүстік өңірлерге үлкен жүк артылып отыр. Урбанизация үдерісінің жүргізілуімен қатар елді мекендердегі тұрғындар өмірінің сапасын арттыруға негіз болатын агроөнеркәсіп кешенін дамыту мәселесі өткір тұр. Серік Сатыбалдыұлы атап өткендей, бүгінгі күні осы салаға қатысты арнайы бағдарлама әзірлену үстінде. Дағдарыс жағдайлары орын алған уақытта мықты агроөнеркәсіп кешеніміз қиындықтарға төтеп бере алатындай дәрежеде болуы тиіс, деді министр. Өндірісті жаңғырту да – кезек күттірмес мәселелердің бірі. Қазақстан бойынша өндірістік ұйымдарда жұмыс уақытында 179 мың адам қаза тапқан. Сол себепті еңбек қауіпсіздігі сияқты маңызды мәселелерді шешу үшін өндіріс орындары осы заман талаптарына сай болуы керек. Бұл әр қазақстандықтың өнімді еңбек етуіне жол ашады, деді министр өз сөзінде.
Президент Әкімшілігі Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі Жапсарбай Қуанышев Жолдауды ақпараттық қолдау мәселесіне тоқталды. Ал Экономикалық даму және сауда министрлігі Өңірлік даму комитетінің төрағасы Сақташ Хасенов биылғы ауа райының қолайсыздығына қарамастан, біздің облыстың мол егін жинағанын (5 миллион тоннаға жуық) сөз етіп, солтүстікқазақстандықтарды осындай табысымен құттықтады. Комитет төрағасы Ғабит Мүсірепов атындағы ауданға іссапары барысында ондағы тұрмысқа риза болғандығын сөз етті. “Жергілікті атқарушы биліктің қолдауының арқасында мұнда бизнес жақсы дамыған. Аудан орталығының өзінде 10 мыңға жуық адам тұрады. Тұрғындар еңбекпен қамтылған. Осындай аудандар өзгелеріне үлгі болуы тиіс”, – деді ол. Сақташ Хасеновтің ойынша, Елбасы тапсырған мал шаруашылығын дамыту міндеті де біздің облысқа тікелей қатысты. Былтыр өңірімізге асылтұқымды 3 мың бас мал әкелінсе, биыл да дәл осындай мөлшерде жоспар орындалған.
Жиын соңында Білім және ғылым министрлігінің Балалар құқығын қорғау жөніндегі комитетінің төрайымы Раиса Шер білім саласындағы жетістіктер жөнінде әңгімеледі.
* * *
Білім және ғылым министрлігінің Балалар құқықтарын қорғау жөніндегі комитетінің төрайымы Раиса Шер Петропавл қаласындағы №1 арнайы (түзету) мектеп-интернатында болып, онда тәрбиеленіп, білім алып жатқан балалардың жағдайымен танысты.
Раиса Шер жаңа оқу жылы қарсаңында республикалық педагогикалық форум болып өткенін, оның жұмысына педагогтерден басқа үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері мен қоғамдық және ата-аналар қауымының белсенділері де қатысқанын, олар мектеп-отбасы-қоғам арасындағы ынтымақтастық қарым-қатынастар жайында сөз қозғағанын айтты. Ол оқушылардың білім сапасын арттырумен бірге оларды функционалдық сауаттылыққа, отаншылдыққа, төзімділікке, еңбексүйгіштікке тәрбиелеу де зор маңызға ие екенін тілге тиек етті.
– Балалардың білім және тұтастай алғанда өмір сүру сапасын арттыру – басты мақсат. Осы сапаны қамтамасыз ету үшін мемлекетімізде барлық жағдайлар жасалуда. Мектептер жөнделуде, жаңа мектеп құрылыстары жүргізілуде, балабақшалар, шағын орталықтар ашылуда. Осындай оң өзгерістерді Солтүстік Қазақстан облысының білім беру жүйесінде де байқауға болады. Бүгін өзімнің әріптестерім мен балалардың жұмыс істеп, білім алып жатқан ортасын көріп, жағдайларымен жақынырақ танысуды, білім ошақтарының материалдық-техникалық жабдықталуын байқауды мақсат еткен болатынмын, – деген ол мектеп-интернаттың ішін түгел аралап көріп, білім ошағының жалпы жағдайына оң баға берді.
Сонымен қатар Білім және ғылым министрлігінен келген өкіл жұмыс сапары барысында Петропавл қаласындағы №17 ұлттық өркендеу орта мектеп-кешенінде, Бірінші жалпы білім беретін лицейде және Жұмысшы кентінде орналасқан №44 орта мектепте де болды. * * *
Сәбит Мұқанов атындағы облыстық әмбебап кітапхананың баспасөз орталығында Елбасының биылғы жылғы “Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты” Жолдауын насихаттау мақсатында республикалық ақпараттық-насихат тобының құрамында келген Қазақстан Республикасының қаржы вице-министрі Берік Шолпанқұлов облыс қаржыгерлерімен кездесу өткізді. Оған салық және қазынашылық департаменттерінің, облыстық қаржылық бақылау инспекциясының және қаржы басқармасының қызметкерлері қатысты.
Кездесуді облыс әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров ашып, вице-министрге сөз берді. Баяндамашы биылғы Жолдаудың басты назары әлеуметтік жаңғыртуға аударылғанын тілге тиек ете отырып, ондағы он бағыт бойынша Президент қойған міндеттерді жеке-жеке саралап берді. Алдымен өткен жылы қабылданған “Жұмыспен қамту – 2020” бағдарламасы туралы айтып, бұл ретте қарапайым адамдардың өздерінің жеке істерін ашуы үшін бюджеттің қыруар кредиттік қаржысы бөлініп отырғандығына тоқталды. Соның нәтижесінде 1345 адам шағын кредиттерге қол жеткізген, 69 мыңнан астам еңбеккер қажетті мамандықтар бойынша қайта оқытылған, оның 10 мыңнан астамы тұрақты жұмыс орындарын тапқан.
Сондай-ақ “Қолжетімді баспана – 2020” бағдарламасы бойынша да жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқаны атап өтілді. Мұнда, әсіресе, ұзақмерзімді жалға берілетін тұрғын үй құрылысы басымдық алатын болады. Биылдың өзінде ғана осы бағытта 52 миллиард теңгенің қаржысы игерілген. Вице-министр әлі де болса екінші деңгейлі банктер арқылы кредит алудың күрделілігі мен олардың сыйақы пайызының жоғарылығын айтты. Түптеп келгенде, алдағы уақытта тұрғын үй мәселесі негізінен тұрғын үй құрылыс жинақ банкі және жекелеген қомақты қаржы иелерінің жалға берілетін тұрғын үй құрылысы бизнесіне келуі арқылы шешілетін болады.
Өңірлерді дамыту бағытын сөз еткенде вице-министр Солтүстік Қазақстанның мол астығы мен жақсы дамып келе жатқан мал шаруашылығының кластерлік өндіріс құратын аграрлық өнеркәсіп орталығына лайықты екенін айтты. Бүгінде өңірдің беткеұстар өнімі – астығы болса, ет өндіруді де осы дәрежеге жеткізуге болады. Бұл орайда баяндамашы біздің облыстың өте жақсы жұмыс жүргізіп, мал шаруашылығын дамытуда республикада үздіктер қатарынан көрініп отырғанын тілге тиек етті.
Кездесу соңында Берік Шолпанқұлов жиынға қатысушылардың қойған сұрақтарына жауап берді. Ал бюджет қызметкерлеріне еңбекақы төлеудің жаңа моделі туралы сұраққа әзірге нақты жауап бере алмайтынын айтты. Өйткені, әлемге қауіп төндіріп тұрған қаржылық дағдарыстың екінші толқыны басылмайынша, ол мүмкін емес. Зейнетақы жүйесін жетілдірудің моделі де арнайы жұмыс органдарының қарауында көрінеді.
Кездесуді қорытқан Айдарбек Сапаров ашық әңгіме өткізген еліміздің қаржы вице-министрі Берік Шолпанқұловқа алғысын айтып, жиынға қатысқан өңір қаржыгер-лерін жыл аяғына дейін республикалық бюджет қаржысын барынша толық игеруге шақырды.
* * *
Баршаға белгілі, жаһанданудың жалыны лапылдаса, ол шарпып өтпейтін ел болмайды. Еуропаны есеңгірете бастаған дағдарыс Қазақстанға да құрығын сала ма? “Жау жағадан алғанда бөрі етектен алады” дегендей, лаңкестік деген пәледен де сақтанғанымыз, әсіресе, әсершіл жастарымызға абай болғанымыз абзал.
Мұның бәрі көзі ашық, көкірегі ояу зиялылардың алдыңғы легінен табылатын журналистерді әрине қатты ойландырады. Кеше өңір баспасөзінің қара шаңырағы – “Солтүстік Қазақстан” газетінің редакциясына ат басын бұрып, әңгіме өткізген Президент Әкімшілігі Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі Жапсарбай Қуанышев, міне, осыны дөп басып айтты. Сонымен бірге ол Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам” мақаласында көтерілген маңызды мәселелерге тоқталды.
Бақыттың кілті болып табылатын еңбекті насихаттау – БАҚ-тың да басты міндеттерінің бірі. Рес-публикалық ақпараттық-насихат тобының сапында келген Президент әкімшілігінің жауапты қызметкері айнала аласапыран болып тұрған қазіргі заманда ел тыныштығын сақтауға барынша үлес қосудың маңыздылығын айрықша атап көрсетті. “Мен айтпасам да, өздеріңіз жақсы білетін бұл мәселелер газет бетінде сәтімен көрініс табады деп сенемін”, – деді ол.
Суреттерді түсірген
Амангелді БЕКМҰРАТОВ.