Қазіргі уақытта Тайынша ауданының жұмыспен қамту орталығы “Жұмыспен қамту – 2020” мемлекеттік бағдарламасының төрт бағытын іске асыру бойынша нақты жұмыстар жүргізуде. Бағдарламаның бірінші бағыты жұмыссыздар, аз қамтылғандар және өз бетінше жұмыспен айналысушы азаматтарды оқыту және жұмысқа орналастыруға көмектесудің тиімді жүйесін құруға арналған.
Сәуле ЖӘКЕНОВА,
жұмыспен қамту орталығының директоры.
Бағдарламаның бірінші бағытын іске асыру шеңберінде жұмыссыздар, өз бетінше жұмыспен айналысушылар және аз қамтылғандар арасынан 2011 жылы оқуға түскен 18 адам оқуын жалғастыруда. 2012 жылы жоспар бойынша кәсіптік оқытуға 7 адам түсу керек еді, нақты жіберілгені – 8 адам. Олардан екі фельдшер, бір медбике – Петропавлдағы медициналық колледжге, екі техник-механик – гуманитарлық-техникалық колледжге, екі техник-бағдарламашы М.Жұмабаев атындағы гуманитарлық колледжге оқуға түсті.
2011 жылы кәсіптік дайындықты бітіргендер арасынан зертханашы мамандығы бойынша 2 адам жұмысқа орналасты: біреуі – жастар тәжірибесіне (“Тайынша ұн комбинаты” ЖШС), екіншісі “Виктория – 2003” ЖШС тұрақты жұмыс орнына тұрды. Бағдарламалық тапсырма бойынша кәсіптік қайта даярлауға 22 адам жіберілді. Келесі мамандықтар бойынша қайта даярлау жүзеге асырылды: газэлектр дәнекерлеуші – 10 адам, аспаз – 8 адам, шаштараз – 4 адам (Тайынша қаласы-ның №15 кәсіптік лицейі). Қазіргі уақытта қайта даярлықтан өткен 16 адам тұрақты жұмыс орындарына жұмысқа орналасты. Тапсырма бойынша біліктілігін арттыру курстарына 5 адам жіберілді. Қазіргі кезде бағдарламаға қатысушылар оқу курстарын бітіріп, 5 адам тұрақты жұмыс орнына жұмысқа орналасты.
Биыл жоспар бойынша 47 адамды әлеуметтік жұмыс орындарына жұмысқа орналастыру қарастырылса, нақтысында 64 әлеуметтік жұмыс орны құрылды. 2012 жылы жоспар бойынша жастар тәжірибесіне 76 адамды жіберу қарастырылған болса, нақты жіберілгені – 127 адам.
Бағдарламаның екінші бағытының мақсаты – өз істерін ұйымдастыру арқылы азаматтардың экономикалық белсенділігін арттыру. Өз ісін ашқысы келетін және ұйымдастыру мүмкіндігі бар азаматтар бағдарламаның қатысушысы бола алады. Ауылда бизнеспен айналысқысы келгендерге басымдық беріледі. Ауылдағы кәсіпкерлікті қолдаудың негізгі тетігі – микрокредит беру жолдары. Осы бағыт бойынша жәрдемдесудің шаралары мынадай:
– консультациялық қызмет көрсету;
– кәсіпкерлік негіздеріне оқыту;
– микрокредиттер беру;
– инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамыту және салу.
Өз ісін ұйымдастыру және ашу үшін микрокредит қайтарым негізімен 5 жылдай мерзімге 3 миллион теңге сомасына дейін беріледі. Сонымен қатар ол тұтыну мақсатына, жылжымайтын мүлікпен, тұрғын үй алуға немесе басқа кредиттерді жабуға берілмейді.
“Жұмыспен қамту – 2020” бағдарламасының екінші бағытын іске асыру барысында 2011 жылы кәсіпкерлік негіздеріне оқытудан өткен 19 адам бар, олар оқуды бітіріп сертификаттарын алды. 6 қарызгерге бұрынғы шаруаларын кеңейтуге жалпы сомасы 15 миллион 700 мың теңге сомасында кредиттер берілді, олардың ішінде: 5 қатысушыға өзінің бұрынғы бар ісін кеңейтуге және 1 қарызгерге өз бизнесін ашуға берілді.
Кредиттік қаржылар қызметтің келесі салаларына бөлінді: мал шаруашылығын дамытуға 3 жоба – 7 миллион 500 мың теңге сомасында, машинатрактор паркін жаңғыртуға 1 жоба – 2 миллион 200 мың теңге сомасында, жолдарды салуға 1 жоба – 3 миллион теңге сомасында, жүк тасу саласындағы қызметті дамытуға 1 жоба – 3 миллион теңге сомасында.
2012 жылы микрокредиттер өткен жылға қарағанда үш есе көп берілді. 26 қарызгерге 57 миллион 900 мың теңге сомасында қаражат берілді; олардан 8 адам өз ісін ашуға және 18 адам бизнесін кеңейтуге кредиттер алды. 24 адам мал шаруашылығын дамытуға, 2 адам көлік құралдарын жөндеуге және халыққа қызмет көрсетуге несие алды. Кәсіпкерлік негіздеріне оқу курстарын 36 адам оқып бітірді. Кредиттің орташа көлемі аудан бойынша 2 миллион 227 мың теңгені құрайды.
Бағдарламаның үшінші бағытын іске асыру шеңберінде экономикалық әлеуеті төмен елді мекендерден қоныс аудару үшін аз қамтылған, өз бетінше жұмыспен айналысатын, жұмыссыз азаматтардың тізімі жасалды. Экономикалық әлеуеті төмен елді мекендердің тізбесіне 13 елді мекен енгізілген. Олар: Целинный, Сүгірбай, Талдыкөл, Кеңес, Жарғайың, Липовка, Глубокий, Мирный, Трудовой, Сарыбай, Бірлік, Көзашар, Теңіз ауылдары.
Қазіргі кезде төрт пәтерлі 4 үй пайдалануға берілді, оларға 8 отбасы қоныстанды. Осы отбасыларға қоныс аудару үшін субсидия төленді.
“Ауылдық елді мекендердің инфрақұрылымын дамыту” төртінші бағытын іске асыру шеңберінде Чкалов №1 ОМ төбесін күрделі жөндеу аяқталды.
“Жұмыспен қамту – 2020” бағдарламасының аясында жұмыссыз, аз қамтылған және өз бетінше жұмыспен айналысушылар қатарындағы азаматтар қазіргі заманғы тұрғын үйге қол жеткізу, білім алуға және біліктілігін арттыруға, лайықты жұмысқа орналасу мүмкіндіктеріне ие бола алады, микрокредиттер алу арқылы өз істерін ашуға және оларды кеңейтуге, жұмыссыздардың қатарының азаюына жағдай туғызылып отыр.