«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ОБЛЫС ДӘРІГЕРЛЕРІНІҢ ОҢ ІСТЕРІ мен ОЛҚЫЛЫҚТАРЫ денсаулық сақтау министрі қатысқан активте ортаға салынды

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Демографиялық жағдайын жақсартуды тілейтін облысымыз жасанды түсік жасатудан алдыңғы орында. Бұл денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекованың қатысуымен өткен облыс активінде белгілі болды.

Арайлым СМАҒҰЛОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.

Облыс әкімі Серік Біләлов актив отырысын ашқаннан кейін, денсаулық сақтау министрі ретінде Қызылжар өңіріне алғаш аяқ басқан Салидат Қайырбекова жергілікті мамандармен ашық әңгімеге көшті. Алдымен еліміздің денсаулық сақтау саласында атқарылып жатқан жұмысты тілге тиек еткен ол қол жеткізген жетістіктерге, туындаған мәселелерге ойысты. Елімізде ғана емес, жалпы әлемде ағза ауыстыру (трансплантация) мәселесiнде донор тапшылығы өзекті болып отырғандығы айтылды. Бүгінгі таңда Қазақстанда донор табылғанға дейін науқас көп жағдайда о дүниелік болады. Осы орайда министр жас жігіттің көз жұмған анасының жүрегі мен бүйрегін ағзаға мұқтаж болып отырған науқастарға бергендігін айтып, мұндай тәжірибенің оң тұстарына тоқталды. Жыл өткен сайын ағза ауыстыру бойынша түрлі ота жасап жатқан дәрігерлер адам өмірін жеті жылға ұзартуға мүмкіндік беретін жасанды жүрек салуды да меңгерген екен. Қазақстан әлемде осындай ота жасалған үшінші ел екенін айтқан Салидат Қайырбекова ішкі жалпы өнімінің 16 пайызын денсаулық сақтау саласына аударып отырған АҚШ-тың өзінде азаматтарға тегін ем берілмейтіндігіне тоқталды. Ал Қазақстанда бұған қыруар қаржы бөлініп отыр. Қазіргі таңда қазақстандық денсаулық сақтау саласы онкологиялық аурулардың алдын алуға қауқарсыз. Осы орайда елімізде халықаралық онкологиялық орталық ашу да жоспарланған. Бұл әлемдік озық үлгілерді елімізге тартуға бағытталған. Салидат Қайырбекова отандық дәрігерлер онкологиялық дертті ушыққан кезінде ғана тауып, 90 пайыз жағдайда “пышақтың” көмегіне жүгінеді, деді.
Актив барысында жаңа туған нәрестелердің кейде алғашқы 6 күннің ішінде шетінеп кететіндігі айтылды. Жарық дүние есігін ашқан сәбидің перзентхана қабырғасынан шықпай жатып шетінеп кетуіне түрлі себеп айтылғанымен, әлі күнге дейін мардымды жауап болмай отырған көрінеді. Осы орайда сәби өлімінің алдын алу үшін реаниматорлар мен реанимация жұмысын нығайту қолға алынған. Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесіне тоқталған Салидат Қайырбекова бұл жұмыстың Солтүстік Қазақстан облысында тиімді жүргізіліп жатқандығын атап өтті. Медицина саласының сапасын көтеретін осындай бағдарламаға қоса Елбасының “Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам” мақаласында 2013 жылдың 1 шілдесіне дейін егер медицина қызметкері тарапынан салақтықпен немесе жүрдім-бардым қарау болмаса, азаматтың денсаулығына нұқсан келтіргені үшін дәрігерлердің кәсіби жауапкершілігін міндетті түрде қамсыздандыруды енгізу жөнінде тапсырма берілген болатын. Бүгінде осы бағытта халықаралық тәжірибе талданып жатқандығын айтқан министр еліміздің тұрғындарының 90 пайызы өзін-өзі емдеумен айналысатындығына тоқталды. Ал 50 пайызының антибиотиктерді өз бетімен қабылдайтындығы анықталған. Осы орайда елдің бас дәрігері әріптестеріне тұрғындарға өзін-өзі емдеумен айналысуға болмайтындығын үнемі айтып отыруды тапсырды.
Салидат Қайырбекова 2013 жылы қандай жұмыс атқаратынына да тоқталды. Аталмыш салаға қыруар қаржы бөліп, барлық жағдайды жасап отырған еліміз бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына денсаулық сақтау индексі бойынша кіре алмай отыр. Бұл атқарылар жұмыстың әлі көп екендігін көрсетеді. Ал біздің өңіріміз денсаулық сақтау саласының дамуын бағалайтын 10 көрсеткіштің төртеуі бойынша артта. Облысымызда баланы дүниеге әкелуден гөрі жасанды түсік жасату жиі орын алады. Егер өткен жылдың 4 тоқсанында осындай 795 оқиға тіркелсе, үстіміздегі жылдың үшінші тоқсанында бұл көрсеткіш 857-ге жеткен. Жасанды түсік жасату әйел адамның болашақта ана болуына қауіп төндіретіндігін айтқан Салидат Қайырбекова, демографиялық өсімі онсыз да төмен біздің өңір үшін бұл өзекті мәселе екендігін тағы бір мәрте қайталады. Сондай-ақ өкпе туберкулезін ерте тауып, алдын алу жұмысы да сын көтермейді. Егер өткен жылы осындай 17 оқиға тіркелсе, биыл бұл 32-ге жеткен. Өңіріміздегі денсаулық сақтау саласының осындай осал тұстарына тоқталған денсаулық сақтау министрі дәрігерлермен қамту көрсеткіші өңірімізде 10 мың адамға шаққанда 25,5 екендігін тілге тиек етті. Ал республика бойынша орташа көрсеткіш 31,8 екен. Осы орайда биылғы жылы өңірімізге жіберілген 98 маманның тек 62-і ғана қызметке орналасқан. Ал қалған 36 жоғары білікті маманның келмеу себебі белгісіз.
Облыс активі барысында көтерілген осындай мәселелерді әріптестерімен талқылаған Салидат Қайырбекова министрлікке өңірімізден жеткен кейбір шағымдарды да оқыды. Осы орайда жергілікті денсаулық сақтау саласы мамандарының көптеген сұрақтармен министрлікке хабарласуы нені аңғартады деген сауал төңірегіне ойысқан ол тиісті мекеме басшыларына жұмыстарын жоғары деңгейде атқаруды тапсырып, әріптестерін толғандырған сұрақтарға жауап берді.
Өңірімізге жасаған 2 күндік сапары барысында денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекова кардиологиялық орталықта, облыстық ауруханада, 2-ші қалалық емханада, экстракорпоральды ұрықтандыру орталығында, балалар емханасы мен облыстық балалар ауруханасында, сәбилер үйі мен қан орталығында болды. Ал кеше Мағжан Жұмабаев пен Тайынша аудандарының денсаулық сақтау нысандарын аралады.
Суреттерді түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp