Зарқын ТАЙШЫБАЙ,
М.Қозыбаев атындағы СҚМУ профессоры, облыстық ономастика комиссиясының мүшесі.
Жер-су атауларына зер сала қараған адам сол атаулардың астарындағы ғажайып сырларды танып, қайран қалар еді. Әрбір халықтың санасында бұл атаулар ғасырлар қойнауындағы қазына ретінде бағаланады. Қазақ халқы ежелден елді мекендердің, жер, су, өзен, көл атауларының мән-мағынасына, тарихына ерекше көңіл бөлген. Әр дәуірдің ескерткіші ретінде халық тарихының, ұғымнанымның дерегі саналып, ұрпақтан-ұрпаққа ауысып отыратын тарихи жәдігерлерді құрметтеп, аялап сақтау – азаматтық борышымыз.
Бұл атаулар тек географиялық белгі ғана емес, мәдениетіміз бен сан ғасырлық тұрмысымыздың, тіліміздің барша тарихы мен заңдылықтары да осы атаулардан табылады. Қазақстан мемлекеттігін нығайтудың қазіргі кезеңінде ономастика мәселесі тек қазақ тілінің аясымен ғана шектелмей, саяси-әлеуметтік, тарихи, мәдени мәні зор, ұлттық, құқықтық, идеологиялық, моральдық шешімді талап ететін өте күрделі құбылыс болып саналады. Сондықтан да, ономастика проблемаларына мемлекеттік маңыз беріліп отыр.
Солтүстік өлкеде жер-су аттарының орынсыз өзгеруі шамамен осыдан 230-250 жыл бұрын басталған болатын. Айталық, отарланған елді мекендердің қазақша атауларын орысшамен айырбастау туралы әскери губернатор Г. Меньшиковтың бұйрығы 1774 жылғы 1 қаңтардан орындала бастады. Әкімшіліктің зорлық күшімен өзгерген алғашқы атаулар, мысалы, мыналар еді:
Омбы уезіндегі Атқы-Мөнтік-Сары Қарауыл болысының атауы Николаев болысы, Петропавл уезіндегі Матақай-Сыбан-Керей болысының атауы Пресногорьковская болып өзгертілді (Омбы облысының мемлекеттік мұрағаты. 3-қор, 1-тізбе, 11863-іс, 4-6-беттер). Бұл атаулар күні бүгінге дейін отарлау саясатының ескерткішіндей сақталып қалды. Сол үрдіс тоқталмай, жалғаса берді. Мысалы, 1830 жылғы географиялық картаның бетіндегі көлдер мен елді мекендер аттарының жаппай орысшалануы да көп нәрседен хабар бергендей.
1832 жылы Омбы облысының аймағын әскери-топографиялық картаға түсіру үшін подполковник Бутковскийдің басшылығымен арнайы экспедиция құрылды. Осы экспедицияның санақ мәліметтері бойынша 1832 жылы Сібір әкімшілігіне қарайтын 8 округте 116500 түтін болған, мұның 60 мыңы – батыс және орталық округтердегі арғындар. Олар негізінен Атығай, Төртуыл, Қанжығалы, Қарпық, Алтай, Бәсентін, Қарауыл, Шаншар, Шақшақ, Әжібай және басқа рулардан құралған шаңырақтар еді. Ал 15 мыңға таяу Керей тайпасының өкілдері батыс және орталық округтерді мекендеді. Олар негізінен, Құрсары, Ақсары, т.б. керейлер еді. Қыпшақтардың басым бөлігі Торғай округінде болған.
Солтүстік Қазақстан облысының қазіргі аймағы ежелден Арғынның Атығай, Қарауыл руларының, Керей мен Уақтың атамекені болған. ХV-ХVІ ғасырдың өзінде осы рулардың батырлары мен билері өз жерлерін көздің қарашығындай сақтап, жат жұрттықтардан ерлікпен қорғай білген.
Арғы дәуірлерден жазба дерек сақталмаған, соның өзінде ХVІІІ ғасырдың аяғындағы құжаттарда әр рудың ұлыстарға бөлініп, өз билеушілері болғанын мұрағат құжаттары дәлелдеп отыр.
Мысалы: Атығайдың Құдайберді-Бәйімбет тармағын Байжігіт тархан және оның інісі Күсес батыр, Қорамса мырза, одан беріде Жылқара Байтоқин биледі. Құлсары тармағын Құлсарының үлкен ұлы Құлыбек батыр, Жәпек тармағын Аю батыр, Бабасан тармағын Төбет батыр Төлеұлы, Ақбота батыр, Құдайназар би, Қойлы Атығайды Мырзатай батыр, Ақшүкір Баубекұлы ұстап отырды.
Күрлеуіт қыпшақты басқарған Төлеген батыр, Иман сұлтан; Орта-Керей болысын Дәулеткерей сұлтан, Уақ болысын Сарғалдақ қожа, Қуанбай би, Көшебе-Керейді Таңқаттың Қалыбегі, Шалқардың Қаратоқасы, Сағындықтың Көшенейі деген ел ағалары, Сибан-Керейді Сейіттің Естемесі, Қанжығалыны Айтбай батырдың ұлы Жаманқарас билеген.
Міне, кейінгі ұрпақ өз ата-бабаларының алдындағы перзенттік парызын терең түсініп, ел болуымыздың тірегі, жеріміздің қорғаны әрі көркі болған осы аталарымыздың есімдерін мәңгі жадымызда сақтауға қатысты жұмыстар жасауы керек. Бұл – кейінге қалдыра беретін іс емес. Әлі де алды тоқсаннан асып, арты жетпіске ілігіп отырған аға ұрпақ өкілдері баршылық. Міне, солардың естіген-білгендерін қағазға түсіріп, сол арқылы қазақ жерлерінің байырғы, тарихи атауларын орнына келтіру – маңызды міндет.
Еліміздің солтүстік аймағы тарих тәлкегіне ерте ұшырап, Ресей отаршылығына душар болғаны мәлім. Есіл шебі деп аталатын бекіністер негізінен осы күнгі солтүстіктегі, Ресеймен екі арадағы қазіргі шекараға сәйкес келетіні кездейсоқ емес. Бабаларымыз бізге мұра қылған байлық осы.
Абылай ханның сара саясатының арқасында Орта жүздің осынау солтүстік аймағы, ежелгі қазақ жерлері Қазақстан шебінде сақталып қалды. Ұлы ханның айбары атамекенге қорған болды. Абылай хан дүниеден өткеннен кейін ғана Ресей империясы бұл жерлерге басқа ұлт өкілдерін “ерікті” және “еріксіз” қоныстандыру амалдарын жасай отырып, Есіл өзені бойындағы тоғайлардан, өзеннің шұрайлы аңғарынан қазақтарды күшпен ығыстыра берді.
Содан бір ғасыр өткенге дейін бұл аймақта көптеген бекіністер мен қамалдар салынып, Ресейдің орталық өлкелерінен, тіпті, Украинадан келген қоныс аударушылар Сарыарқаға қаптап ене бастады.
Отарлау саясатының осылай асқынуына байланысты қазақ даласындағы билік жүйесін өзгертіп, жаңа әкімшілік-аумақтық бөліс қалыптастыру қажеттігі туды. Ақыры 1864 жылы Сібір комитетінің басқарушысы В.П.Бутковтың басшылығымен “арнайы комиссия” құрылып, ол Орынбор және Батыс-Сібір бас губернаторлықтарындағы жаңа әкімшілік-басқару жүйесінің жобасын әзірледі. Осындай дайындық жұмыстарының негізінде 1861 жылғы 21 қазанда “Орал, Торғай, Ақмола және Семей облыстарын басқару туралы уақытша Ережеге” Ресей патшасы ІІ Александр қол қойып, заң күшіне енгізді. Бұл төртеуіне оңтүстіктегі Жетісу және Сырдария облыстарын қосқанда, Қазақстанда барлығы 6 облыс құрылды. Осы құрылым 1917 жылы Романовтар әулетінің билігі күйрегенше сақталып қалғаны мәлім.
Бұрынғы Петропавл уезі ежелден Ақмола облысының құрамында болғаны мәлім. Солтүстік Қазақстан облысының қазіргі шегі тұтасымен Петропавл уезін, Көкшетау және Омбы уездерінің біраз аймағын қамтиды.
Ал 1917 жылы большевиктер билікті басып алғаннан соң, қазіргі Солтүстік Қазақстан облысының аумағы орталығы Петропавл қаласымен қоса Ресейдің Омбы облысының құрамына заңсыз және құпия түрде тез беріліп кетті. Аласапыран жағдайда бұл өзгерісті ешкім байқай алмай да қалды. Қазақтардың өз жерін жоқтауға мұршасы болмады, ал басқа жерлестеріміз мұны құп көргендей. Бұл қиянатты шешім тек 1920 жылы ғана Қазақ автономиялы Республикасы құрылғаннан кейін, Алаш көсемдері Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Әлімхан Ермеков сияқты арыстардың күшімен ғана түзетілді. 1920 жылы 27 жастағы Әлімхан Ермеков Кремльдің төрінде Ленинмен екі сағат салғыласып отырып, осы жерлерімізді қайтарып алған болатын. Сол Ермековке Қызылжардан бір көше әлі бұйырмай отыр.
1868 жылы “Уақытша Ереженің” 15-бабына сәйкес Ақмола облысы төрт уезге бөлінді. Олар: Омбы, Петропавл, Көкшетау және Ақмола уездері еді. Ал оларды басқару дворян тектілер мен казак офицерлеріне тапсырылды. Яғни, 1868 жылғы реформа қазақ даласына әскери билік әкелді.
1868 жылы 20 қараша күні облыс аймағында Ақмола, Омбы, Петропавл, Көкшетау уездерін басқару туралы бұйрық шықты. Келесі 1869 жылы 30 қазанда орталығы Атбасар станцасы болып Сарысу уезі ашылды. Ол көп ұзамай Атбасар уезі деп атала бастады.
Петропавл уезі солтүстігінде Тобыл губерниясымен, шығысында Омбы уезімен, батысында Торғай облысымен шектесіп, 60953 шаршы шақырым жерді қамтыды. Жергілікті қазақтар 45250 шаршы шақырым, яғни облыс жерінің 74 пайызын иеленді (Россия. Полное географическое описание нашего Отечества. Т. 18. Киргизский край. СПб. 1903, с.358, 367). 1870 жылғы мәлімет бойынша уездегі қазақ са-ны 89887 адам, яғни барлық тұрғындардың 58,8 пайызы (Бекмаханова Н.Е Многонациональное население Казахстана и Киргизии в эпоху капитализма. М., 1986, с.142).
Уездің аумағындағы әкімшілік бөліс көрінісі:
Аңдағұл-Рысай, Қойлы-Атығай, Байдалы-Уақ, Самай-Керей, Матақай Сыбан-Керей, Байдалы-Уақ-Ақтам-Қанжығалы, Еменәлі-Керей, Бабасан, Бабалы-Атығай болыстарымен бұрынғы Көкшетау округінің Бағыш болысының 350 шаңырағы.
Басқа уездерге қарағанда мұнда қазақ халқының үлес салмағы аз екенін өлкедегі отарлаудың қарқынына байланысты тарихи жағдайлардың ықпалы өктем болғанымен дәлелдейміз. Петропавл уезінде Арғынның Атығай және Қарауыл, Қанжығалы рулары, Керейдің Сыбан, Көшебе, Балта рулары, Уақтың Шоға және Ергенекті рулары мен Қыпшақтың Торайғыр, Бұлтың рулары мекендеді (Востров М.С., Муканов М.С.Родоплеменной состав расселения казахов (конец ХІХ – начало ХХ в. Алма-Ата, 1968, с.196-198-200).
Көпұлтты империяға айналған Ресей ХVІІІ ғасырдың аяғында, Абылай хан дүниеден өтісімен-ақ, қазақ қоғамын, қазақ елін мемлекеттік тұтастығынан айыру, сол арқылы қазақ жеріне басакөктеп ену саясатын жүйелі және мақсатты түрде жүргізді. Уақыты келді-ау дегенде 1822 және 1868 жылғы реформалар нәтижесінде Ресей өкіметі қазақ даласында әскери-феодалдық басқару жүйесін орнатты.
Соның салдарынан өзін-өзі қорғау қабілетінен айрылған қазақ қоғамы Ресей империясының экспансиялық саясатына жалпыұлттық деңгейде қарсылық көрсете алмады. Оның мәнісін Абай атамыз айтып кеткендей, “Бас-басына би болған өңшең қиқым…”, “Арқаға ұлық қаққанға мәз болған парақор болыстар…” билікке келген болатын. Сөйтіп, қазақ халқы ғасырлар бойы қан төгіп, қорғап келген жерінің ең құнарлы, шаруашылыққа қолайлы бөлігінен айрылды. Патша әкімшілігі тәуір жерлерді “артық жер”, “көшпелі және отырықшы норма”, “жерге орналастыру” сияқты әдістерді қолданып, тартып алды (Қойгелдиев М. Алаш қозғалысы. А., 1995, 65-75-беттер).
Әлбетте, бұл кездейсоқтық емес еді. Ресей патшалығының біртіндеп, мемлекеттік деңгейде жүргізген отарлық саясатының нәтижесі осындай. Тіпті, бертін келе, ХХ ғасырдың басында да Қазақстанның барлық аймақтарындағы құнарлы жерлерді түгелге дерлік қазақтардан тартып алғаннан кейін де, бұл мәселеге шектеу жасалмады. Мұның бәрі жер-су атауларының өзгеріп, ежелгі иелеріне жат болуына әкеліп соқты.
1907 жылы Петербургте қазақтардың наразылық арыздары қаралғанда, Ресей егіншілік департаментінің директоры Крюков өз баяндамасында мына сөздерді айтқаны тарихтан белгілі: “Америкалықтар үндістерді туған жерінен шөл және шөлейт жерлерге қуып, қандай саясат жүргізсе, біз де қазақтарға сондай саясат ұстануымыз керек” (Ваганов А. Земельная политика царского правительства в Казахстане (1907-1914)// Исторические записки, М., 1950, №31, с.66).
Қазақстанның солтүстік аймағының географиялық жағдайы мен мекендеген халықтың ұлттық құрамына байланысты бұл өңірде жер-су аттарының орынсыз өзгеріске түсуінің тарихы мүлде әріден басталатынын айттық. Ресей отаршылығымен бетпе-бет келген өңірдегі қазақтардың тілі мен діліне, ұлттық салт-санасына нұқсан келтіре отырып, жергілікті халықты маргиналдық санадағы тобырға айналдыру екі жарым ғасыр бойы империялық саясат негізінде жүйелі түрде жүргізілді.
Қоныс аударушылар қазақ жеріне аяқ басысымен, сол жерге өз тілінде ат қоятын. Сөйтіп, ежелгі Ащыкөл, Тұщыкөлдер – Горькое, Пресное болып шыға келді. Мысалы, қазіргі Мамлют ауданының орталығы Мамлютка қаласының атауы жөнінде мынадай мағлұматтарды анықтадық:
Ресей империясының 1822 жылғы “Сібір қазақтары жөніндегі” Жарғы (Сперанский жарғысы) бойынша Қазақстанның солтүстік өңіріндегі әкімшілік өзгерістердің заңды жалғасы ретінде 1824 жылы 29 сәуірде Көкшетау сыртқы округі құрылған. Округ немесе дуан құрамына кіретін қазақтар алдымен “Ақ патшаға” адалдық антын беруге тиіс болды. Ол үшін орыс әкімшілігінің өкілдері Көкшетауға өздерімен бірге бірнеше татар молдасын ала келген. Олардың ішінде бұл өңірмен Абылай заманынан бұрыннан қарым-қатынасы бар, мал саудасымен айналысатын Усман Мәулітов деген молда да болған. Ол Жылғара Байтоқиннің “тамыры”, яғни жақсы араласқан досы екен.
Көкшетау дуанының аға сұлтаны Ғұбайдолла Уәлиханұлы Усман молданы бала оқытуға шақырып, қоныс беруге уағдаласады. Сол Усман Мәулітов 1830 жылғы наурызда Рысай-Атығай болысының аумағына көшіп келеді. Оған Есіл өзенінің жағасында, Новоникольск редутынан қырық шақырым жердегі “Тасыбек тоғайы” деген жерден үй салуға, Қарағаш деген жерден (Кіндікті, Талдыкөл, Жалтыркөл маңайы) пішен дайындауға жер кесіліп беріледі (Солтүстік Қазақстан облыстық мемлекеттік мұрағаты – СҚОММ. 158-қор, 1-тізбе, 69-іс, 9-бет).
Алғашқы 4 жылда Мәулітовтер үш үй салып алады. Ірі қара өсіріп, кәсіппен айналыса бастайды. Усман мектебінде қазақтың елу баласы дәріс алады. Бұл елді мекеннің салынуына байланысты мұрағат құжаттарында ел ағасы Шана (немесе Шона), оның інілері Сүйік және Мәтен Онышевтар, Кәмәл Жұматай, Табылды Тасыбеков деген адамдардың есімдері аталады. (Қазір де ұрпақтары болуға тиіс). Тасыбек тоғайынан алты шақырым жерде Шаңырақ қарасу деген көл аты кездеседі. Жылдар өтіп, бұл елді мекеннің аты Мәуліт, орысшасы Мамлютка болып өзгеріп кеткен.
Жер-су атын өзгерту – жай әуесқойлық емес, сол маңайда бұрын ешқандай халық мекендемеген, демек, иесіз жерге қазық қағуға болады деген жымысқы саясатпен әдейі жасалған шара екені мәлім. Және мұндай ат қою немесе байырғы қазақы атауларды өзгерту ешқашан тоқтамастан, бірте-бірте жүргізіліп келді. Бұған сонымен қатар, қазақы атаулардың өзінің транскрипциясын өзгертіп, адам танымастай қалыпқа түсіргендікті де қосу керек (Мысалы: Шабақты – Чебашье, Тереңкөл – Торангул, Тоқыш – Токушино, Асан – Асаново, т.с.с.).
М. Сперанскийдің жобасы қазақтың кең даласын бір ғана Ресейдің бодандығына түбегейлі көшіру жоспары болатын. Орта Жүздің ханы Уәли Абылайұлының қазасын сәтті келген жағдай деп есептеп, Ресей империясы Қазақстандағы хандық билікті мүлде жойып жіберді.
Омбы деп аталатын жаңа облыс құрылғанда “Сібір қазақтарының Жарғысы” деген құжат өмірге келді. Отарлау саясатының білгір мамандарының бірі Корф бұл жоспар жөнінде кезінде былай деп жазған болатын:
“Қазақ даласын осы бір ғана құжат арқылы бейбіт жолмен басып алудың маңызы өз кезінде қалай бағаланса да, тарихи тұрғыда бұл өзі аса зор маңызды факт болатын” (Граф Сперанскийдің өмірі. СПб., 1861, Т.ІІ., 142-бет). Ал Сперанский Капцевичке жазған құпия хатында өз жоспарының ішкі сырын былайша ашқан:
“Қазақ даласына қарай басқан әрбір қадамымыз батылдық болып көрінетіні рас. Бірақ, Жарғыда бұл қадамдар – мақсат, түпкі бағыт, беталысымызды түзеп алу тұрғысында көрсетілген. Бәлкім, бұл мақсатқа жарты ғасыр өткеннен кейін жетерміз. Әзірше сенімсіздеу, баяу жылжып келе жатсақ та, айқын жос-парымыз бар, бағытымыз дұрыс. Жергілікті жағдайлардың аңысын аңдып, қолайлы сәтті қалт жіберіп алмасақ болғаны.
Осылайша, Қыр өлкесіне қарай жылжып, азаматтық өзгерістерді (“жер-су атауын өзгертуді” деген сөз. – З.Т.) қазақ арасына бірте-бірте енгізіп отыру – Глазенап марқұмның үшінші шекара шебін тарту жөніндегі ұсынысына қарағанда ең қолайлы әдіс” (Сонда, 247-бет).
Қазақ жерлеріне қарай жылжудың екінші кезеңі – Қыр өлкесінің генерал-губернаторы Х.Гасфорттың кезінде, 1854 жылы Омбы облысы таратылып, Ақмола және Семей облыстарының құрылуы еді. Сөйтіп, Қазақстанның ұлан-байтақ солтүстік, шығыс және орталық аймақтары немесе Орта жүздің жері Ресей империясының қарауына сұраусыз, жоқтаусыз өтіп жатты.
“Русский инвалид” газетінің 1857 жылғы 12 қарашадағы санында “Омбыдан хат” деген тақырыппен жазған автор, қуанышын жасыра алмай былай депті:
“Жаңадан екі облыс құрылуына байланысты “қазақ жерлері”, “Орта жүз бен Ресей шекарасы” деген түсініктер мүлде жойылды. Ешбір шығынсыз, әуре-сарсаңсыз, қауырсын қаламның ұшымен бір-ақ сызып, осынау үлкен елдің аумағын империя шегіне енгізіп, үзілді-кесілді қосып алдық” (Бүрбаев Т. Ұлт менталитеті. Астана, 2001, 26-бет).
Ал социалистік идеяны ту еткен кеңес үкіметі тоталитарлық зорлау, қинау, жазықсыз жазалауды өмірге ендіру арқылы бір қалыпқа түсірілген “үйретінді” менталитетті қалыптастырудың нәтижесінде жаңа атаулар саясатын одан әрі жалғастырды. Осы арқылы халықтың тарихи жадының бір саласы ретінде қалыптасқан тұрақты тарихи ұлттық ұғымына айналған елді мекен, жер атауларын зорлықпен өзгертіп, одан қол үздірді.
Кеңестік дәуірде колхоздастыру, тың игеру науқандарына байланысты өңірдің байырғы елді мекендерінің атаулары аяусыз өзгертілгенін айтып жеткізу мүмкін емес. Оған қоса қызыл империяның саясатына сай, идеология мүддесіне орай ешқандай мәні жоқ, даңғаза қазақша атаулар енгізілді. “Жаңа тұрмыс”, “Алғабас”, “Жаңа талап”, “Жаңалық”, “Орталық”, “Бірлік”, “Мәдениет”, т.б. атаулар бұрынғы тарихи топонимиканы ел санасынан өшірді, басқасы жаппай орысша болып кетті.
Сонымен бірге коммунистік партия мен үкіметтің басшыларының аттары мәңгі есте қалдыруға лайық деп танылғанын білеміз. Олардың арасында, тіпті, ақылға сыймайтындары да бар. Бір ғана мысал: Петропавлдан 40 шақырым жердегі Смирново елді мекенінің бұрынғы аты “Дәрмен”, яғни станцияның аты да солай аталмақ екен. 1921-22 жылдары Қазақстаннан тартып алынған астық пен етті Ресейдің орталық аймақтарына жедел жеткізу үшін Көкшетауға темір жол тарту жұмысын азық-түлік халық комиссарының орынбасары Смирнов деген басқарыпты. “Дәрмен” атын өзгертіп, Смирновтың атын беруді “еңбекшілер жалынып сұраған соң” оның аты қойылыпты…