Денсаулықтың қалқаны – иммунитеттің күшті болуы адамның тұрмысына тікелей байланысты. Суық тию, тұмау сынды маусымдық аурулармен жиі науқастанатын адам иммунитетінің әлсіздігін білдіреді. Адамды әртүрлі жұқпалы аурулардан қорғайтын да дәл осы иммунитет. Иммунитетті күшейту үшін не істеу қажет?
Хайырбек ҚОЖАХМЕТОВ,
дәрігер – терапевт.
Ем-домды дұрыс қолдану – иммунитетті көтеретін ең жақсы әдіс. Жеміс-жидектер мен көкөністерді тұтыну бактерия мен вирустармен күресетін ақ түсті жасушалардың бөлінуіне ықпал етеді. Ақуызды құрайтын тағамдарды күнделікті пайдалану, ағзадағы қажетті минералдарды бөліп шығаруда маңызды рөл атқарады. Тамаққа бір асқасық тары мен күнбағыс дәнін қосу цитокинді арттырып, иммунитетке жауапты антителаның бөлініп шығуына көмектеседі.
Көңіл күйдің көтеріңкі болуы да иммунитетті жақсартады. Рахаттана күлуден бас тартудың қажеті жоқ. Күлген кезде тыныс мүшелері 3 есе жақсырақ жұмыс істейді. Дене оттегін көбірек сіңіріп, иммунитет жүйесінің қызметі артады. Көңілдің тез бұзылуы, қайғыру ағзадағы “есеңгіреу гормондарының” бөлініп шығуына итермелейді. Көңіл күйдің ұзақ мерзімге түсуі жұқпалы аурулармен күресетін жасушаларға әсер ете бастайды. Өмірлік қиын жағдайға тап болған уақытта көңіл күйдің жақсаруын қадағалап, жүрекке жақын ән тыңдап, фильмдер көріп, жаттығулар жасап, ең болмағанда бар дауыспен айғайлап, іштегі мұңды шығару қажет.
Үйді жиі желдетіп тұру да иммунитеттің жақсаруына әсер етеді. Бөлменің температурасы 20 градус болған жағдайда жылытқышты мүлдем қолданбаған жөн. Денені жылытудың кері әсері суық тиюмен бірдей. Иммунитетті көтеретін дәрумендер мен микроэлементтерге мыс, цинк, А, Е дәрумендері, фолий қышқылы жатады. Олар жаңғақта, шоколадта, теңіз тағамдарында, етте, бұршақта, сүт өнімдерінде, тарыда, өсімдік майында, жұмыртқа мен балықта кездеседі. Дұрыс тамақтану, саламатты өмір салтын ұстану, дәрумендерді пайдалану, көңілді жүру – осының барлығы, сайып келгенде, иммунитеттің жоғарылауына әкеледі.