Айбек ХОРШАТ,
Ақжар аудандық ішкі саясат
бөлімінің бастығы.
Ақжарқын ауылындағы “Данил” фермерлік қожалығы құрылғалы бірнеше жылдың жүзі болды. Алғаш рет өз қаражатына жылқы мен қой сатып алып, кәсіпкерлікті бастаған Руслан Ялдаров басшылық ететін осы фермерлік қожалық бүгінде ауданымыздағы мал өсірумен айналысатын ең үлкен шаруашылықтардың біріне айналып отыр. Арада 4-5 жыл өткен соң қой саны 360 басқа жетсе, ірі қара 300-ден асып, жылқы саны 100-ге жақындады. Елбасының қолдауымен бастау алған “Сыбаға” бағдарламасы аясында өткен жылы 120 қазақтың ақ бас тұқымды қара малын әкелген қожалықтың басшысы күн санап қарамағындағы мал санын көбейтуде.
Өз ісін бастап, бұрынғы қирап қалған мал фермасын қайта жөндеп, пайдаланып отырған Руслан Ялдаров бүгінде ауылдың 8 адамын қысы-жазы тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Сонымен бірге, ескілерін санамағанның өзінде, былтырғы жылы 2 дана су жаңа “МТЗ-82” тракторын, тіркемелі шөп шабатын жатка және шөп қаттайтын станок сатып алған ол қысқа жемшөп дайындау жұмыстарының барлығын өз күшімен атқарады, өйткені қожалықтың оған қажетті барлық техникалары да жеткілікті. Бүгінгі күні шаруашылық 900 тонна шөп және 70 тонна жемазық дайындап үлгерді.
Қазіргі уақытта қожалықта екі мал фермасын қайтадан қалпына келтіру үшін күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жуырда қыста оған тұратын 1 мың бас қой да әкелінді. Мал шаруашылығын әрі қарай дамыту, оның ішінде асылтұқымды қой шаруашылығын құру мақсатында “Солтүстік” тұтынушылар кооперативі одағынан 32 млн. теңге несиеге алынған қысқа төзімді, жемшөп талғамайтын Еділбай тұқымды қой етті және денесі ірі болып келеді. Осылайша ауданымызда бірінші болып асылтұқымды қой өсіретін шаруашылық ретінде тіркеліп отырған “Данил” фермерлік қожалығы қосымша тағы да жаңадан 3 жұмыс орнын ашты.
“Мал өсірсең қой өсір, пайдасы оның көл-көсір” деп халық даналығында айтылғандай, шаруашылық басшысы алдағы 4-5 жылдың ішінде аналық қой санын 5000 басқа жеткізбекші.