«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АРМАН-ҚАЛАМЫЗ – АСТАНАҒА САЯХАТ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Үстіміздегі жылдың 9 қазаны біз, жетім және ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған Айыртау мектеп-интернатының тәрбиеленушілері үшін ерекше күн болды. Көптен күткен арманымыз орындалды: 70 қыз бен ер балаға “Қуан, сәби!” акциясы аясында еліміздің бас қаласы – Астанаға саяхатқа барудың жолы түсті. “Круиз” фирмасының заманауи үлгідегі автобусы бізді Отанымыздың жүрегі – елордаға жылдам жеткізді.

Астана – еліміздің ең әсем, заманауи үлгідегі қаласы. Ол барша қазақстан-дықтар үшін Қазақстанның қарқынды дамуын паш ететін қала.
Иә, Астана – өте сәнді, әдемі қала! Алғаш көргеннен-ақ қала өзінің заманауи сәулетімен, асқақ ескерткіштерімен және мүсіндік композицияларымен, көздің жауын алатын саналуан субұрқақтарымен және көптеген көрікті де қызғылықты орындарымен баурап алды.
Біздің саяхатымыз Астанадағы жұртшылыққа өте танымал “Думан” ойын-сауық кешенінен басталды. Әуелі Океанариумды тамашаладық. Ол – теңізден өте алыс, сондықтан да Гиннестің рекордтар кітабына енгізілген. Біз мұнда теңізде мекен ететін әртүрлі балықтардың түрлерін, қолтырауындар мен акулаларды, теңіз тасбақаларын көріп, мәз-мейрам болдық. Сонан соң біз “Джунгли” аниматроникстер театрын тамашаладық. Бұл нысанда бойымызда аздап қорқыныш та пайда болғандай, өйткені онда біздің заманымызға дейінгі дәуірлерде мекен еткен динозаврлар, қозғалмалы қуыршақтар жүр екен.
Саяхатымыздың келесі қызықты орны “Хан Шатыр” ойын-сауық-сауда кешені болды. Оның күмбезі ультракүлгін түсті сәуле өткізетін арнайы материалдан жасалынған екен. Бұл ғимаратта жыл бойы 26-28 градус жылылық сақталады. Ең жоғары қабатта құмды жағажай-бассейн орналасқан, ол жерде суға шомылып, күнге қыздырынуға болады. Осы жерде балалар мен ересектерге арналған көңіл көтеру аттракциондары мен ойын-сауық орындары, бірнеше кинотеатрлар да бар.
Осы саяхатымызда бізге ерекше бір сезім қалдырған – Қазақстан Тәуелсіздігінің символына айналған “Бәйтерек” монументі. Биіктігі 97 метр болатын мұнараның шыңынан қарап тұрсаң, осындай сұлулықты біздерге, келешек ұрпаққа мұра еткен Елбасы мен халқымызға деген мақтаныш сезімін сезінесің. Сол мұнараның шыңындағы Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың қолының үлгісіне алақанымызды қойып тұрып, бәріміз өз арманымызды ойға түйдік. Осы сәтте біз Елбасымыздың өзімізге деген әкелік қамқорлығын сезінгендей болдық.
“Бәйтеректен” алған тамаша әсеріміз әскери-әуе десанты бөлімінде жалғаса түсті. Біз мұнда сарбаздардың әскери өнерлерін тамашалаумен қатар, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің мұражайында болып, Ұлы Отан соғысы жылдарындағы және заманауи әскери техникалармен таныстық. Офицерлер бізді ағалық сезіммен қарсы алып, ұшақтар мен тікұшақтарға отырғызып, балалық көңілімізді көтерумен болды. Тобымыздағы кейбір балалар әскери салаға көңілдерінің ауғанын жасырмай, болашақта Отан қорғаушы болуға ұмтылатындықтарын жеткізді.
Астанадағы тағы бір көркем орындардың бірі – Тәуелсіздік алаңы. Осы алаңмен жүре келе, біз Президент сарайы – “Ақ Орданы”, әлемдік діндер көшбасшыларының съездері өткен Бейбітшілік пен келісім сарайын, “Қазақ Елі” монументін, “Хазірет Сұлтан” мешітін тамашаладық.
Ару Астанамыз, қандай көркем едің?! Сенімен кездесу біздің бала жүрегімізде өшпес әсер қалдырды. Сен – біздің арманқаламызсың!
Осындай тамаша саяхатты ұйымдастыруға демеушілік көрсеткен “Кутузовка-Әліби” ЖШС (директоры В.Я.Казаркин), “Жер-Ана” ЖШС (Қ.А.Ерболов), “Достық Дән” ЖШС (Т.Т.Тоқтыбаев), “Баянтай” ЖШС (С.Қ.Есенғалиев), “Жаңа Есіл” кеден бекеті (А.Е.Есімсейітова), салық басқармасы (С.Ж.Мейрамов), “Мұнай базасы” ЖШС (Ж.К.Абажанов), ЕС-164/8 мекемесі (Е.С.Тәшенов), Айыртау ауданының ІІБ (А.С.Ідірісов) және “Круиз” фирмасына, сонымен қатар біздің сүйікті директорымыз Елемес Сәулеұлы Қалиевке шексіз алғысымызды білдіреміз.
Айыртау мектеп-интернатының тәрбиеленушілері.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp