Жұма күні Достық үйінде жалпы білім беретін оқу орындарындағы өзге ұлт оқушылары арасында “Мен және сен қазақша сөйлейміз” облыстық байқауы өтті.
Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Байқауға Есіл, Тимирязев және Уәлиханов аудандарынан басқа барлық аудандар мен Қызылжар қаласынан 13 үміткер қатысты. 5-11-сынып оқушылары бақ сынасқан байқау 3 кезеңнен тұрды. Бірінші кезеңде оқушылар “Мемлекеттік рәміздерге – 20 жыл” тақырыбында ой өрбітсе, “Ақын да бір бала ғой айға ұмтылған” кезеңінде қатысушылар өздерінің авторлық шығармасын немесе сүйіп оқитын қазақ ақын-жазушыларының шығармаларын жатқа оқулары керек болатын. Үшінші кезең “Білгенге – маржан” деп аталып, үміткерлер өздеріне берілген мақал-мәтелдермен жұмыс істеуі тиіс болды.
Алғашқы болып көрермендер алдына шыққан М.Жұмабаев атындағы Петропавл гуманитарлық колледжінің жанындағы жалпы білім беретін мектеп-лицейдің тәрбиеленушісі, поляк қызы Самила Залевская 5-сыныпта оқыса да, қазақ тілін еркін меңгергені сөз саптауынан-ақ байқалды. 5-сыныптың тағы бір оқушысы Ақжар ауданының үмітін арқалап келген Евгений Зюзько бірінші кезеңде-ақ қазақ тілі мен әдебиетін сүйіп оқитындығын аңғартты. Жасы кіші болса да, жатқа оқыған ақын-жазушылардың өлеңдерін нақышына келтіріп айтып, көрермендердің ықыласын бірден өзіне аударды. “Болар бала ғылым іздейді” демекші, Евгенийдің өң бойынан алғырлық пен батылдық бірден сезілді. Сондықтан да болар байқау қорытындысы бойынша Евгений қатысушылар арасынан оза шауып, жүзден жүйрік атанды. Оған диплом мен бағалы сыйлық табысталды. Екінші орын екі үміткерге бұйырды. Бірі Ғ.Мүсірепов атындағы ауданның Целинный орта мектебінің 9-сынып оқушысы Василий Руднев болса, екіншісі – Тайынша ауданының Чермошнян орта мектебінің 10-сынып оқушысы, тәжік қызы Азиза Сохибова. Әсіресе, “Ұлтым орыс болса да, жүрегім қазақ деп соғады” деген Василий Руднев қазақ ақындарының өлеңдерін жатқа оқығанда, олардың мағынасына қаныққандығы көрініп-ақ тұрды. Үшінші орын 3 үміткердің еншісіне бұйырды. Олар – Аққайың ауданы №2 Смирнов орта мектебінің 11-сынып оқушысы Алина Шаньгина, Жамбыл ауданының үмітін арқалаған Мария Майснер және Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернаттың 10-сынып оқушысы Ольга Дәулетбекова. Өзге қатысушылар арасынан айыртаулық Борис Комбеец, Бескөл орта мектебінің оқушысы Виктория Малышкина, Мамлют ауданының №1 мектеп-гимназиясының оқушысы Анастасия Кузнецова және М.Жұмабаев атындағы Петропавл гуманитарлық колледжінің жанындағы жалпы білім беретін мектеп-лицейдің тәрбиеленушісі Самила Залевская аталымдар бойынша сыйлықтармен марапатталды.
СУРЕТТЕ: байқау жеңімпазы Е. Зюзько.
Суретті түсірген Амангелді БЕКМҰРАТОВ.