«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БІЗ НЕГЕ ОСЫНДАЙМЫЗ?

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Соңғы кезде жағамызды ұстайтын бір оқиғаны естісек те: “Заманына қарай – адамы” деп, сәуегейсіп, істеп отырған жұмысымызды жалғастыра беретін болдық. Сіздерге осы сөзді тағы бір рет қайталату үшін өзім көрген, естіген оқиғаларды баяндап бермекпін.

Арайлым СМАҒҰЛОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.

Жұмыстан кейін өзім үнемі автобус тосатын аялдамаға жақындап қалдым. Таныс тұлғаны жазбай таныдым. Кім екенін білмесем де, әйтеуір, оны осы аялдамада күнде кездестіремін. Оны алыстан көрген бетте-ақ: “Бүгін тағы сұрар ма екен?” деген ой да жылт ете түсті. Аялдаманың бір басына келіп тұрған менің түріме бажайлап қарады да, теріс бұрылып кетті. Ол да таныс түрді таныды. “Ол кім, не сұрап жүр?” деген сұрағыңыз тіліңіздің ұшында тұр ма? Оның кім екенін өзім де білмеймін, бірақ сұрайтыны – ақша. Есімін білмегендіктен “Ол” деп атасам, түсінерсіздер деп ойлаймын.
Сонымен, оны алғаш рет көргенімде әлгі аялдамада екі жігіттен елу теңге сұрап тұрған еді. “Жол жүру билетіне төлейтін ақшам болмай тұр. 50 теңге бересіздер ме?” деген орта жастағы, тәуір киінген ер адамға жігіттердің бірі 50 теңге ұсынды. Ол кезде мен расында да автобусқа төлер ақшасы жоқ шығар деп ойлағанмын. Артынан ол кісінің тағы біреулерден 25 теңге алып жатқанының да куәсі болдым. Бірақ оның ағылып жатқан автобустардың біріне мінгенін көрмеппін. Сонда ғана алғашқы ойымның қате екендігін түсіндім. Енді мені “Ол жұрттан не үшін ақша сұрап жүр?” деген ой қызықтырды. Аялдамада тұрып, сол кісіні аңдуды да әдетке айналдырдым. (Біреуді аңдуға шеберміз ғой). Күндердің бір күнінде менен де ақша сұрайтынына сенімді едім. Ақыры бір күні қасыма жақындап: “Қарындасым, 20 не 25 теңге бере аласың ба? Автобусқа мінуге ақшам жетпей тұр”, – деді. Қол сөмкемнен 25 теңге алып, ұсындым. Рақметін айтқан ол, ақырын жылжып аялдаманың сыртына барып тұрды. Сол күні мен мінетін автобус та кешікті. Осылай мен аялдаманың алдында, ол сыртында 20 минуттай тұрдық. Аялдаманың сыртында орналасқан арзан дәмханадан ішімдікті сіміріп алған ер адамдардың гүжілдескен дауыстары естіліп тұр. Бұл күнделікті жағдай болғандықтан, мән бермейміз. Мен мән бермесем де, оның шыдамы жетпеді-ау деймін, еппен басып, әлгі дәмханаға кіріп кетті. Сонда ғана жүз грамм алу үшін аялдамада тұрған кісілерден ақша жинайтынын түсіндім. Оның бұл айласын осы аялдамаға күнделікті келетіндердің бәрі біліп алған. Қазір алданбайды. Ақша бермейді. Ол қазір ақшаны бұл әдісін білмейтіндерден сұрап алуға тырысады. Өзі бір рет ақша сұрағандарға жоламайды. Мені көріп, теріс бұрылып кеткені де содан.
Осы оқиғаны бір досыма баяндасам, ол да мұндай жағдайды өз көзімен көргенін айтты. Тек ол оқиғадағы басты кейіпкер – әйел адам. Сонда мұндай кісілерді қандай топқа жатқызуға болады? “Маскүнем” десең, араққа құнығып кетпеген, қайыршы деуге түр-әлпеті, киімі тәп-тәуір. Әлде сұраншақтықтың асқынған түрі ме?! Бірақ адам баласының мінезін бүгешігесіне дейін кім талдап көрген?
Немқұрайдылық жақсы мінез емес-ау деймін. Мен адам жанын зерттейтін психолог емеспін, бірақ солай ғой деп топшылаймын. Осы мінез менде де, сізде де, бәрімізде де бар. Бұл сөзіммен келісесіз бе? Әрине, келіспейтініңіз белгілі. Себебі, әрқайсымыз гуманистпіз. Ал сіз көшеде тұрғылықты мекенжайы жоқ адам құлап жатса: “Ауырып қалған жоқсыз ба?” деп халін сұрадыңыз ба? “Қалай жауап берсем екен?” деп ойланып қалғаныңыз сөзсіз. “Әрине, сұраймын” десеңіз, өзіңізді алдағаныңыз, “сұрамаймын” деуге іштегі “гуманист” тырп еткізбейді. Біз бұл топтағы адамдар көшеде құлап, жан берейін деп жатса да: “Ішіп алып, мас болып жатқан шығар” деген оймен, айналып өтеміз. Бізге солай ойлаған оңтайлы. Ол түгілі жұрт қатарлы өмір сүріп жатқандарға да кейде көмек қолын созуға ықылас танытпаймыз.
Жуырда облыс орталығындағы білім ордаларының бірінде мұғалім болып істейтін танысым басынан өткен оқиғасын айтқанда, шынымды айтайын, алғашында күлкім келді. Бұл оқиға былтыр көктемде қар еріп, жер-көкті су алып кеткен кезде орын алған. Астана мен Абай көшелерінің қиылысында орналасқан “Океан” дүкеніне бармақ болып, жол кесіп өткен танысым көлкіген судан беті ашық тұрған кәріз құдығын аңғармай қалған. Суға толы құдыққа күмп етіп түсіп кеткен оған әрлі-берлі өтіп жатқан жүргіншілердің біреуі де қол ұшын созбаған. Әрлі-берлі тырбаңдап, әзер шыққан ол етегінен су ағып, үйіне қайтады. Енді осы оқиғаны көзіңізге елестетіңізші: құдыққа түсіп кетіп, одан шыға алмай жатқан адамның бейнесі алдымен арсыз күлкіні оятады. Бірақ артынан бұл оқиға менің де басымнан өтуі мүмкін ғой, деген ой сап ете түскенде, езудегі күлкінің табы да қалмайды. Бір күні өзіңіз осындай жағдайды бастан өткерсеңіз, “Заманына қарай – адамы” дегенді алғашқыдай сәуегейсіп емес, ренжіп айтатын боларсыз, бәлкім… 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp