«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БІР ТАБЫН МАЛ ҰРЛАҒАН барымташылар құрықталды

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның тәртіп сақшылары Шөптікөл ауылының бір табын малын ұрлады деген күдікпен Ақмола облысының үш тұрғынын құрықтады. 

Аудандық ішкі істер бөліміне Шөптікөл ауылының тұрғындары арызданып, белгісіз біреулер олардың 1 жылқысын, 30 сиырын және 28 қойын ұрлап кеткенін хабарлаған.
Бір табын малды бағып жүрген 55 жастағы малшының айтуынша, түнде ол малды ауылдан жеті шақырым жерде орналасқан жазғы қашаға қамап, өзі күзетшінің үйшігінде болған. Түн ортасында оған белгісіз төрт ер адам келген. Түнгі қонақтар өздерімен бірге ішімдік ала келеді. Отырыс барысында малшы сырттан шуды, көліктердің гүрілдеген дауысын естіген, бірақ әлгі ер адамдар оған далаға шығуға тыйым салған. Кейін түнгі қонақтар оны көлікке отырғызып, Ақмола облысының Есіл қаласына әкеліп, тастап кеткен. Малшы ауылына оралған соң, полицияға арызданған.
Аудандық ішкі істер бөлімінің тәртіп сақшылары жедел іздестіру шараларын өткізіп, бұл қылмысқа күдікті ретінде Ақмола облысының 32 және 27 жастағы үш тұрғынын құрықтады. Ұрланған малдың бір бөлігі табылып, иелеріне қайтарылды. Бір жылқы және отыз сиыр Шөптікөл ауылынан 60 шақырым жерде ағаш арасынан табылды.
Ұсталған барымташылардың үшеуі де қылмысты мойындап, өздерімен бірге тағы төрт адамның болғанын айтқан. Олар қылмыс жасалған түні мал тұрған жазғы қашаға екі жеңіл және “ГАЗель” көлігімен келген. Төртеуі малшының көңілін аулап жатқанда, қалғандары қойларды “ГАЗель” көлігіне артқан. Кейін біреуі малшының жылқысына салт мініп, сиырларды Ақмола облысына қарай айдап әкеткен. Ал қалғандары автокөліктерімен оның соңынан еріп отырған.
Қазіргі кезде полиция қызметкерлері 28 бас қойды және ұсталғандардың сыбайластарын іздестіру үстінде. Ал қолға түскен үш сезікті уақытша ұстау оқшаулағышына қамауға алынып, бұл факті бойынша қылмыстық іс қозғалды.
СҚО ІІД-нің баспасөз қызметі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp