«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КІСІ БАСЫП, ӨЛТІРІП, қашып кеткен жүргізуші ұсталды

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

СҚО ІІД жол полициясы басқармасының іздеу бөлімінің қызметкерлері жол-көлік оқиғасы орнынан қашып кеткен жүргізушіні анықтап, ұстады. Ол Петропавл қаласының қақ ортасында 18 жастағы жаяу жүргіншіні қағып кеткен. Көлік астына түскен жігіт оқиға орнында көз жұмған.  

Апат қазанның 13-інде түнгі үш шамасында Жамбыл және Чайковский көшелерінің қиылысында орын алды. Қыз баланы үйіне шығарып салып келе жатқан жігіт бағдаршамның жасыл түсіне қарап, көшені қиып өтпекші болғанында, оны автокөлік қағып кеткен. Бұл қайғылы оқиғаға куәгер болған такси жүргізушісі мен қыз бала көліктің шет елдікі екенін және түсі ақ болғанын айтты. Қатты жылдамдықпен өткен “темір тұлпардың” маркасын ешкім байқап үлгермеген.

Жол полициясының қызметкерлері қашып кеткен жүргізушіні іле іздеуге кірісті. Полицейлер оқиға орнынан алыс емес жерде орналасқан “Бегемот” дүкенінің бейнебақылау камерасы және оқиға орнында табылған көліктің бөлшегі арқылы оның Францияда жасалғанын анықтады. Жол сақшылары екі тәулік бойы қашқын жүргізушіні іздестірді.
СҚО ІІД ЖПБ іздеу бөлімінің аға инспекторы Юрий Никоновтың айтуынша, оқиға орнында табылған қосалқы бөлшегі арқылы көліктің маркасы “Рено” екендігі анықталды. Облысымызда мұндай 200-дей автокөлік тіркеуде тұр. Аталмыш көлік иелері арасында сұрастыру жұмыстарын жүргізу және көліктерді тексеру барысында жүргізуші анықталды. Ол Петропавл қаласының тұрғыны болып шықты. Көлігін тексеру барысында оның жол апатына түскені айқын аңғарылып тұрды.
39 жастағы жүргізуші ер адамды соғып кеткенін және оқиға орнынан қашып кеткенін бірден мойындады. Көлігін темір жол вокзалы ауданында орналасқан гаражында жасырыпты.
Күдікті Петропавл қалалық ІІБ-нің уақытша ұстау оқшаулағышына қамауға алынды. Бұл факті бойынша қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша қылмыстық істер қозғалып, тергеу жүргізілуде. Жүргізуші бес жылға бас бостандығынан айрылуы мүмкін. Сонымен қатар ол 3 жылға жүргізуші куәлігінен айрылатын болады.
СҚО ІІД-нің баспасөз қызметі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp