Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Қалалық Мәдениет үйінде өткен салтанатты жиынға төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері мен ардагерлері шақырылып, оларға мерекелік көңіл күй сыйланды. Жиынның басында құтқару қызметінің жұмысын бейнелеген шағын қойылымды тамашалаған жұртшылық, олардың міндетінің ауыр да қауіпті екендігіне тағы бір көз жеткізді. Төтенше жағдайлар департаменті өзіне жүктелген өрт сөндіру және судан құтқару қызметтерін, мемлекеттік өрт сөндіру мен өнеркәсіптік бақылау міндеттерін абыройлы атқаруда. Биылғы жылдың тоғыз айының ішінде бұл мемлекеттік мекеме 65 оқиға бойынша күрделі апатты-құтқару жұмыстарын жүргізіп, онда 45 адамның өмірін сақтап, 1220 адамға төнген төтенше қауіптің алдын алған. Қағылған дабыл бойынша ТЖ қызметкерлер тобы тәулігіне жеті рет “темір тұлпарларына” отырады екен. Осындай деректерді тілге тиек еткен облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының міндетін атқарушы Әсет Ысмағұлов: “Біздің міндетіміз – мемлекеттік биліктің беделін арттыру, аймақтық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, азаматтардың өмірін, жекеменшік мүліктерін сақтау. Осы бағытта бір-бірімізбен ынтымақта жұмыс істесек, қызметімізді абыройлы атқарамыз”, – дей келе, әріптестерін кәсіби мерекемен құттықтап, жиырма алты адамды салтанатты түрде марапаттады.
Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божконың бұйрығымен департаменттің екі қызметкері: төтенше жағдайлардың алдын алу бөлімінің бас маманы Любовь Ануфриева құтқару жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін және Петропавл қаласындағы №1 өрт сөндіру бөлімінің командирі, прапорщик Амангелді Сарбасов өрт оқиғасы кезінде 45 жастағы әйелдің өмірін сақтап қалғаны үшін ІІІ дәрежелі “Құтқарушы” төсбелгілерімен марапатталды. Сондай-ақ СҚО төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің Құрмет грамоталары және департамент бастығының Алғыс хаттары бірнеше үздік қызметкерге табыс етілді.
Амангелді Сарбасов жиыннан кейін журналистерге берген сұхбатында: “Бұл марапат осыдан бір ай бұрын облыс орталығындағы Чайковский көшесіндегі 13 үйде болған өрт оқиғасы кезінде әйелді жалынның ортасынан алып шыққанымыз үшін беріліп отыр. Топтың басшысы ретінде үлкен құрмет маған көрсетілгенімен, бұл барлығымыздың еңбегіміздің бағаланғандығы деп білемін”, – деді.
Салтанатты жиын жергілікті өнер ұжымының дайындаған концерттік бағдарламасымен түйінделді.