«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚЫЗЫЛЖАРДЫҢ ЖҮРЕГІНДЕЙ “ЕСІЛ” БҰЛ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыс орталығының Қазақстан Конституциясы мен М.Жұмабаев көшелері қиылысындағы “Есіл” мейрамханасын 29 жылдан бері жеке кәсіпкер Гүлжиян Әлімбаева басқарып келеді. Сәні мен салтанатын бұзбай, тұтынушыларға ойдағыдай қызмет көрсетіп келе жатқан өндіріс орнының басшысы Гүлжиян Бекенқызын сөзге тартқан едік.

– Гүлжиян Бекенқызы, өзіңіздей қазақ қызының Петропавлдың маңдайға ұстар кәсіпорнын басқаруы – сирек кездесетін жағдай. Мейрамхана басшылығына қалай келдіңіз?
– Облыс орталығында көпбалалы отбасында өстім. Еңбек жолымды 1967 жылы В.Куйбышев атындағы зауытта бақылаушы болып бастадым. 1977 жылы Жамбыл жеңіл және тамақ өнеркәсібі институтының Алматы филиалын инженер-технолог мамандығы бойынша бітіріп шықтым. Екі жыл “Восход” мейрамханасында инженер-технолог, Петропавл қалалық асханалар мен мейрамханалар тресінде бас инженер-технолог болып қызмет атқардым. 1983 жылы желтоқсан айында жаңадан салынып жатқан “Ишим” мейрамханасына директор қызметіне тағайындалдым. Келесі жылы тамыз айында 2,5 мың шаршы метр аумақты алып жатқан екі қабатты ғимаратты Қазақ КСР КП ОК-нің бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаев салтанатты жағдайда ашты.
Ғимараттың бірінші қабатында 40 орындық “Алые паруса” бары, киімілгіш, 70 орындық банкет залы, екінші қабатта 400 орындық мейрамхана, 12 орындық кіші зал, ас әзірлейтін блок орналасқан.
– Бұл нысанға қашаннан бері иелік етіп келесіз?
– Еліміз егемендік алып, нарықтық қатынастар орнай бастағанда облыстық және қалалық асханалар мен мейрамханалар тресі де жабылды. Соған орай “Ишим” де жекешелендіруге ілекті. Оған 1994 жылдан бері иелік етіп келемін. “Ишим” атауының “Есіл” болып өзгеруіне облыс әкімінің бұрынғы орынбасары, қазақы салт-дәстүрдің жанашыры Қуат Есімхановтың осыдан 10 жылдай бұрын: “Мейрамхананы Қызылжар өңірінің бейнесін айшықтайтын “Есіл” атауына ауыстыратын кез келді. Өйткені, облысымызға келген құтты қонақтардың дені осында дәм татады. Омбының өзі Есілкөл деп жатқанда, “Ишим” деуіміз ұлттығымызға сын”, – деген аталы сөзі себепкер болды.
– Еңбек ұжымы туралы да айта кетсеңіз.
– Мейрамханада 60 адам еңбек етеді. Бұрын да сол шамада болатын. Зейнеткерлікке кеткендерден басқа Ольга Щербакова, Елена Чептаева, Айнаш Бәкібаева, Татьяна Мискинадай бас аспаз, технолог сияқты білгір мамандарды сақтап қалдық. Заман ағымына орай кәсіпорынға қажетті өз ісінің білгірлерін тарттық. Мысалы, Азамат Қоспанов ұлттық тағамымыз – ет пісірудің шебері. Мейрамханада кондитерлік цех жұмыс істейді. Мархаба Нұрқанова басқаратын цехта нан-тоқаш өнімдері, үйлену және мерейтойларға арналған торттар, бәліш сияқты фирмалық тағамдар әзірленеді. Онда 5 адам еңбек етеді. Аспаздар саны – 10, даяшылар саны 8 адамды құрайды.
№1,№5 кәсіптік-техникалық лицейлердің аспаз, даяшы, бармен мамандықтарына оқып жатқан оқушылары бізде өндірістік тәжірибеден өтеді, өзін жақсы қырынан танытқандары тұрақты жұмысқа қалдырылады.
Біздің ұжым әрдайым шеберліктің, қалаған мамандығына шын ниетімен берілгендіктің үлгісін танытып жүр. Еліміз егемендік алған алғашқы жылдары Қызылжар өңіріне жұмыс сапарымен келетін Мемлекет пен Үкімет басшылары негізінен “Пестрое” көлі маңындағы “Қарғалы” аралындағы облыс әкімдігінің резиденциясына тоқтайтын. Оларға ас мәзірін әзірлеу, даяшылық қызмет көрсету біздің ұжымға тапсырылатын. Бұл өзіндік іс-тәжірибесі қалыптасқан мейрамхана қызметкерлеріне көрсетілген зор сенім болатын. Сондай сенімді ақтау үшін күні бүгінге дейін іздене жүріп, еңбек етіп келеміз.
– Сіздердің қызметтеріңіз мейрамханамен ғана шектеле ме? Қандай игілікті шараларға қатысып жүрсіздер?
– Қала, облыс, республика аумағында өткізілетін мәдени шаралардан шет қалып көрген емеспіз. Осыдан 20 жыл бұрын Алматыда өткен Дүниежүзі қазақтарының бірінші құрылтайында “Есіл” мейрамханасы тіккен киіз үй ұлттық салт-дәстүрге сай безендірілуі және шетелдік қонақтарға қызмет көрсетуі бойынша жүлделі екінші орынға ие болды. 2002 жылы республикалық “Ең үздік мейрамхана” сайысында да екінші нәтиже көрсеттік. Республика Тәуелсіздігінің 10 жылдығына орай Астана қаласында өткен Солтүстік Қазақ-стан облысы күндеріне ұжымымыз өзіндік дәрежеде үлес қосып, облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. М.Жұмабаев, С.Мұқанов және Ғ.Мүсірепов сынды саңлақтарымыздың мерейтойларына арналған салтанаттарға, Қарасай мен Ағынтай батырлардың кесенесінің ашылу рәсіміне де киіз үй тігіп, сыйлы қонақтарды лайықты қарсы алуға үлес қостық.
Әлі күнге дейін ел игілігі үшін атқарылып жатқан істерден шет қалғымыз келмейді. Бір ғана мысал ретінде, облыс орталығында мұсылман қауымы көптен күткен жаңа мешіт ғимараты пайдалануға берілген күні 600 адамға тегін дастарқан жайып, қазақы салт-дәстүрмен қонақ еткенімізді атап айтқым келеді.
Облыстық жетім және ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалардың мектеп-интернатындағы бір отбасыны қамқорлығымызға алғалы он жылдай болып қалды. Олар тұратын бөлмелердің жай-күйі, ондағы тәрбиеленушілерді мейрам сайын құттықтау, түлектерді соңғы қоңырау мен мектеп бітіру кешіне әзірлеу – бәрі біздің мойнымызда.
Мұсылман екенімізді танытып, ай сайын мешітке зекет беріп тұрамыз. Жыл сайын Қарттар күні өз ұжымымыздың 30-35 ардагеріне дастарқан жаямыз.
– Қазір облыс орталығында аты мен затына сай мейрамханалар мен дәмханалар өте көп. Бәсекелестікке төтеп беру оңай шаруа емес. Сұраныс жағы қалай?
– Біздің мейрамхана ғимаратының құрылысына кезінде оңайлықпен тозбайтын сапалы да таза материалдар қолданылған. Сыртқы, ішкі бейнесі де ерекше. Жобасы жан-жақты ойластырылып жасалған. Тұрған жері де дәл орталықта. Соның өзіне қарамастан, 5-6 жылда бір рет күрделі жөндеу жүргізіп тұрамыз. Ағымдағы жөндеу жыл сайын атқарылады. Бұл жұмыстармен құрылысшы мамандығы бар жұбайым Өзбек Сейпілұлы мен інім Бекет Рахимов айналысады. Мысалы, бірінші қабаттағы 70 орындық банкет залының ұлттық сипатта безендірілуіне Алматыдағы көркем-өнер академиясының мамандарын пайдаландық. Көңілдегідей болып шыққан сияқты.
Қандай да бір жабдық өткіземін дегендерге есігіміз әрқашан да ашық. Ас мәзіріміз клиенттердің тапсырысы бойынша әзірленеді. Мейрамханамыз сапалы қызмет көрсету үшін қолынан келгеннің бәрін жасайды. Залдарымыз сенбі, жексенбі күндері ойын-тойдан босамайды. Жай күндері де шара өткіземіз дегендерге барынша жеңілдік жасап бағамыз.
Биылғы Олимпиада чемпионы, жерлесіміз Александр Винокуровтың үйлену тойы, елге танымал тұлғалардың мерейтойлары біздің шаңырақта өткенін мақтан етеміз. Қазақстандық ғарышкерлер, жерлесіміз Александр Викторенко мен Талғат Мұсабаев та осында дәм татқан.
– Отбасыңыз туралы бірер сөз.
– Отағасым Өзбек Сейпілұлы екеуміз екі бала тәрбиелеп, өсірдік. Ұлымыз Сағындық М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-ді тамамдаған. Бір жарым жыл оқуын Англияда жалғастырып келді. Қазір Астанада “ҚазМұнайГаз” компаниясында еңбек етеді. Қызымыз Құралай Астанадағы Еуразия университетінің магистратурасын аяқтап, сондағы “Есіл” сауда үйіне қызметке орналасты. Жас кезде қызмет-қызмет деп жүріп, отбасын кеш құрдық. Әлі ата-әже атана қойған жоқпыз. Соған жетсек деген арман бар.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан
Нұрсайын ШӘРІП,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суреттерді түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp