Жуырда Алматыда Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының 20 жылдығы аясында “Этникалық қазақтардың репатриациясы Қазақстан мемлекеті көші-қон саясатының құрамдас бөлігі ретінде: жетістіктері, мәселелері мен оларды шешу жолдары” атты Халықаралық ғылыми-практикалық конференция болып өтті. Конференцияға ҚР Мәдениет және ақпарат, Білім және ғылым, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктерінен және ІІМ Көші-қон полициясы комитетінен өкілдер, ғалымдар мен ЖОО ұстаздары, мұрағат қызметкерлері шақырылды және 20 мемлекеттен қазақ мәдени орталықтарының басшылары қатысты.
Сәуле МӘЛІКОВА,
облыстық мұрағаттың директоры,
тарих ғылымының кандидаты.
Жиында Қазақстанның Тәуелсіздік жылдарындағы көші-қон үдерісінің нәтижесі, қоныс аударушы қандастарымыздың тәуелсіз Қазақстан қоғамына бейімделуі, қазіргі қазақ диаспорасының көші-қон әлеуеті және шетелдегі отандастарымызбен мәдени байланыс тәжірибесі талқыланды.
Шетелде тұратын қазақтар саны 1990 жылдары былай болған: Қытайда – 1300 мың, Моңғолияда – 120 мың (қазір жергілікті өсім көбейді), Ауғанстанда – 40 мың, Түркияда – 25 мың, Иранда – 15 мың, АҚШ-та – 10 мың, ФРГ-да – 7 мың, Канадада – 5 мың, Францияда – 4 мың, Пәкістанда – 3 мың, Англияда – 0,8 мың, Швецияда – 1 мың, Австралияда – 0,9 мың, БАӘ-да – 0,8 мың, Австрияда – 0,6 мың, Аргентинада – 0,4 мың, Үндістанда – 0,3 мың, Сенегалда 1 қазақ отбасы тұрған.
Тағдырдың тәлкегімен дүниенің төрт бұрышына тарыдай шашылған қандастарымыздың атамекенге ат басын бұрғанына биыл жиырма жыл толып отыр. Ұлы көш 1991 жылы басталды. 1993 жылы сырттан келген қандастарымызды қолдау мақсатында квота бөлінді. Квота бойынша 2005-2008 жылдары 15 мың отбасы атамекенге оралды. Елімізге 1991-2012 жылдары бір миллионға жуық қазақ келді. Ұлы көш жөнінде Дүниежүзі қазақтары IV Құрылтайында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: “Дұшпанды күйіндірген, досты сүйіндірген құтты көш болды”, – деді.
Қандастарымыз алдымен еліміздегі қазақтың санын көбейтті. Егемендік жариялаған кезде республикамыздағы қазақтардың үлесі 40 пайызға жетпейтін болса, бүгінде 65 пайыздан асып отыр. Қазақстан экономикасының дамуына өз үлесін қосып жүрген ағайындар мыңдап саналады. Өнерге, ғылымға, әдебиетке тың күш келіп қосылды. Оралмандар қазақтың бай салт-дәстүрін, тілін, дінін, әдет-ғұрпын сақтап әкелгендер, сонымен қатар еліміздің ұлттық өнеріне де өздерінің зор үлестерін қосты.
Конференцияны ашқан Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Талғат Мамашев “20 жылда үлкен тәжірибе жинақталған, кемшін тұстар да болды, қиыншылықтар да бастан өтті, жетістіктеріміз де баршылық”, – деді.
Осы жолдардың авторы да жиынға қатысып, біздің өңірдегі репатриациялық үдерістің барысы жөнінде баяндады. Солтүстік Қазақстан облыстық мұрағатында өңірімізге көшіп келгендердің құжаттары №998 Солтүстік Қазақстан облысы бойынша облыстық көші-қон және демография жөніндегі басқарманың қорында шоғырланып, облыстағы халықтың көші-қон жүздеген істерде сақталуда. 1991-2011 жыл аралығында Солтүстік Қазақстан облысына 6669 оралмандар отбасы (34265 адам) келіп тіркелді. Бұл – облыс тұрғындарының жалпы санының 5,8 пайызы. Облыс аумағына келгендерден іс жүзінде 2816 оралмандар отбасы тұрады (11846 адам) немесе иммиграция квотасы бойынша келгендердің жалпы санының 42,2 %-ын құрайды.
Қызылжар ауданында 2009 жылдан бастап “Нұрлы көш” бағдарламасы аясында Бәйтерек ауылы бой көтеріп, 160 үйдің қабырғасы қаланып, 152 отбасы қоныстойын тойлады. 2010-2011 жылдары облыстың Есіл ауданына ғана 220 отбасы (1100 адам) келді. Ауданда отандастарымыз тұрғын үймен толық қамтамасыз етіліп, ауыл шаруашылығымен айналысуға жер үлестері бөлінген.
Тарихи Отанына оралған отандастарымыз өздерінің ұлттық болмысын сақтап, дәстүрлі тұрмыс-салты мен қолөнер кәсіптерін де айтарлықтай дамытып, жалғастырып отыр. Сондай отандас-тарымыздың бірі – атамекенге Моңғолиядан оралған ардагер ұстаз Дәуей Шатырбайұлы. Ол өзі жасаған бұйымдарды Астанада, Петропавлда, Тайынша ауданының орталығында мерекелік шаралар барысында өтіп жатқан көрмелерге шығарып, ұлттық қолданбалы өнерді насихаттап жүр.
Биыл оралмандардың тарихи Отанына оралу қарқынының бәсеңдеуі байқалуда. 2009 жылы иммиграция квотасы бойынша оралмандардың 154 отбасы, 2010 жылы квота бойынша 84 отбасы, 2012 жылдың басынан бастап 28 отбасы (71 адам) келді, яғни этникалық қазақтардың атажұртқа оралу қарқыны төмендеуде. Бұған биыл оралмандарды біздің облысқа иммиграциялау квотасының бекітілмеуі, пәтер алу мүмкіндігінің қиындығы, жұмысқа орналасу мәселесі, солтүстік өңірдің қатал климаттық жағдайы себеп.
Биыл оралман мәртебесін алған 35 отбасының 24-і (74 адам) – Өзбекстаннан, 9-ы (19 адам) – Ресейден, 1-еуі (1 адам) – Қытайдан, 1-еуі (1 адам) – Моңғолиядан. Оралмандардың көп қоныстанған жерлері – Қызылжар ауданы және Петропавл қаласы.
Солтүстік Қазақстан облысының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының мәліметтеріне қарағанда, 2012 жылы келген оралмандардың ішінде еңбекке қабілетті жастағыларының саны – 46. Жұмысқа орналасу мәселесі бойынша өкілетті органдарға 2 адам жүгінген, олар жұмысқа тұрды. 5 адам өздері жұмыс тапты, 1 адам маусымдық уақытша жұмысқа орналасты. Еңбекке қабілетті жастағы қалған 38 адам жұмыспен қамту бойынша көмек сұрап, өкілетті органға өтініш білдірген жоқ.