Арайлым СМАҒҰЛОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Жұма күні облысымызға тұрғындар арасында діни сауаттылықты арттыру үшін жұмыс сапарымен келген республикалық ақпараттық-насихат тобы жергілікті ассамблея өкілдерімен кездесті. Дін істері жөніндегі агенттіктің басқарма бастығы Балтабай Мекежанов, Павлодар облысындағы “Мәшһүр Жүсіп” және Ақмола облысының “Науан Хазірет” мешіттерінің наиб имамдары Қанат Алшынбаев пен Батырбек Убаев облыс орталығындағы бірқатар әлеуметтік ұйымдарда, аудандарда болып, жұртшылықпен кездесті. Әсіресе, жастармен көбірек жүздесіп, ашық әңгіме жүргізген имамдар өңіріміздегі діни ахуалдың тұрақты екендігін айтты.
– Облыс орталығымен қатар бірқатар аудандарда болып, жұртшылықтың діни уағызды ықылас қоя тыңдағанының куәсі болдық. Оларды дәстүрлі дін мен теріс ағымдардың ара-жігін қалай ажыратуға болады деген сұрақтар толғандырды. Біз Солтүстік Қазақстан облысында теріс ағымдардың кең тарала қоймағандығын аңғардық, – дейді “Науан Хазірет” мешітінің наиб имамы Батырбек Убаев.
“Дөңгелек үстел” үлгісінде өткен кездесуде ассамблея өкілдері өздерінің оқу орындарында өткізген кездесулерінде жастардың теріс ағымдардың өкілдері тарапынан жиі шақырту алатындығын айтқандарын жеткізді. Оң мен солын жете танымайтын жас буынды қармағына түсіру арқылы қоғамдық көзқарасты өзгертуге тырысқан теріс ағымдардың бұл амалы түсінікті де. Осы орайда өздерінің тыңдармандары ретінде жастар аудиториясын таңдағандықтарын айтқан ақпараттық насихат тобы алдын алу жұмыстары отбасынан басталу керек деген ойларын жеткізді.