Тоқтар ЗІКІРИН,
“Солтүстік Қазақстан”.
Тұтынушылардың “Қызылжар су” ЖШС-нің алдындағы берешегінің жалпы сомасы 8,5 миллион теңгеден асып кетті. Ондағы тұрғындардың үлесі 5,2 миллион теңгені құраса, заңды тұлғалардың қарызы 3,3 миллион теңге болды. Осы дебиторлық қарызды азайту үшін кәсіпорында арнайы бағдарлама жасалып, іске кірісті.
Кәсіпорын барлығы 66 мыңға жуық қала тұтынушыларын сумен қамтамасыз етеді, олардың 964-і қызметке ақы төлеу мерзімін екі айдан асырып, қыруар қарызға батып отыр. Ал заңды тұлғалар ішінде ең берешегі көбі – “Петропавл қаласының халықаралық әуежайы” АҚ-ы 1,2 миллион теңге қарыз.
– Қарызгерлеріміздің көпшілігі көпқабатты жайлы тұрғын үйлердің тұрғындары, ал жекеменшік сектордағы тұрғындар тарапынан төлем жөнінде проблема жоқ десе болады, – дейді серіктестік бас директорының орынбасары Арман Сауытов. Оның айтуынша, бүгінде қарызгерлермен күрестің ең тиімді әдісі, оларға сотқа дейінгі шағымталабын тапсыру болып табылады. Оны алысымен абонент жеті жұмыс күнінің ішінде берешегін төлей алады. Өтем жасалмаған жағдайда талап сотқа жолданады. Іс тәжірибесі көрсетіп отырғандай, 70 пайыздан астам жағдайда бұл шара қарызды жабу үшін жеткілікті болып саналады.
Үстіміздегі жылы кәсіпорын сотқа 732 шағым түсірді, оның 624-і қанағаттандырылды, ал 132-і бойынша 2,1 миллион теңге өндіріп алынды.
Бүгінде “Қызылжар су” ЖШС-іне бірнеше маманданды-рылған қабылдау қосындарында төлем жасауға болады, олар қаланың ірі сауда орталықтарында, “Қызылжар” базарында, Жұмысшы кентінде және М.Жұмабаев пен К.Сүтішев көшелерінің қиылысындағы есептесу-кассалық орталығында орналасқан. Сондай-ақ “Севертелеком” және “Лездік төлемдер бірлестігі” ЖШС-лерімен су төлемдерін олардың терминалдары арқылы жүргізуге шарт жасалды.
Арман Сауытовтың мәлімдеуінше, қазір қарызгерлердің жалпы тізімін жасау жөнінде қала әкімдігі мен коммуналдық қызмет көрсетушілердің бірлескен жұмысы жүргізілуде.