Солтүстікқазақстандықтардың облыстық коммуналдық кәсіпорындарға қарызы 202,5 млн. теңгені құрап отырғандығын, оны жаңа жылға дейін барынша азайту мәселесіне орай өңір басшысы Серік Біләлов арнайы селекторлық кеңес өткізіп, аудан әкімдері мен тиісті ұйымдардың басшыларына нақты тапсырмалар бергендігін бұған дейін хабарлағанбыз.
Нұрсайын ШӘРІП,
“Солтүстік Қазақстан”.
Энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының бастығы Антон Федяевтің айтуына қарағанда, қалалық тұтынушыларға бір айда 2 млрд. теңгедей төлемақы төлеу ұсынылады, бұл соманың 10 пайыздайын төлеу мерзімі екі айдан асқан қарыз құрайды.
Ең көп дебиторлық қарыздары бар кәсіпорындар – “Севказэнергосбыт”, “Қызылжар су” мен “Горгаз-Сервис” ЖШС-лері. Үстіміздегі жылы бұл кәсіпорындар сот органдарына 2,5 мың талап түсірген. Соның нәтижесінде жалпы сомасы 122 млн. теңгенің 2 мыңнан астам талабы қанағаттандырылған. Сот орындаушылары арқылы 900-дей ұйғарым жүзеге асырылып, сомасы 70 млн. теңгенің қарызы қайтарылған.
Антон Федяевтің түсіндіруінше, әрбір коммуналдық кәсіпорын қарызды азайту бойынша екі негізгі бағытты қамтитын өз бағдарламасын әзірлейді. Оның біріншісі – адал ниетті тұтынушылармен (онда коммуналдық қызметке ақы төлеуге жағдай жасауды қамтамасыз етуге, қосымша төлемақы төлеу нүктелерін ашуға, тұрғын үй көмегін көрсетуге баса назар аударылады), екіншісі – төлемақыдан қасақана жалтарушылармен жұмыс жүргізу.
Көп қарызы бар адамдармен алғашында түсіндіру жұмыстары жүргізіледі, сол арқылы тұтынушы өзінің “борышкер” мәртебесін иеленгенін естіп-біледі. Содан кейін ғана коммуналдық қызмет көрсетуші одан төлемақыны сот арқылы өндіріп алуды талап ете алады.
– Қазір Табиғи монополияларды реттеу жөніндегі агенттік мемлекеттік органдардың басшыларынан коммуналдық қарызды азайту жөнінде нормативтік-құқықтық құжаттар әзірлеу үшін алдағы уақытта қандай әдістерді қолдану тиімді болатындығы жөнінде ұсыныстарын жіберуін сұрап жатыр. Бұл құжатқа борышкерлердің тұрғын үймен әртүрлі мәміле жасауларына белгілі деңгейде шектеу қою сияқты тармақтар енгізілуі мүмкін, – дейді Антон Федяев.