Тоқтар ЗІКІРИН,
“Солтүстік Қазақстан”.
– Біздегі қарызгерлер түгелге жуық жеке тұлғалар десе болады. Қала бойынша газ беру қызметін тұтынатын 53 мыңнан астам абонентіміз бар. Тұтынушылардан көрсетілген қызмет үшін төлем жинау мақсатында қаладағы екінші деңгейлі 12 банк филиалымен шарт жасалған, олардың барлығы біздің есептеме шоттарымыз бойынша тұтынылған газға төлем қабылдайды. Сол сияқты осындай шарт бойынша екі ірі сауда компаниясының терминалдарында да төлем жинау нүктелерін ұстаймыз. Кәсіпорында жұмыс істейтіндерінің бәрін қосқанда, қала бойынша барлығы 548 нүктеде төлем жасауға болады.
Бір сөзбен айтқанда, төлемін уақтылы жүргізетіндерге еш кедергі жоқ. Ал төлегісі келмейтіндерге тек сот арқылы ғана ықпал етуден басқа шара табылмай отыр. Алайда, ірі көлемдегі қарызгерлерден берешекті өндіріп алу үшін олардың дүние-мүліктеріне қамақ салудың тетігі дұрыс қарастырылмаған. Сондықтан облыстық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы мұндай сөз өтпейтін қарыз иелеріне олардың барлық жинақталған коммуналдық қарыздарына бірегей мүліктік жауапкершілік жүктеу жолын қарастыруда. Ол дұрыс болған болар еді, өйткені көлемді қарызға батып отырғандардың дені – тұрмыс жағдайы көтеретін тұрғындар. Ал зейнеткерлерге, әлеуметтік орта топтағыларға, тіпті, тұрмыс деңгейі төмен отбасыларына да төлем жағынан кінә артуға болмайды. Көбісі есептеме шотында көрсетілген төлемдерін дер кезінде төлеп отырады, – дейді серіктестік бастығы Юрий Шишкин.
Алмақтың да салмағы барын сезінбей, ұзақ жылдар бойы газ төлемінен жалтарып жүргендердің қарыз тізімін берешегі 184 809 теңгеге жеткен Галина Коцарь бастап тұр. Одан кейінгі “жүлделі” орындарды 143 128 теңгелік берешекпен Зәуреш Аюпова және 126 246 теңге қарызы бар Руслан Самульев еншілеген. Сол сияқты Болат Айтымбетов, Мәдина Күлетаева, Владимир Юр және Әсемкүл Торжановалардың 100 мың теңгенің үстінде берешектері бар. Сот орындаушыларына есіктерін ашпай, төлем төлеуден бас тартып жүрген азаматтар қатарында 80-90 мың теңгеден берешектері бар Ольга Ершова, Ирина Спирина, Азат Мұқанов, Евгений Мальцов, Евгений Медник, Жан Садуақасов және Валентина Медведева есімдерін де атауға болады.
“Горгаз-Сервис” ЖШС-і сөз өтпейтін қарызгерлерге соттан басқа қандай амал қолданарын білмей, дағдарып отыр.